Әлемге танымал кино түсіретін алпауыт компаниялардың бірі – америкалық Netflix. Онлайн кинотеатрдың өнімдері қазір әлемнің 20-дан астам тіліне аударылады. Мұны неге айтып отырмыз?
Netflix: енді қазақтар ойнайды
148
оқылды

Себебі осындай әйгілі компаниялардың назары бүгінде қазақстандық актерлерге де түсіп отыр. Атап айтқанда, былтыр қазақ киносы үшін табысты әрі тың жаңалыққа толы жыл болды. Қазақтың екі бірдей қызы Алтынай Нөгер­бек пен Дина Тасболатова және актер-каскадер Олжас Тоғымбет Netflix-тің шақыртуына ие болды. Одан бөлек, биыл Netflix-тегі танымал жобалардың авторлары елімізде Алтын Орданың негізін қалаушы Жошы хан туралы сериал түсірмек. Бұл қазақ киносының әлемдік кинонарықта өзінің орнын айшықтай бастағанын көрсетеді.

«Жошы хан» – әлем назарын аударатын ауқымды жоба

Бүгінгі қазақ киносының ауқымы ке­ңейіп, көрермен аудиториясы жыл сайын артып келеді. Одан бөлек, отандық актерлерге беделді, танымал кинокомпаниялар түсіретін фильмге ұсыныс та жиі түсіп жатыр. Бұған дейін шетелдің бірқатар фильмдерінде кейіпкерлерді сомдаған актерлер енді Netflix-ке шықты. Тіпті, бұл компания Жошы хан туралы сериал түсіретінін мә­лімдеген болатын. Атаулы жоба Dara Пре­зиденттік бастамалар қоры мен Karga Seven Pictures компаниясының бірлесуімен жүзеге асырылады. Қазақ даласында іргесі қаланғанына 800 жыл толып отырған Жошы ұлысының тарихи кезеңіне, Жошы ханның тарихи образына негізделген фильм әлемге қазақтың ұлан-ғайыр даласын танытуда айрақша рөл атқарады. 

«Жобаның мақсаты – Қазақстанның ше­жіресінде із қалдырған көшпелілердің жер үшін күрестегі өмірін, дипломатиялық қарым-қатынасын, мәдени мұрасын көрсету. Жошы ханның өміріне арналған фильм алты сериядан тұрады. Сериал бұл дәуірді шынайы және әсерлі түрде жеткізеді. Сце­нарийге қазақстандық тарихшылар мен халықаралық сарапшылар кеңес береді. Жоба тек шайқас көріністері мен сарай интригаларын көрсетіп қана қоймай, ұлы хандар тұсында өмірі қалыптасқан қарапайым адамдардың тағдырын ашуға ұмтылады, сонымен қатар Алтын Орданы байлық пен күштің орталығы ретінде ғана емес, халықтар мен мәдениеттерді біріктірген өрке­ниет ретінде көрсетеді. Алтын Орда тарихы ­ха­лық­­аралық аудитория мен дистрибью­тор­лар тарапынан үлкен қызығушылық туғы­зуда. Жаңа телехикая әлемнің түк­­пір-түк­пі­рінен көрерменнің назарын ауда­ратын ауқымды жоба болады деп күтілу­де, – дейді Dara Пре­зиденттік баста­малар қорының баспасөз қызметі.

Қор мәліметінше, телехикаяны әзір­леушілер Жошы Ұлысын, Алтын Орда та­рихын, көшпелі халықтардың және қазақ­тардың мәдени құндылықтары мен өмір салтын толық зерттеді. Жошы ханның тұлғасы, оның тарихи образы суреттелетін сериал ұлттық киноның тарихи жанрын тағы бір жаңа деңгейге көтермек. Мұндай жобалар қазақ мәдениетін, оның өткені мен қазіргісін жан-жақты көрсетуге әбден септігін тигізуі мүмкін. 

Netflix-тегі тұңғыш қазақ қызы

Бұған дейін отандық кино талай бе­лестерді бағындырып, жеңіс қоржынын толтырып келген еді. Оған бірқатар ха­лықаралық кинофестивальдерде жүлделі орынға ие болып, үздік киноның қатарынан көрінген режиссерлік жұмыстар дәлел. Алайда Netflix-ке шақырылған, дүниежүзіне танымал кинокомпаниялардың жобасына қатысқан отандық актерлер жайлы көп ести бермейтінбіз. Бүгінде қазақ кино на­рығының ауқымы кеңейіп, кино актерлер отандық киномен ғана шектеліп қалмайтын дәрежеге жетті. Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртісі, танымал актриса Алтынай Нөгербек Netflix-ке шақырылған тұңғыш қазақ қызы атанып, белгілі фильмдердің авторы, испандық режиссер Мигель Анхель Вивастың «Перемирие» La Tregua жоба аясында түсірілетін кинода қазақ әйелінің рөлін сомдайды. Аталған фильм испан халқының тарихи тағдыры мен тұрмысын көрсетеді және қазақ халқы арасындағы достық, жанашырлық сезімі ерекше баян­далады. Кино жобасы осыдан 5 жыл бұрын басталғанымен, түсірілім жұ­мыстары енді жүзеге асып жатыр. Ис­па­нияның Бильбао қаласына аттанған актриса Алтынай Нөгербекке хабар­лас­қанымызда, қазір түсірілімнің қызу жүріп жатқанын, өзінің кинодағы образы ту­ралы айтып берді.

– Бізде «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген әдемі тәмсіл бар ғой. Дәл осы жоба мен үшін сөзсіз бақ болды. Негізі, бұл жоба 2019 жыл басталған, бірақ сәті енді келген екен. Алғашқы кастинг, әдеттегідей бірнеше кезеңнен өткен, сол кастингтен өткенім туралы хабар келген. Сол кездегі қуанғаным бір бөлек. Бірақ арада біраз уақыт өтіп, байланыс болмай тағы жауап күтіп қалдым. Байқасам, кастинг екінші рет тағы жария­ланыпты. Ол кезде театрдағы әріптесім көмектесіп, менің кастингке жолдайтын видеомды түсіріп берген. Бұл кездегі кас­тингтен де өтіппін. Екінші кезеңі онлайн форматта өтті. Нәтижесінде, міне шақырту алып, қуанып отырмын, – дейді актриса.

Түсірілім жұмысы 2,5 айға жоспарланған. Фильмнің ерекшелігі – жобаның қазақ­стандық және испандық кинемато­графтар­­­­­дың бірігуінен жасалуы. Алтынай Нө­гербектің айтуынша, фильм сюжеті Карлагта қалған адамдардың тағдырын, олардың тұрмыстық жағдайын көрсетеді, сондай-ақ адамның қадір-қасиетін сақтау жо­лындағы күресі туралы баяндалады. 

– Айтпақшы, бұл фильм Plano a Plano компаниясы мен отандық UMAIFILM бірлескен жобасы аясында түсіріліп жатыр. Кинодағы есімім – Анар, лагерь маңында тұратын ауылдың тұрғыны. Туысқандарға жанашырлық танытып, көмек көрсетуге тырысып жүретін әйел бейнесі. Қазір түсірілім жүріп жатыр. Алаңдағы ахуал дәл Қазақстандағыдай. Мұндағы ерекшелік – артық жұмыстың істелмеуі. Яғни, кино түсіруді жұмыс деп емес, ләззат алудың бір жолы деп қабылдайды екен. Байқағаным осы. 

Актердің барлығы кәсібилігін, қабілетін барынша көрсетіп жатыр. Бұл жобаға талантты, танымал, кәсіби біліктілігі жоғары испан актерлері жұмыла кірісіп жатыр. Сондай-ақ операторлық құрам әйгілі «Снежное братство» фильмі үшін «Оскар» сыйлығын алған. Естуімше, осы операторлық құрамның режиссермен алғашқы жұмысы екен. Сондықтан әр тарап та үлкен қызығушылығын көрсетуде. Бұл – испандар үшін тарихи әрі қымбат кино. Өйткені испандықтардың тағдырын баян ететін үлкен туынды болмақ. Бастан кешкен ауыр кезеңде қазақтар қол ұшын берді. Ол кезде қазақ халқы барлығына құшағын кеңінен жайды ғой. Мигель Анхель Вивас бір әңгімесінде маған: «Анар Рейес үшін Отан» деп еді. Анар – Отан-ана, Жер-ана, туған жердің бейнесі, осындай жиынтық бейне. Кино барысында менің сахналарым көп емес. Әйтсе де, мен шығатын әр сахна өте маңызды. Сондықтан өзіме жүктелген образды режиссер ойлағандай экранда көрсетуге тырысамын, – деді А.Нөгербек. 

Netflix түсіретін әйгілі жобада қазақтың үш актері өнер көрсетеді. Бірі ресейлік кинода да бірқатар рөлді сомдаған Дина Тасболатова – қазақ әйелінің адалдығын ту еткен әйелдің бейнесі, Айсұлу есімді кейіпкердің образын алып шықпақ. Ал Испаниядағы қазақ жігіті Фараби Аққо­зовтың Ораз бейнесі – сол кездегі қазақ интеллегенциясы. Айта кету керек, тү­сірілім тобының арасында М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актері Сергей Уфимцев те бар.

Қазақ киносы – қазақ тарихы. Ертеңгі күнге бүгіннен естелік. Мұндай естелікті түсіруді қолға алған Netflix-тің жобалары да қазақ мәдениетінің, тарихының сақ­талуына үлкен үлес қосып, қазақ киносының әлемге танылуына зор мүмкіндік ашады. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ