Жақында мемлекеттік экологтар Қарағанды қаласында оксидтің, азот диоксидінің, күкіртті ангидридтің, күкіртті сутектің және күйенің шекті рұқсат етілген концентрациясы артқанын анықтады. Сала мамандары Оңтүстік-шығыс, Майқұдық, Пришахтинск шағынаудандарында сараптама жүргізді.
Экологтар мен Қазгидромет мамандары шамадан тыс көбеюі қолайсыз метеорологиялық жағдайлармен, атап айтқанда, толық тыныштық пен температураның инверсиясымен байланысты деген қорытындыға келді.
«Бұл табиғи құбылыс, онда биіктік өскен сайын ауа температурасы көтеріледі, нәтижесінде жоғарыдан келетін суық ауа массаларының қысымынан жылы ауа көтеріле алмайды. Сонымен бірге жылжымалы көздерден, пеш жылытудан және өнеркәсіптік кәсіпорындардан шығарындылар жоғары көтерілмейді, бірақ жердің бойымен таралады, нәтижесінде интенсивті дисперсия және сұйылту болмайды, бұл түтіннің пайда болуына себеп болады», – дейді Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Айман Құлатаева.
Қала тұрғындары болса көк түтінге қашанғы тұншыға береміз деп отыр.
Өлшеу жұмыстары қалалардың ірі кәсіпорындарының санитарлық-қорғау аймағының шекарасында, сондай-ақ орталық бөлігінде және тұрғын үй аумақтарында жүргізілгенін атап өткен жөн. Аспалы бөлшектер, күйе, азот оксиді және диоксиді, күкірт диоксиді және күкіртті сутегі үшін көрсеткіштер алынды.
Кешкі уақытта жүргізілген экологиялық мониторинг кезінде ауадағы зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының асып кетуі тіркелді. Әсіресе, Майқұдық пен Пришахтинск қалаларының жеке сектордағы аудандарда ауаның ластанғаны тіркелді.
Сондай-ақ Экология департаментінің мамандары Саран қаласында атмосфералық ауаны аспаптық өлшеу жұмыстарын бірінші ықшамауданда, Саран көшесінің бойында және автовокзалда жүргізді. Күкірт диоксиді, суспензия және күйе бойынша 1,1-4,4 ШЖК-ден асуы тіркелді. Бұл аудандарда ірі өнеркәсіп орындарының жоқтығы атап өтілді.
Экологтардың мәліметінше, түтіннің пайда болуына қолайсыз метеорологиялық жағдайлар әсер етті. Сондай-ақ түтіннің пайда болуына жеке сектордың ұзақ уақыт бойы жанатын жылыту қазандықтары, сапасыз отын, автокөліктерді пайдалану және өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындылары себеп екен-мыс.
Дегенмен Қарағанды мен Теміртау қалалары толық газбен қамтылғанда ғана түтіннен арыламыз деген үміт бар екендігін жасырмайды тұрғындар.
Алайда қала ішіндегі бірнеше шағынаудандарға газ тартылғанымен, мәселе толық шешімін таппаған сынды.
Өйткені қазір құны 1 миллион теңгеден 3 миллион теңгеге дейінгі газ жабдығын сатып алуды көптің қалтасы көтермейді.
Тұрғындардың көптеген шағымына қарамастан экологтар тұрғын ауданда артық деңгей табылмағанын алға тартады. Соңғы тексеруден бері тек аспан қараңғы болғандықтан, түтін көрінбейді.
«Көк түтінге тұншыққан қала. Тынысыңды кең алмақ түгіл, басыңды мұржаға тығып демалғандай боласың. Эколог мамандар ауаның ластанғанын «незначительный», шу көтеретіндей емес депті. Әлеуметтік желінің түндігін желпілдеткен мәселе болса да, әсер етер түрі жоқ. Базардың жанында көзімізді бақырайтып қойып, будақ-будақ қошқыл қою түтінімен улап жатқан кәсіпорындар да бар. Шина жағып шулатты ғой осыдан екі-үш күн бұрын», –дейді қарағандылық Ерзат Ермағамбет.
Ал Теміртау қаласындағы өлшеу нәтижелері бойынша «Қармет» АҚ санитарлық қорғаудың солтүстік шекарасында күкірт диоксидінің 2,1 ШДК және қалқымалы заттардың 1,9 ШДК артық мөлшері анықталды.
Теміртаудың экологиялық мәселесі оңбай тұр. Еліміздегі ең ірі металлургиялық комбинат құрыш қаланы көк түтінге көміп тастаған. Қолқаны қабар жағымсыз иіс пен «қара қар» осының айғағы. Бұл мәселе бұған дейін де талай мәрте жазылып, биік мінберлерден айтылған болатын.
Қарағанды – серіктес қалалар мен Теміртауды жыл сайын көк түтін басып, қолқа қабатыны бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Әлі де бірнеше жылға созылатынына «сенім» бар. Өйткені газдандыру жұмыстары әлі аяқталған жоқ.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы