Қоқыс кәдеге жарамай тұр
Қоқыс кәдеге жарамай тұр
1,374
оқылды
Бізде қоқысты қайта өңдеп, кәдеге жарату мәселесі жүйелі жолға қойылмаған. Соның салдарынан елімізде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісі алға баспай тұр. Бүгінгі таңда орта есеппен 4,7 миллион тонна қалдық шығарылса, еліміздегі 200-ден астам кәсіпорын оның тек 14,9 пайызын ғана сұрыптап, қайта өңдеуге қауқарлы. Ал 2030 жылға қарай «жасыл экономикаға» бет бұрған Қазақстан бұл көрсеткішті 40 пайызға жеткізуді мақсат етіп отырғанын ескерсек, мұндай қарқынмен 10 жыл ішінде діттеген мақсатымызға жетуіміз екіталай секілді.  

Қалдықты сұрыптау мәдениеті қалыптасқан жоқ

Әлемнің дамыған елдерінде қоқыс қалдықтарын сұрыптау және оны қайта өңдеу белгілі бір жүйеге келтірілген. Шетелдіктер оған құнды шикізат ретінде қарайды. Баламалы әрі арзан энергия көзін өндіріп қана қоймай, қоршаған орталарын күл-қоқыстан тазартып жатыр. Германияда әрбір аулада төрт кон­тей­нер – қоңыр, көк, сары, сұр түстісі тұрады. Біріншіге биологиялық қалдықтар, екі­н­шіге қағаз, ал арнаулы белгісі бар үшіншіге тез өңделетін қалдықтар тасталады. Ең соңғысына алдыңғы үшеуіне де жатпайтын барлық қалдықтар салынады. Осы соңғы сұр контейнердегі қалдықтар қоқыстарды өртейтін пештерге отын ретінде пайда­ла­нылады. Батарейкалар, жиһаз, ескі көлік, пайдаланылған иіссу құтылары арнаулы орындарда қабылданады. Шыны ыдыстар дүкендерге қайтарылады. Қоқыстарды арнайы контейнерге сұрыптап салу Еуро­падағы дамыған елдердің көпшілігінде әлдеқашан қалыптасып үлгерген дәстүр. Ал бізде қоқысты қарапайым бөліп тас­тау мәдениеті әлі күнге дейін қалыптас­паған. Қала халқы үшін қоқыс керексіз зат. Оның шикізат ретіндегі құндылығын ойлап жатқан ешкім жоқ. Ауладағы сары, жасыл контейнерде тұрғындардың енжар­лығынан әртүрлі тұрмыстық қалдықтар мидай араласып жатыр. Бұл істе жүйелі инфрақұрылымның жоқтығы талапты күшейтуге кедергі болып отыр. Сондықтан елімізде сұрыптау тәрті­бін бұзғандарға қандай да бір айыппұл салу қарастырылмаған. Тек қоқысты қоғамдық жерде лақтырғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша айыппұл салынып, жауапқа тартылады.  

Шетелде қоқыс құнды шикізат

Вьетнамда адам қалдықтарды пакет­терге сұрыптап салмаса, қоқыс жинайтын машина оны қабылдамайды, ал иесіне айыппұл жазып береді. Германияда кез келген дүкенге босаған шөлмекті тапсырып, оның кепіл құнын өндіріп алуға болады. Ал қоқысты қайта кәдеге жаратумен арнайы полиция бөлімі айналысады. Нидерландта қоқысты отынға айнал­дыру зауыты кеңінен танымал. Бұл елде қоқысты сұрыптаған және жинаған адам коммуналдық қызметтер төлемі бойын­ша, тіпті баспана алуға жеңілдіктер беретін купон ала алады. Англияда тіпті үйінің жанындағы көк шалғынға қоқыс жәшігін дұрыс орналас­тырмағаны үшін 1 000 фунт мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. АҚШ-та полимер қалдықтарды сұ­рыптау бойынша бағдарлама жұмыс істей­ді. Оған қатысушы адамдарға мемлекет ақ­шалай сыйақыдан бастап, түрлі жеңіл­діктер мен бонустар береді. Жапонияда егер заңды тұлғалар поли­мер қалдықтарын өздері сұрыптаса немесе өңдесе, салықты анағұрлым аз төлейді. Жеке тұлғаларға коммуналдық қызметтер төлемі бойынша басқа да жеңілдіктер беріледі. Қоңырсыған қоқыстан Сингапур кү­ніне 2 500 Мвт-сағат электр қуатын өнді­реді. Швецияның электр стансасының жанармайы мен өндірістік шикізатының 99 пайызы қоқыстан тұрады. Францияның алюминий, әйнек пен қағазы қоқыстан. Австрия астанасында жылына 265 мың тонна қоқыстан жылу энергиясын, ал Бельгия қоқыстан 75 пайыз тыңайтқыш, шикізат, энергия алып отыр.  

Заңсыз үйінділер экологиялық проблема

Ауылды жұмыссыздық жайлаған 2000 жылдардың басында қоқыс жинауды кәсіпке айналдырып, біреулер байып кетті. Қоқысты кәдеге жаратып, табыстың көзіне айналдырғандардың бұл ісі екі қолға бір күрек таппай отырғандарға кәдімгі үлгі болды. Десек те, ауыл ғана емес, қала маңында да жыл санап артып келе жатқан осындай тау-төбе үйінділер ауру-сырқаудың ошағы, қоршаған ортаны ластаушы басты фактор ретінде эко­логияның басты проблемасына айналып отыр. Ал заңдастырылған полигондарда кө­мілген қоқыс атаулы топырақтың құ­нар­лылығын кемітіп, ауаға улы газдар бө­летін көрінеді. Сондықтан қазіргі таң­дағы басты мәселе – қоқысты кәдеге жаратудың тиімді жолдарын жолға қою. Бұған дейін қоқыс-қалдықтардың өң­делуіне жауапты болған Энергетика ми­нистрлігі 2016 жылы құрамында сынап бар электр шамдары мен металдар және басқа да заттарды қоқыс полигонында көміп тастауға тыйым салған еді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап пластмасса, маку­латура, қағаз бен шыны қалдықтарын кө­муге рұқсат жоқ. Сондай-ақ құрылыс пен тамақ қалдықтары да кө­мілмей, міндетті түрде қайта өңделуін та­лап етті. Бұл бір жағынан қоқыс-қал­дық­тарды көмуге кететін шығынды азайтса, екінші жағынан экологияға келетін зар­даптың алдын алу шарасы болды. Ма­мандар министрліктің бұл талабын орын­дауға елімізде инфрақұрылым жетіспейді деген пікір айтты. Осы проблеманы Мәжілісте жаңа Эко­логиялық кодекс жобасын таныстырған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтып өтті. «Тұрмыстық қатты қалдықтар поли­гондарының жай-күйі және стихиялық үйінділер санының өсуі де өзекті эколо­гиялық проблема болып отыр. Ғарыш мо­ниторингі 2018 жылы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің саны 8 600 болға­нын көрсетсе, 2019 жылы олардың саны 9 200-ге жеткен», – деді министр. Оның айтуынша, қазіргі уақытта қал­дықтарды жинаумен, тасымалдаумен, қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындар туралы толық мәлімет жоқ. Қалдықтармен жұмыс істеу кезінде (рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлер, алдын ала залалсыздандырусыз қауіпті қалдықтарды заңсыз көму) ереже бұзу фактілері кездесуде. Мысалы, өткен жылдары Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Пав­лодар облыстарында, сондай-ақ Шым­кент, Нұр-Сұлтан қалаларында тиісті түрде өңделмеген құрамында мұнай бар және медициналық қалдықтар табылған. Жақында қалдық өңдеу ісіне бірден-бір жауапты «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері» операторы биылдан бас­тап автокомпонент және қаптама қал­дықтарын жинау, қайта өңдеу, сондай-ақ залалсыздандыру бойынша отандық кә­сіпорындар арасында тендер жарияла­ғанын хабарлады. Оған Үкімет тарапынан 5,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті. Оператордың хабарлауынша, қалдықтарды жинаушы, қайта өңдеуші және кәдеге жаратушы ұйымдар алғаш рет электронды сауда алаңында бәсекеге түспекші. Бұл тендер ісіндегі ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған шара екені айтпаса да түсінікті. Тендер 232 мың тоннадан астам қалдықты қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша ойнатылады. Оның ішінде 35 мың тонна тозған шина, 40 мың тонна пайдаланылған май, 20 мың тонна ескі аккумулятор батареяларын, 7 мың тонна антифриз қалдығын, сондай-ақ 130 мың тоннадан астам қаптама қалдықтарын қайта өңдеу қарастырылып отыр. Енді бұл бастаманың қаншалықты нәтижелі бола­рын уақыт көрсетеді. Қалай десек те, тыныстайтын ауамыз бен табиғат-ананың тазалығы өз қолы­мызда. Бейберекет қоқыс-қалдықтардың экологияға тигізер орасан залалын халық санасына сіңіру қажет. Әсіресе, ауыл мен қала тұрғындарын қоқысты сұрыптап тас­тауға үйрету керек. Әйтпесе, табиғатты ая­лайық деп ұрандатқаннан еш пайда жоқ.   Рая МІНӘП