Мәжіліс депутаты бүгін бірінші оқылымда отандық тауар өндірушілердің тізімін құруды көздейтін заң жобасы мақұлданғанын еске салды.
Министрлер экономикалық жағдайдың қашан жақсы жаққа өзгеретіні туралы бірде-бір нақты жауап бере алмай отыр – Елнұр Бейсенбаев
677
оқылды

Мәжілістің бүгінгі кезекті отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қолдап, пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мәжілісменнің айтуынша, бағаның күн сайын өсуі мен ұлттық валютаның құбылмалы бағамы халықтың басты үрейіне айналған.

«Бұл мәселелер еліміздегі әрбір отбасын толғандырып отыр. Адамдар табысынан айырылып, ертеңгі күні не боларынан бейхабар күй кешуде. Екі мыңыншы жылдардың басында дүниеге келген жүз мыңдаған жас қазақстандықтың жыл сайын еңбек нарығына шығуы біздің экономикамыз үшін үлкен ауыртпалық болып отыр. Біздің білімді де еңбекқор жастарымыз адал еңбек етіп, карьера құрып, болашағына сенімді болғысы келеді, алайда елде өндіріс орындары жеткіліксіз болғандықтан, оларға лайықты жұмыс табу қиын. 

Бүгінгі таңда біздің министрлер журналистерге экономикалық жағдайдың қашан жақсы жаққа өзгеретіні туралы бірде-бір нақты жауап бере алмай отырғанын бәріміз көріп отырмыз. Барлығын тек күрделі халықаралық жағдайға әкеп тіреп отыр. Ал бұл тек одан сайын халықтың ашу-ызасын тудырады. Халықтың бізден күткені бұл емес. 

Оның үстіне, әріптестер, бүгінде елдің жалпы ішкі өнімін екі есеге арттыруға бағытталған Жаңа Экономикалық саясатты жүзеге асыру Үкіметтің күн тәртібінен алынып тасталғанын бәріміз көріп отырмыз. Кезінде Мемлекет басшысы алға қойған бұл стратегиялық міндетті бүкіл қоғам толық әрі біржақты қолдаған болатын.

Осы залда отырғандардың барлығына, барша қазақстандықтарға экономикамызға жүйелі әрі түбегейлі өзгерістер қажет екені айдан анық», – деді Бейсенбаев.

Осы тұста Мәжіліс депутаты бүгін бірінші оқылымда отандық тауар өндірушілердің тізімін құруды көздейтін заң жобасы мақұлданғанын еске салды. Жаңа заң жобасына сәйкес, енді салалық қауымдастықтармен бірге «Made in Kazakhstan» өндірісінің нақты және түсінікті стандарттары әзірленеді.

«Барлық сарапшылар өз сұхбаттарында елімізге жаңа жұмыс орындарын ашып, салық төлейтін, халықты қажетті тауарлармен қамтамасыз ететін қуатты өндірістер керек екенін айтады. Бірақ бұл нысандар өздігінен пайда болмайды. Оларға жағдай жасау керек. Ал бүгін осы бағытта үлкен қадам жасайтын заң қабылданып отыр», – деді Бейсенбаев.