Бүкіл әлем Трамптың сөздері мен жарлықтарын талқылауда. Еуропаның саяси көшбасшылары да Американың жаңа президентінің қорқытуына жауап бере бастады.
Парламентте айтылатын сөздерді әлеуметтік желіде айтуға тыйым салынбайды
Трамптың саясаты «ережелерге негізделген халықаралық сауда ортасынан өте алыс». Фото weforum.org сайтынан алынды
390
оқылды

Quartz сайтында жарияланған хабарламалар топтамасына сүйеген Aikyn.kz жаңа президенттің алғашқы саяси қимылдары кімге әсер еткенін түсіндіреді.

Америкалық президенттің жарлықтарын егжей-тегжейлі талдап, «алғашқы шаңның басылуын күту» керек. Фото weforum.org сайтынан алынды

Швейцарияның Давос курортында кезекті Дүниежүзілік экономикалық форум басталды. Еуроодақ елдерінің саясаткерлері Американың жаңа президентінің қорқытуларына уақытты жоғалтпай жауап бере бастады. 2025  жылғы Давоста Гэри Кон (Gary Cohn) үшін бұрынғы форумдарда айтылған сөздер қайталанып жатқандай көрінген.

«Сегіз жыл бұрын мен сонда болған кезде де, тарифтер бойынша әрқашан қызу пікірталастар болды. Бұл төрт жылдық басқарудың бірінші күні. Бірінші күні тарифтерді енгізудің (еуропалықтарға жауап ретінде – авт.) қажеті жоқ», – деп Дональд Трамптың бұрынғы бас экономикалық кеңесшісі, қазір IBM төрағасының орынбасары Гэри Кон еуропалықтарды сабырға шақырғысы келеді.

Бірақ Трамп бірінші күні тарифтерді енгізбесе де, бұрынғы одақтастардың үрейін алды. «Канада мен Мексикаға 25% тариф  енгіземін» деп қорқытқаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, ол Қытай мен Еуропаға назар аударды. 

АҚШ президентінің пікірінше, «фентанилді Мексика мен Канадаға жөнелткені» үшін Қытайға 10% тариф салынатынын мәлімдеді. Оның басталуы 1 ақпан болуы мүмкін. Трамп Еуропалық Одақпен 350 миллиард долларлық сауда тапшылығы қалыптасқанын айтып, олар да «тарифтердің астында болады» деп уәде берді.

Еуроодақ Америка президентінің қорқытуларына жауап бере бастады. Фото weforum.org сайтынан алынды. Авторлығы: Mattias Nutt

Еуропалық көшбасшылар да жауап беруге дайындықтарын көрсетті. Еуропа Орталық банкінің президенті Кристин Лагард Еуропаның АҚШ-тың тарифтеріне «дайын болуы» керектігін ескертті. Ал Ұлыбританияның қаржы министрі Рэйчел Ривз Ұлыбританияны Трамптың Еуропаға салатын тарифтерінен алыстатқысы келді: 

«Біздің бұл проблемаға қатысымыз жоқ. Президент Трамп соңғы рет қызметте болған кезде біз онымен сауда-саттықты арттырдық».

Халықаралық валюталық қор басшысының орынбасары Гита Гопинат Дональд Трамптың қорқытулары «ережелерге негізделген халықаралық сауда ортасынан өте алыс» деп атады. Бірақ ол, әзірше, уайымдамайтынын айтты. Ол елдерге америкалық президенттің қабылдаған шешімдерін егжей-тегжейлі талдап, «алғашқы шаңның басылуын күтуге» кеңес берді.

Панама президенті: «Панама каналы Панамаға тиесілі. Бұл ешкімнің сыйлығы емес». Фото pancanal.com сайтынан алынды

Давос форумында тағы қандай оқиғалар болып жатыр?

Панама каналы туралы

Дональд Трамптың Панама каналын «күшпен болса да тартып алуға дайынбыз» деген мәлімдемелері Давоста үлкен қарсылық туғызды.

«Панама каналы Панамаға тиесілі. Бұл ешкімнің сыйлығы емес», – деп мәлімдеді Панама президенті Хосе Рауль Мулино Кинтеро форумда.

Мулино Кинтеро Трамптың су жолын бақылауға алу туралы сөздерін «жалған» деп қабылдамай, Панама бұл мәселеге алаңдамайтынын сендірді. Оның айтуынша, бұл мәселені растайтын мықты келісімдер бар.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, «каналды басып алады деп алаңдайсыз ба?» деген сұраққа Мулино Кинтеро: «ақылға салсаңызшы, байсалды болыңыз» деген мағынада жауап берген.

Панама каналының ұзындығы – 81,6 шақырым, жалпы ені – 150 метр. Кейбір шлюздердің ені 33 метр, тереңдігі – 12 метр. Ресми түрде 1920 жылы 12 маусымда ашылған. Жүк кемелері мен мұнай таситын танкерлердің Панама каналы арқылы өту уақыты 9 сағат. Ең жылдам өту уақыты 4 сағат 10 минут. Максималды өткізу қабілеті тәулігіне 48 кеме. Каналдан өту үшін кемелер кезекке тұрады, өту кезегі аукцион арқылы сатылады. Кеме каналдан өту үшін $400 000 дейін төлейді.

Meta-ның бұрынғы басшы: «Конгресс палатасында рұқсат етілген сөздерді әлеуметтік желіде айтуға тыйым салу мүмкін емес». Фото Bloomberg сайтынан алынды

Meta бекінісі

Meta-ның ғаламдық мәселелер бойынша бас директоры болған Ник Клегг өзінің қызметін Трамптың одақтасы Джоэл Капланға тапсырудан бірнеше апта бұрын компанияның фейктерді тексеруден бас тарту және өз әлеуметтік платформаларындағы саяси контентті күшейту туралы шешімдердің дұрыстығын қорғап сөйледі. Ол Meta өзінің шындыққа деген адалдығын төмендетпейді, қабылданған шешімдер «X жүйесіне ұқсас тәсілге ауысуды ғана білдіреді» деп сендірді. Бұл тәсілді ол жақсы «масштабталатын» деп атады. Оның айтуынша, дәстүрлі фактчекерлер қоғамның сенімін жоғалтқан.

Ник Клегтен Meta-ның жаңа саясаты бірін-бірі «жаман, пасық, лас» деп айыптаған пікірлер мен жазбаларға, ЛГБТ-ны жақтайтын қолданушыларды «психикалық аурулар» деп атауға тыйым салмайтыны туралы сұрақтар қойылды. 

Бұған бұрынғы басшы: «Конгресс палатасында рұқсат етілген сөздерді әлеуметтік желіде айтуға тыйым салу мүмкін емес» деген жауап берген. Ол Facebook-тің бас компаниясы биылғы жылы «салада ең жоғары қауымдастық стандарттарын» сақтай отырып, «адал, шынайы» ақпарат таратуға 5 миллиард доллар жұмсайтынын айтты.

Испания премьер-министрі Педро Санчес: «Әлеуметтік медианың дамуы билік пен байлықтың аздаған адамның қолында шоғырлануына әкелді». Фото weforum.org сайтынан алынды

Испанияның артқа бұрылысы

Испания премьер-министрі Педро Санчес технологиялық миллиардерлерді демократияны құлатуды жоспарлап отыр деп айыптап, Давоста үлкен дау туғызды. Оның айқайы мен ұраны көпшілікке таныс: «Әлеуметтік медианы қайтадан ұлы жасайық». 

Педро Санчестің жоспары үш тармақтан тұрады: міндетті цифрлық аутентификация енгізіп, желідегі «анонимдікке» тыйым салу; әлеуметтік медиа алгоритмдердің қара жәшігін ашу; платформа иелерін жеке жауапкершілікке тарту. 

Meta-ның соңғы әрекеттерін тікелей нысанаға алған Испания премьер-министрі әлеуметтік медианы «трояндық атта жасырылған басқыншылармен» салыстырды және Еуропаның цифрлық қызметтер туралы заңын қатаң қолдануды талап етті.

Джейми Даймон: «Илон екеуміз бір-бірімізді құшақтап алдық». Фото rbc.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / POOL New

Уолл-стрит: «Балалар тату болайықшы»

Джейми Даймон Давосқа ескертулермен және бейбітшілік екпінін бірге алып келді. JPMorgan қаржылық тобының бас директоры АҚШ акцияларының тым жоғары бағаланып жатқанын ескертті. 

«Активтердің бағасы сәл жоғары. Бұл бағаларды ақтау үшін бізге өте жақсы нәтижелер қажет», – деді ол CNBC-ге берген сұхбатында. 

Бірақ ол өзінің бұрынғы қарсыласы үшін ең жылы сөздерін аямаған: «Илон екеуміз бір-бірімізді құшақтап алдық», – дейді Даймон. Бұдан кейін Tesla басшысын «біздің Эйнштейн» деп мақтап, 162,2 миллион доллар болатын құқықтық таластан кейін Масктың компанияларына көмектесуге дайын екенін жариялады. 

Иә, Илон Маскті қазір барлық америкалық компаниялар мен миллиардерлер мақтайды. Себебін Aikyn.kz бұрынғы материалдарында түсіндірген.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.