Reuters агенттігіне сілтеме жасаған Aikyn.kz жоғары лауазымды тұлғаның компьютеріне жасалған шабуылдың салдарын талдайды.
Хакерлер Қаржы министрі Джанет Йелленнің компьютерін бұзып, қызметтік файлдарды ұрлаған. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Jeenah Moon
Bloomberg News таратқан ақпаратқа сәйкес, Американың Қазынашылық департаментіне жасалған кең ауқымды шабуыл кезінде Қаржы министрінің қызметтік компьютері де қаскөйлердің бақылауында болған. Ақпарат агенттігі бұл жабық қызметтік оқиғаны бейсенбі күні (16 қаңтар) осы мәселемен таныс екі адамға сілтеме жасап хабарлады.
Төтенше шабуылдың салдарынан АҚШ-тың Қаржы министрі Джанет Йелленнің компьютері бұзылып, құпия емес файлдарды хакерлер көшіріп үлгерген. Bloomberg-тің айтуынша, шабуылды Қытай мемлекеті қаржыландыратын хакерлер тобы жасаған. Қызметтік компьютерге қол жеткізу қаскөйлердің Қазынашылық департаментіне жасаған кең ауқымды шабуылының бір бөлігі ретінде қарастырылуда. Шабуыл салдарынан Джанет Йелленнің екі көмекшісі – Мемлекеттік хатшының орынбасары Уолли Адейемо мен Мемлекеттік хатшы орынбасарының міндетін атқарушы Брэд Смиттің де компьютерлері бұзылған. Алдын ала таратылған ақпаратқа сәйкес, хакерлер Йеллен ханымның компьютеріндегі 50-дей файлға қол жеткізген.
Қаржы министрлігі Reuters агенттігінің оқиғаға байланысты қосымша сұрауларына жауап бермеген.Қаскөйлер BeyondTrust киберқауіпсіздік провайдерінің жүйесін бұзып, министрдің компьютеріне кірген. Фото foreignpolicy.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Saul Loeb
Қаржы министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, қаскөйлер ақпараттық қауіпсіздік бойынша қызмет көрсететін BeyondTrust киберқауіпсіздік провайдерінің жүйесін бұзып, министрліктің құпия емес құжаттарға қол жеткізген. Хакерлер «қазынашылық департаментінің (DO) пайдаланушыларына қашықтан техникалық қолдау көрсету үшін пайдаланылатын бұлттық қызметті қорғайтын кілтке қол жеткізген. Осы ұрланған кілттің көмегімен қаскөйлер қауіпсіздік жүйесін айналып өтіп, Қаржы министрлігінің қызметкерлерінің жұмыс станцияларына қашықтан қол жеткізе алған. Және сол компьютерлердегі «кейбір құпия емес құжаттарға қол жеткізген».
Әрине, ешбір мемлекеттік орган өзінің құпия құжаттары ұрланғанын мойындамайды. Бұл жолы да министр Йеленнің компьютеріндегі тек 50 файл емес, барлық құжат қаскөйлердің қолына көшірілген деп болжауға болады.
Сондықтан да Қазынашылық департаменті (Қаржы министрлігі) 8 желтоқсанда BeyondTrust компаниясынан жүйенің сырттан бұзылғаны туралы хабарлама алғанын және ол АҚШ-тың Киберқауіпсіздік және инфрақұрылымдық қауіпсіздік агенттігімен (CISA) және Федералды тергеу бюросымен (ФТБ) шабуылдың салдарын бағалау үшін жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген.Джанет Йеленнің компьютерінің бұзылғанын АҚШ-тың Киберқауіпсіздік және инфрақұрылымдық қауіпсіздік агенттігі (CISA) мен Федералды тергеу бюросы (FBI) тексеруде. Фото perplexity.ai сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Andrew Harnik
Американың ресми органдары шабуылды ұйымдастырған топқа «Қытай мемлекеті демеушілік ететінін, топтың атауы Advanced Persistent Threat (APT)» екенін де жариялаған. Бұндай айыптауларға Қытай СІМ-нің өкілі Мао Нин: «Қытай хакерлік шабуылдардың барлық түрлеріне әрқашан қарсы болып келеді», – деген жауап берген.
Бұл төтенше оқиға үлкен мемлекеттер арасындағы көпшілікке ашық айтыла бермейтін «көлеңкелі соғыстың» бір ғана көрінісі. Ақпараттық шабуылдардан сақтану – мемлекеттік органдар үшін өзектілігі күнде өсіп келетін мәселе болып қалуда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.