Жуырда Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевты қабылдап, отандық ғылымды дамыту мәселелері талқыланған еді.
Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық ғылым академиясының президенті: Академияның институционалды қалыптасуы аяқталды
1,683
оқылды

Кездесуде бір жыл бұрын ғана жаңа мәртебе берілген Ұлттық ғылым академиясы отандық ғалымдардың күш-жігеріп біріктіріп, ғылым мен экономикаға нақты пайда әкелетін жаңалықтар енгізу қажеттігі сөз болған. Осыған орай, біз Ұлттық ғылым академиясында атқарылып жатқан игі істер мен ғалымдарды, талантты жастарды тарту мәселесі жөнінде білгіміз келіп, Ақылбек Қажығұлұлымен сөйлескен едік. 

– Құрметті Ақылбек Қажығұлұлы, Сіз жуырда Мемлекет басшысының қабыл­дауында болып, жаңартылған Ұлттық Ғылым академиясының былтыр атқарған қызметінің негізгі нәтижелері жөнінде баяндадыңыз. Ұлттық академияның қалыптасуы қалай жүргізілді және оның жұмысының алғашқы нәтижелері туралы айтып берсеңіз...

– Былтыр Ұлттық ғылым академиясы­ның институционалдық қалыптасуы толы­ғымен аяқталды. Академия қызметінің заң­намалық негізі құрылды. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңға сәйкес ол елдің жалғыз жоғары ғылыми ұйымы мәртебесіне ие болды. Оны тұрақты түрде қаржыландыру тетіктері әзірленді.

Сонымен қатар Ұлттық академия мүше­лерінің жаңа құрамы қалыптасты. Бұл жұ­мыс жаңа ережелерге сәйкес 3 кезеңдік рә­сім бойынша конкурстық негізде жүргізілді. Осы қағида бойынша ашық конкурс нәти­жесінде Ұлттық академияның 17 мүшесі сай­ланды. Олардың барлығы – отандық ғы­лымның дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалымдар. Әлемдегі 20 жетекші ғылым академиясының тәжірибелерін тал­дау негізінде академияның миссиясы, па­йымдауы және 10 жылға (2035 жылға дейін) арналған Даму стратегиясы нақты инди­каторлармен дайындалды.

Ұлттық академияның ішкі құрылымы да алға қойылған міндеттерге бағдарлана оты­рып жүйеленді. Атап айтқанда, отандық ғылымның нақты жай-күйін бағалау үшін арнайы талдау орталығы құрылды. Өткен жылы осы орта­лық­­тың күшімен елімізде ғылыми саланың да­муына кедергі келтіретін маңызды фактор­ларды анықтау бойынша жұмыс басталды. Өйткені саланың нақты жағдайын білмей, онда дұрыс реформалар жүргізуге болмайды. 

Академия салалық министрліктердің, әкімдіктердің, «Атамекен» ҰКП, бизнес өкілдерінің және жетекші отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен алғаш рет өңірлік және салалық 30 форсайт-сессия өткізді, нәтижесінде ғылыми зерттеулер үшін 200 басым міндет айқындалды. Бұдан басқа, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға сәйкес 2025-2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржы­ландырудың 113 ғылыми-техникалық мін­деттеріне алғаш рет сараптама жүргізіліп, олардың 87-сі бойынша ескертулер берілді.

Ең бастысы, біз ғылымды дамытудағы басым бағыттарды айқындаудың тұжырым­дамалық тәсілдерін ұсындық. Қазіргі таңда Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссия 3 жылға ғылымның 7 басымдығын бекітеді, олар өз ішінде тағы 153 мамандандырылған басым ғылыми бағытқа бөлінеді. Бірақ шын мәнінде, бұл – басымдықтарды анықтау механизмі емес, ғылым бағыттары бойынша бюджет қаражатын бөлудің ғана схемасы. 

Ғылыми зерттеулер жүргізудің әлемде қабылданған стандарттарын және үздік тәжірибелерін бейімдеу негізінде біз академияның ғылыми этика кодексін алғаш рет әзірлеп бекіттік, онда ғылымдағы орын­сыз мінез-құлық ретінде фальсификация, бұрмалау, плагиат, мүдделер қақтығысы және жалған бірлескен авторлықтың ресми анықтамалары айқындалды.

Ұлттық академия ғылыми-зерттеу прак­тикасында пәнаралық тәсілді енгізуге және қолдануға баса назар аударып отыр, себебі әлемдегі үлкен ғылыми жаңалықтар мен ірі жетістіктердің шамамен 90%-ы дәл осы тәсіл негізінде жасалады. Бізде кері­сін­ше, ғы­лымда ұсақ тақырыптар басым. Бұл – біздің ғылымымыздағы белең алған тағы бір жүйе­лік мәселе. Өткен жылы біздің академиктер 3 ірі интеграцияланған пәнаралық ғылыми-техникалық бағдарламалардың техникалық тапсырмаларын дайындады. Оларды іске асыру ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары өнімді сұрыптарын шығаруда, отан­­дық фармацевтикалық өнеркәсіпті және энергияны сақтау технологиясын дамытуда елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Сонымен қатар Қытай ғылым академиясымен бірге су ресурстарын тиімді және қауіпсіз басқару бойынша пәнаралық мегагранттың техникалық тапсырмасын дайындау жұмыстары басталды.

Ұлттық академия қызметінің тағы бір маңызды бағыты – ғылым саласына жастар­дың келуі үшін жағдай жасау. Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет Ұлттық академия жа­­нынан Жас ғалымдар кеңесі (ЖҒК) құ­рыл­ды. ЖҒК мүшелері «Ғылым және техно­логиялық саясат туралы» заң жобасын Пар­ламент қабырғасында талқылау барысында ғылымның жаңа заңнамалық негізін құруға белсенді қатысқанын ерекше атап өткен жөн.

2024 жылдың қарашасында «Жас Сәт­баевшылар» атты Қазақстан жас ғалым­да­рының I Конгресі өтті. Конгресс шеңберінде өзекті ғылыми бағыттар бойынша 8 ғылыми конференция, дөңгелек үстел және нетвор­кинг өткізілді, онда Қазақстанның 120-дан астам үздік жас ғалымы, оның ішінде шет­елде жұмыс істейтін дарынды жастар ғылыми баяндамалар жасады. Конгреске барлығы 1000-нан астам жас ғалым қатысты.

Ұлттық академия ең озық тәжірибені ілгерілетуге және ғылымды насихаттауға көп көңіл бөлуде. 2024 жылдан бастап академия мен Astana Hub ақпараттық орталығының қызметкерлері әзірлеген «Ұлттық иннова­циялық жүйенің бірыңғай терезесі» ақпа­рат­тық жүйесі арқылы ғылым және мемлекеттік ғылыми стипендиялар саласындағы сый­лық­тар алу үшін ұсынылған жұмыстарды қа­былдау электрондық форматта жүзеге асырылуда.

Ұлттық академияның халықаралық бай­ланыстары да жандана түсті. Өткен жылдың өзінде шетелдік ұлттық академиялармен және әлемнің жетекші ғылыми орталық­тарымен, атап айтқанда РФ (РҒА), АҚШ (NASEM), Қытай (CAS), Tүркия (TÜBA) және тағы басқа елдердің ғылым академия­ларымен 27 меморандумға қол қойылды. Жал­пы алғанда, академияның халықаралық бастамалары елге шамамен 3 млн АҚШ доллары көлемінде шетел инвестициясын тартуға мүмкіндік берді.

Қорытындылай келе, ғылым туралы қа­зіргі ұлттық баяндама қазақстандық ғылым­ның жай-күйін бағалауға сыни көзқарасты қолдана әрі жекелеген салалар үшін нақты ұсынымдар бере отырып жасалғанын, яғни оның практикалық маңыздылығын арт­тыруға баса назар аударыла дайындалғанын атап өткім келеді. Оған алғаш рет жас ғалым­дардың жағдайы мен жетістіктері, жоғары оқу орындарының ғылыми қызметін ком­мер­цияландыру сияқты бөлімдер енгізілді.

Бұқаралық ақпарат құралдарында акаде­мияның ғылымды дамыту туралы 649 ма­териалы жарық көрді. Оның ішінде 113 – теледидар мен радиода, 191 – бұқаралық ақ­па­рат басылымдарында және 345-і элек­трондық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. 

– Бізде ғылыми зерттеулер нәтижелерінің өндіріске енгізілуі өте әлсіз екені белгілі, оның үстіне өңірлердің инновациялық белсенділігі де төмен деңгейде қалып отыр. Бұған не себеп және Ұлттық академия осы мәселені шешу жолында қандай жұмыстар атқарды?

– Оның басты себебі өңірлік ғылымның дамуындағы кереғарлықта жатыр. Нақты цифрларды мысалға келтірейін: ҒЗТКЖ-ға қатысатын ғалымдардың 60%-ы Алматы және Астана қалаларында тұрады, елімізде ғы­лымға бөлінетін барлық қаражаттың 66%-ы да Алматы мен Астанаға тиесілі. Өкінішке қарай, осы жұмысты басқаруға және үйлес­тіруге тікелей мүдделі жергілікті атқарушы органдар бұл істен шын мәнінде шетте қал­ған, бұл ғылымды қалдық принципі бойын­ша қаржыландыруға әкеп соқты. Мәселен, 2023 жылы тек 8 облыстың әкімдігі (ШҚО, СҚО, Павлодар, Қызылорда, БҚО, Ақтөбе, Жам­­­был және Қарағанды) жергілікті бюд­жет­тен ғылыми зерттеулерге қаражат бөлді, олардың үлесі мемлекеттік қаржылан­ды­рудың 0,43%-ын құрады. Орталықта орна­лас­қан ғылыми ұйымдар да нақты сектордың проблема­ларынан алшақтап кеткен. Сон­дықтан олардың ғылыми зерттеулерінің нә­ти­желері жергілікті жерлерде сұранысқа ие емес. 

Ал дамыған елдердің тәжірибесіне сү­йен­сек, олардың инновацияларды дамы­ту­дағы жетістіктері, ең алдымен, ғылымның өңір­лік деңгейдегі өндіріспен тығыз байла­ны­сында жатыр. Бұл жұмыстардың барлы­ғын дамыған елдерде жергілікті билік үйлестіреді. 

Аталған мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы облыс әкімдерінің басшылығымен жергілікті жерлерде ғылым және технология­лар жөніндегі өңірлік кеңестер құруды тап­сырды. Ұлттық академия осы тапсырманы орындауға белсене атсалысты. Өңірлік ғы­лымды дамыту мақсатында біз Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында өңірлердің экономикасына арналған ғылыми жетістіктердің көрмесін ұйымдастырып және жергілікті атқарушы органдар үшін практикалық ұсынымдар бере отырып, Академия Президиумының 4 көш­пелі отырысын өткіздік. Осы ретте форсайт процесінде айқындалған өңірлік пробле­малар сол өңірлерге ғылыми зерттеулер үшін перспективалық міндеттер ретінде ұсы­ныл­ды. Бұдан басқа, біз Үкіметке әкімдердің қыз­метін бағалау рейтингіне өңірлік ғы­лымды дамыту көрсеткіштерін кіргізу тура­лы ұсыныс енгіздік.

Академиктер министрліктерге салалық ғылымды дамытуға кеңес беріп, көмектесе бастады. Атап айтқанда, АШМ басшыла­рының қатысуымен Шортанды ауылында аграрлық ғылымның проблемалық мәселе­лері бойынша Ұлттық академия Президи­умының көшпелі отырысы өткізілді, оның нәтижелері бойынша біз ел басшылығына тиісті талдамалық жазба дайындап жолда­дық. Қарағанды қаласында Денсаулық сақ­тау ми­нистрінің қатысуымен медицина ғы­лы­мы­ның жетекші ғалымдарымен үлкен кеңес өткізілді, оның қорытындысы бойын­ша медицина ғылымын дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы дайындалды.

– Жалпы, отандық ғылым жүйесі үшін өткен жылды қалай бағалайсыз?

– Былтыр жалпы отандық ғылым үшін сәтті жыл болды. Біріншіден, ол Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының негізін қа­лаушы, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығымен тұспа-тұс келді. Президен­ті­міздің бастамасының арқасында 2024 жыл ғылым тарихына «Сәтбаев жылы» ретінде енді, оның шеңберінде тек біздің академия 50-ден астам ғылыми конференция, семи­нарлар, дөңгелек үстелдер, ғылыми олим­пиа­далар және т.б. өткізді, олар ел жұрт­шы­лығы арасында ғылымды насихаттауға баға жетпес үлес қосты. 

Мемлекет басшысының қолдауының арқасында ғылымды қаржыландыру 3,5 есег­е ұлғайды, жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау, соның ішінде оларға баспана беру бойынша нақты шаралар анықталды, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды, Ұлттық ғылым ака­демиясы ҚР Президентінің жанындағы ака­демия мәртебесіне ие болып, елдің жал­ғыз жоғары ғылыми ұйымына айналды.

Кез келген қоғамның инновациялық дамуының тірегі мықты ғылым екені белгілі. Ғылыми зерттеулерімізді әлемдік деңгейге көтеру үшін біз әлі талай өзгерістер жасауы­мыз керек. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың елімізде мемлекеттік ғылым академиясын ұйымдастыру туралы шешімінің тарихи ма­ңызы бар екеніне сенімдімін. Академияның біз дайындаған 2035 жылға дейінгі даму Стратегиясын дәйекті іске асыру оның әлемдік қауымдастық мойындаған ғылыми орталыққа айналуына және елдің ғылым саласын дамытуда жіберілген жүйелік олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын. 

Сұхбаттасқан 

Ардақ СҰЛТАН