Оқу-ағарту министрлігінде Денсаулық сақтау министрлігі, өңірлік білім басқармалары және «Атамекен» ҰКП өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.
Мектептердегі тамақтану сапасы талқыланды
istockphoto.com
823
оқылды

Оқу-ағарту министрлігінде Денсаулық сақтау министрлігі, өңірлік білім басқармалары және «Атамекен» ҰКП өкілдерінің қатысуымен өткен жиын барысында білім беру ұйымдарындағы тамақтану сапасын қамтамасыз ету шаралары талқыланды, – деп хабарлайды Аikyn.kz

Тамақтану сапасын арттыру мақсатында өткен жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Тамақтану нормалары қайта қаралып, асхана қызметкерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді, жеткізушілерге СЭС қорытындысын алу міндеттелді, сондай-ақ тегін тамақ алушылардың есебі автоматтандырылды.

Мектептерде тамақтану сапасын күнделікті бақылау үшін бракераждық комиссиялардың жұмысы міндеттелді. Бұған қоса, барлық өңірлерде ата-аналар, қоғамдық ұйым өкілдері және мәслихат депутаттарының қатысуымен ведомствоаралық сараптамалық комиссиялар арқылы қоғамдық бақылау ұйымдастырылды.

Жалпы, тамақтануды жүйелі түрде ұйымдастыру сапасын мемлекеттік бақылауды Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері қамтамасыз етеді. Бүгінде білім беру ұйымдарындағы тамақтану стандартының жобасын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Өз кезегінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес қауымдастығын сапалы және қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыруда жоғары жауапкершілік танытуға шақырды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз