Reuters хабарламасына сәйкес, америкалық президент криптовалютаны қаржы жүйесіне енгізуге тапсырма берді. Aikyn.kz осы жаңалыққа сүйеніп, цифрлық активтердің экономикалық айналымға кіру мүмкіндіктерін түсіндіреді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде криптовалюталарға қатысты жарлыққа қол қойды. 23 қаңтар 2025 жыл. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Kevin Lamarque
Президент Дональд Трамп бейсенбі күні (23 қаңтар) АҚШ-тың криптовалюталық саясатын тез арада қайта құру туралы сайлау алдында берген уәдесін орындай бастады. Атқарушы билікке цифрлық активтерді реттеудің жаңа ережелерін әзірлеуді және ұлттық криптовалюта резервін құру мүмкіндігін зерттейтін криптовалюталық жұмыс тобын құруға тапсырма берді.
Қаржы нарығының көптен күткен өзгерістері криптокомпаниялардың банктік қызметтер көрсетуіне жол ашады. Бұдан бұрын АҚШ реттеушілері крипто-компанияларды банктік қызметтер көрсетуіне тыйым салды деген мәлімдеме таралған еді. Реттеушілер бұндай мәлімдемені жоққа шығарды.
Президент жарлығы АҚШ-та қолданыстағы криптовалюталармен бәсекеге түсетін орталық банктердің цифрлық валюталарын жасауға тыйым салды.
Криптовалюта индустриясында тағы бір маңызды қадам жасалды. АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясы (SEC) бейсенбі күннің (23 қаңтар) кешінде кейбір листингтік компаниялардың үшінші тұлғалар атынан крипто активтерін ұстауын өте қымбатқа түсіретін бухгалтерлік нұсқаулықты жойды. Криптовалюта индустриясы аталған нұсқаулық цифрлық активтерді қабылдауды бәсеңдеткенін айтты.
Трамп «крипто-президент» болуға және цифрлық активтерді заңдастыруға уәде берді. Фото nbcnews.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Michael Nagle
Сайлау науқаны кезінде Трамп «крипто-президент» болуға және цифрлық активтерді қабылдауға ықпал етуге уәде беріп, криптовалютаны насихаттады. Бұндай саясат «америкалықтарды алаяқтық пен ақшаны жылыстатудан қорғаймыз» деген желеумен Coinbase, Binance және басқа да ондаған биржаларды «АҚШ заңдарын бұзды» деп сотқа берген бұрынғы президент Джо Байденнің реттеушілеріне мүлдем қарама-қайшы келеді. Крипто компаниялар болса Байденнің командасы таққан айыптауларды жоққа шығарған.
Бейсенбі күнгі (23 қаңтар) бұйрықты криптовалюта индустриясы жақсы қабылдады. Индустрия өкілдері Трамптың президент қызметіне кіріскен алғашқы күндерде жаңа әкімшіліктің қолдауының күшті сигналын талап еткен болатын.
«Бүгінгі криптовалюталарға қатысты жарлық АҚШ-тың цифрлық активтерге қатысты саясатының түбегейлі өзгеруін көрсетеді. Криптовалюталарға жалпы үкіметтік көзқарасты қабылдау арқылы әкімшілік анық және дәйекті ережелерді әзірлеуге маңызды алғашқы қадам жасады», – деді криптовалюталық Anchorage Digital компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Нейтан Макколи.
Трамптың жарлығы орындалса, криптовалюталар негізгі қаржылық ағымға қосылады. Фото brookings.edu сайтынан алынды
Криптовалюта сарапшылары реттеушілер Трамптың жарлығын орындаса, криптовалюталар негізгі қаржылық ағымға қосылады деп үміттенеді. Бұның алдында сейсенбіде (21 қаңтар) SEC комиссиясы криптовалюта саясатын қайта қарау үшін жұмыс тобын құратыны туралы мәлімдеме жасаған еді.
Инвесторлардың криптовалютаны қолдайтын жаңа әкімшілікке деген өскен сенімін ақтап, биткоин дүйсенбіде (20 қаңтар) 109 071 долларға дейін жаңа рекордқа жетті. Бірақ бейсенбі күннің соңына қарай шамамен 103 000 долларға дейін төмендеді.
Сенаттың Банк комитетінің төрағасы республикашыл Тим Скотт: «Президент Трамп қызметке кірісе салып, бірнеше күннің ішінде, АҚШ-тың цифрлық активтерді инновациялауда көшбасшы болып қалуын қамтамасыз ету үшін өз уәделерін орындауға кірісті», – деген мәлімдеме таратты.
Сала өкілдері бірнеше жылдар бойы АҚШ-тың қолданыстағы ережелері криптовалюталарға сәйкес келмейтінін айтып, Конгресс пен реттеуші органды криптографиялық таңбалауышты (крипто-токен) бағалы қағазға, тауарға немесе басқа санатқа жатқызатын жаңа ережелер жасауға шақырған болатын.
Дональд Трамп америкалық технологиялық және крипто-индустрия саласының жетекші өкілдерін мемлекеттік билікке қосты. Фото bitperfect.pe сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ
Жаңа жарлыққа сәйкес, қаржы министрі, SEC комиссиясы мен Тауарлық фьючерстік сауда комиссиясының төрағалары және басқа агенттіктердің басшылары кіретін жұмыс тобы цифрлық активтер үшін нормативтік базаны әзірлейді. Цифрлық активке АҚШ долларына байланған криптовалюта түрі – стейблкоиндер де кіреді.
Сондай-ақ бұл топ «құқық қорғау органдарының күш-жігері нәтижесінде федералды үкімет заңды түрде тәркілеген криптовалюталардан цифрлық активтердің ұлттық қорын құру мүмкіндіктерін қарастыруға» тиіс.
Жарлықта мұндай қордың қалай жасалатыны туралы қосымша мәліметтер жоқ, ал сарапшылар мен заңгерлер пікірі «бұл жерде Конгресс актісі қажет пе?» деген сұрақ бойынша екіге бөлінді. Кейбіреулер бұл резервті АҚШ қазынашылығының валютаны тұрақтандыру қоры арқылы құруға болады, қазынашылық қоры шетел валюталарын сатып алуға немесе сатуға, сондай-ақ биткоиндерді сақтауға құқылы деп санайды.
Желтоқсан айында Трамп венчурлық капиталист және PayPal компаниясының бұрынғы бас директоры Дэвид Саксты өзінің «крипто және жасанды интеллект патшасы» деп атады. Жарлыққа сәйкес Дэвид Сакс топты басқарады. Өзінің екінші президенттік мерзімінде Дональд Трамп америкалық технологиялық және крипто-индустрия саласының жетекші өкілдерін мемлекеттік билікке қоса бастағаны байқалады. Олардың қатарында Илон Маск пен Вивек Рамасвами, Питер Тиль бар. Uber-дің бұрынғы директоры Эмиль Майкл мен Гэйл Слейтер де жаң әкімшіліктен қызмет алады деп күтілуде.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.