Заң талаптарын бұзғаны үшін той, шара иесіне және мекеме иесіне айыппұл салу көзделген.
Енді той-томалақ пен жерлеу рәсімінде ысырапшылдық жасағандарға айыппұл салынбақ
Фото: ortalyq.kz
7,718
оқылды

Көршілес Қырғыз Республикасы Парламентінің депутаттары салт-дәстүрлер, рәсімдер мен мерекелерді өткізу кезінде артық шығынды шектеуді ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Қоғамдық талқылауға шығарылған заң жобасында отбасылық іс-шараларды реттеу енгізу шаралары ұсынылған:

  • жерлеу кезінде ұсақ малды, жылқы немесе ірі қара малды союға жол берілмейді;
  • марқұмды жерлеген соң үш күннен кейін бір жылқы немесе ірі қара мал сойып, ас беруге ("Құран оқу") рұқсат етіледі;
  • 3 күн, 7 күн, 40 күндігі және жылдық асын өткізуге тыйым салынады;
  • тойға саны 250-ден аспайтын адам шақыруға және бір сиыр немесе жылқы союға рұқсат етіледі;
  • "қыз ұзатуға" бір сиыр немесе жылқы сойып, 100 адамнан артық шақыруға болмайды;
  • үйлену тойы мен қыз ұзатуды бірге өткізу кезінде бір сиыр немесе жылқы сойып, 350-ден аспайтын адам шақыруға рұқсат етіледі;
  • үйлену кортежінде үш көліктен артық болмауы керек;
  • жоғарыда аталған салт-жораларды, мерекелерді және салт-дәстүрлерді өткізу кезінде "киіт кигізу", "себет беру", "қонақ беру" және басқа да осыған ұқсас ғұрыптар сияқты қосымша қажетсіз шығындарды ұйымдастыруға тыйым салынады.

Заң талаптарын бұзғаны үшін той немесе шара иесіне 300 мың сом, мекеме иесіне 100 мың сом көлемінде айыппұл салынбақ.

Құжат бастамашылары кейінгі кездері елде той-томалақ пен жерлеу рәсімдеріне байланысты халықтың төл әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне сәйкес келмейтін келеңсіз құбылыстардың көбейіп, отбасы қаржысына айтарлықтай зиян келтіретінін атап өтті.

Заңның орындалуына бақылау жүргізуді жергілікті мемлекеттік органдар жанындағы аумақтық комиссияларға жүктеу ұсынылды.