Балалардың денсаулығы нашарлап бара жатқанын дәрігерлер жиі айтады. Оның себебін ғалымдар пластик пен химиялық заттардан тапты.
Пластик пен химиялық заттардың кесірінен балалар арасында аутизм мен астма бірнеше есе өскен
Бала денсаулығына пластик пен химиялық заттар бірден әсер етеді. Фото rockying.com сайтынан алынды
665
оқылды

Aikyn.kz белгілі британдық New England Journal of Medicine медициналық журналда жарияланған мақалаға сүйеніп, пластикті пайдаланудың балалар денсаулығына әсерін талдайды.

Соңғы 50 жылда бүкіл әлемде балалар арасында жұқпалы емес аурулар (NCD) көрсеткіші күрт өскен. Фото rockying.com сайтынан алынды

Тағы бір ғылыми-зерттеу балалар аурулары синтетикалық химиялық заттармен байланысты екенін дәлелдеді. Ғалымдар бұл мәселеде заңдық немесе саяси шектеулердің жоқтығына алаңдайды. Олар заңнамаларды қайта қарау, жаңа стандарттар қабылдау мен химия өнеркәсібін қайта құрылымдау қажеттігін айтады.

Соңғы 50 жылда бүкіл әлемде балалардың денсаулығы алаңдатарлық жағдайға жетіп, жұқпалы емес аурулар (NCD) көрсеткіші күрт өскен. Ғалымдар басты кінәліні тапты. Ол – химиялық заттардың әсері.

New England Journal of Medicine (NEJM) журналында жарияланған «Manufactured Chemicals and Children’s Health – The Need for New Law» атты зерттеу мақаласында синтетикалық химиялық заттар мен пластмасса өндірісінің дамуы кішкентай сәбилер мен балалар арасында қауіпті ауруларды өршітіп жіберген. Статистика сол тұжырымды айғақтайды.

Балаларда астма диагнозы үш есе өскен, аутизм қазір 36 баланың 1-еуінде кездеседі. Фото autismeducates.com сайтынан алынды

Зерттеуге қатысқан Қоршаған ортаны балалар үшін қорғау консорциумының мүшелері балалардағы қатерлі ісік деңгейі 35%-ға, астма диагнозы үш есе өскенін және аутизм қазір 36 баланың 1-еуінде кездесетінін жазады. Семіздік 4 есеге, ұл балалардың ұрпақты болу мүшелерінің ақаулары 2 есеге артқан. Зерттеушілердің айтуынша, бұл өсу үрдістері балалардың синтетикалық химиялық заттар мен пластмассамен күнделікті әрекеттесуінің экспоненциалды өсуімен байланысты екен.

Синтетикалық материалдардың өндірісі 1950 жылдан бері 50 есе өскен және 2050 жылға қарай тағы үш есе өседі деп күтілуде. Сонымен қатар  бұл химиялық заттардың әсері дамудың ерте кезеңдерінде, әсіресе, кішкентай балалар үшін өте қауіпті. Зерттеушілер жүктіліктің ерте кезеңінде тіпті аз мөлшерде синтетикалық материалдар мен химиялық заттармен әрекеттесу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін деп санайды.

Туылғаннан кейін балалар нәзік, осал болып қалады. Өйткені химиялық заттардың төмен деңгейінің өзі ұзақмерзімді денсаулық проблемаларын туғызады.

Қазіргі кезде көптеген химиялық заттар улы немесе зиянды екені дәлелденбейінше қауіпсіз болып саналады. Фото herviewfromhome.com сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock.com / LeManna

Балалар ауруының мұндай өсуі зерттеушілерді үкіметтер мен өндірушілерді дереу әрекет етуге шақыруға мәжбүрлеуде. Өмірлік маңызды саналатын балалардың даму кезеңінде олардың денсаулығын қорғауға көмектесетін қатаң химиялық сынақтар мен реттеудің шұғыл қажеттілігін ғалымдар атап көрсетуде.

Қазіргі кезде көптеген химиялық заттар улы немесе зиянды екені дәлелденбейінше қауіпсіз болып саналады. Бірақ оның зияны байқалғанша, дәлденгенше тым көп уақыт керек.

Ал ғалымдар болса, барлық химиялық заттарды нарыққа шығарар алдында олардың қауіпсіздігін мұқият сынайтын жаңаша, белсенді тәсілдерді қолдануды ұсынады. 

Сонымен қатар мамандар өнімдердің денсаулыққа ұзақмерзімді әсер етуін бақылауды өндірушілерге жүктеу керек деп санайды. Балалық шақта химиялық заттар мен тағамдарды қолдануды шектеу, олардың қаупімен күресу айтарлықтай күш-жігерді қажет етеді. Бірақ ондай шешімдер қабылдайтын мезгіл жетті, олармен күресу құралдары да белгілі. Балалардың денсаулығын ойласақ, оларды пайдалану керек.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.