Modern Trading Solutions тауар биржасының басшылығы 23 брокерлік компанияны туыстары мен сенімді тұлғаларының атына тіркеп, көмір саудасына әрдайым ақшалай сыйақы беретін адамдарды ғана қамтып отырған.
Тауарлық биржа басшылығы көмірді заңсыз сатып, 2 миллиард теңге пайда тапқан
Фото: АР
737
оқылды

Қаржылық мониторинг агенттігі  Modern Trading Solutions  тауарлық биржасының заңсыз қызметін тоқтатты. Аталған ұйымның басшылығы биржалық сауданың негізгі қағидаларын бұзған,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Олардың Шұбаркөл кен орнынан көмірді тек заңсыз материалдық сыйақы төлеген тұлғаларға сатқаны белгілі болды.

 Modern Trading Solutions  тауар биржасының басшылығы 23 брокерлік компанияны туыстары мен сенімді тұлғаларының атына тіркеп, көмірді ұдайы ақшалай сыйақы беретін тұлғаларға ғана сатқан.

Шын мәнінде, сауда жасағысы келгендердің аккредитация мерзімін созып, келісімшартқа қол қоймай, саудаға қолжетімділігін шектеу және олардың нәтижелерін жою арқылы кедергі келтірген. 

Мұның соңы жылыту маусымы алдында көптеген арыз-шағым мен әлеуметтік шиеленіс тудырған. 

Қылмыстық топтың жыл сайынғы кірісі 2 миллиард теңгеден асқан. Оны өзіне қарасты компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айырбастаған. Қазіргі уақытта сауда биржасының 3 басшысына қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалса, тағы біреуіне осындай шарамен қатар, іздеу жарияланған. 

ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды.

– Егер сізге экономикалық құқықбұзушылық жасау фактілері белгілі болса, бұл туралы "АФМ Insider" Telegram ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі, – делінген ресми хабарламада.

Қаржылық мониторинг агенттігі әлеуметтік маңызды тауарларға баға қалыптастыруды бақылауды жалғастырып жатыр. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.