Депутаттар бірінші оқылымда азаматтық қорғау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді қарайтын болады. Ұсынылған нормалар азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін көтеруге, адамдар көп жиналатын нысандарды пайдалануға беру кезінде өрт қауіпсіздігін бақылауды қайтаруға бағытталған. Сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілерді жаңғырту және техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарын келісу, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету нормаларын анықтау көзделген.
Жалпы отырыстың күн тәртібіне Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да енгізілді. Құжат өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау және дамыту саласындағы ынтымақтастықты арттыруға, отандық тауарлар мен қызметтердің экспорттық әлеуетін арттыруға, инвестиция тартуға және жалпы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды жақсартуға бағытталған.
Сондай-ақ палата «Жасанды интеллект туралы», «Топырақ қорғау туралы» жаңа заң жобаларын, көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілетін заңнамалық түзетулерді, Қазақстан–Өзбекстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы заң жобаларын жұмысқа алады.