Оның ғылым жолы Қазақ ұлттық университеті, содан кейін Сингапурдағы Наньян технологиялық университетінде ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеуден басталған.
Манат Мұстафа: «Жастардың шетелге кетуінен трагедия жасаудың қажеті жоқ»
Сурет автордікі
2,333
оқылды

Манат Мұстафа – математика саласындағы ғалым. 2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде математика мамандығы бойынша Ph.D дәрежесін қорғаған. Қазіргі уақытта Назарбаев Университетінің математика кафедрасының ассистент профессоры болып қызмет атқарып келеді. Оның ғылым жолы ҚазҰУ, содан кейін Сингапурдағы Наньян технологиялық университетінде ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеуден басталған. 2003-2009 жылдар аралығында О.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика мектебінде математика пәнінің мұғалімі болған. Сарапшының ғылымға қатысты және білім беру саласына қатысты көзқарастары өзгеше. Осы жолғы сұхбатымызда Манат Мұстафамен Қазақстандағы математика, жалпы ғылымның әлеуеті, орта мектептегі математиканың деңгейі сияқты тақырыптарда әңгімелестік. Ендеше, аталмыш сұхбатты мәртебелі оқырманның назарына зор ықыласпен ұсынамыз!

Манат мырза, сіздің зерттеу тақырыбыңыз математикадағы ең қажетті тақырыптар мен тараулар екен. Жиындар теориясы, математикалық логика, логика, есептеу теориясы, алгебра мен операторлар теориясы. Бірақ бір байқағаным, сіздің ғылыми мақалаларыңыздың көбінде бірнеше автор тұр. Қанша дегенмен тұлғаның жеке амбициясы деген дүние бар. Ғылымдағы кез келген адамның жеке жолы, ізі болғаны дұрыс па деймін. Меніңше, ұжымдық еңбекте жеке адамның еңбегі бәрібір көріне бермейтін тәрізді. Физика мен химиядағыдай эксперимент жасау керек болса, біреу теориясын, екіншісі лабораторияда жұмыс істейді, үшіншісі тексереді дегендей ғой. Математика сияқты таза теориялық ғылымда ұжымдық еңбектерді ғылыми орта қош көре ме? 

– Бұрын ғалымдар жеке жұмыс істеп, өз есебін өзі шығарып, мақала жазуға тырысатын. Ал қазір ғылым ұжымдық еңбекке көбірек бағыт алды. Математика да бұл үрдістен тыс емес. Жеке жұмыс істеу, әрине, жақсы. Бірақ кейде жалғыз идеямен, есеппен шектеліп, өзге мүмкіндіктерден оқшауланып қалуыңыз да мүмкін. Қазіргі кезде есептерді шешуде жаңа әдістер қажет, оларды меңгеру және қолдану уақытты талап етеді. Сондықтан ғалымдар бірігіп жұмыс істейді. Бұл –  қалыпты жағдай. Сонымен қатар математика мен басқа ғылымдарда авторлыққа қатысты ерекшеліктер бар. Басқа ғылым салаларында бірінші, екінші автор ұғымдары маңызды болса, математикада авторлар әдетте алфавиттік тәртіппен жазылып, тең құқықты болып есептеледі.

 Түсінікті. Қазір ЖОО-да сабақ бересіз. Бұған дейін мектепте сабақ бердіңіз. Қалай ойлайсыз, мектептегі математика курсының бағдарламасы жеткілікті ме? Кейбір тақырыптарды алып тастаудың не қосудың қажеті бар ма? Мысалы, өңірлердегі білім басқармасының басшысы болып отырған математик мұғалімдердің ішінде «тригонометрия, логарифм, интеграл – үшеуі де қажет емес» дейтін адамдар да бар... Бұған қатысты көзқарасыңыз қалай?

– Мәселе – мектеп бағдарламасынан ұғымдарды алып тастауда емес, оларды қалай оқытуды дұрыс ұйымдастыруда. Егер ұғымдардың қолданысы мен физикалық мағынасын қарапайым әрі түсінікті етіп жеткізе алсақ, оқушылар оны қиындықсыз меңгереді. Сондықтан бағдарламадан ұғымдарды алып тастау – қате. Керісінше, оларды қалдырып, түсіндіру әдістерін жақсарту қажет.

Дифференциалдау, туындылар, интегралдау сияқты ұғымдарды мектепте оқыту орынды. Бұл – математика тарихында маңызды рөл атқарған негізгі түсініктер. Мысалы, алгебраның кейбір саласы алғашында жоғары деңгейлі математика ретінде саналғанымен, уақыт өте келе мектеп бағдарламасына енгізілді. Сол сияқты XVII-XVIII ғасырларда пайда болған интегралдау ұғымының қарапайым есептерін де оқушылар меңгере алады.

Жиындар теориясы  – XIX-XX ғасырлардағы математикадағы үлкен жаңалықтардың бірі. Ол мектеп бағдарламасына енгізіліп, оқушылар арасында жақсы қабылданды. Демек, жаңа ұғымдарды енгізу математика білімін байыта түседі. Оқушыларға оларды дұрыс жеткізсек, бұл ұғымдар қиындық туғызбай, керісінше олардың ойлау қабілетін дамытады. Сонымен бірге осы ұғымдармен қоса, жаңа математикалық ұғымдарды да мектеп бағдарласына енгізу керек деп ойлаймын.

Мысалы, қандай?

– Қазіргі заман – жасанды интеллект дәуірі. Және бұл технологиялардың дамуы математикамен тығыз байланысты. Жасанды интеллектінің негізінде статистика, ықтималдық теориясы, сызықтық алгебра сияқты салалар жатыр. Сондықтан осы білімдерді мектеп бағдарламасына енгізу – өте маңызды. Мысалы, сызықтық теңдеулер, матрицалар, ықтималдықтар мен статистика ұғымдары оқушыларды болашақта AI мен басқа да заманауи технологияларды оңай меңгеруіне дайындайды.

Мақсатымыз – анықтаманы жаттату емес, мағынасын ұғындыру

Математиканы тек теориялық тұрғыда емес, практикалық жолмен де оқыту қажет. Статистика мен ықтималдық теориясын өмірлік мысалдармен түсіндірсе, оқушылар ұғымдарды оңай меңгереді. Мақсат – анықтамаларды жаттату емес, олардың мағынасын ұғындыру. Сондықтан кітаптарда анықтамадан гөрі практикалық есептер мен мысалдарға көбірек көңіл бөлінуі керек. Бұл тәсіл балаларға математиканы түсініп, оны болашақта қолдануға мүмкіндік береді.

Қолда бар және интернеттегі мәліметсе сүйенсек, Қытай – қазір математика бойынша әлемдегі ең ірі державалардың бірі. Себебі оған дәлел Қытайлық студенттердің PISA-дағы көрсеткіші дер едім. Біз неге математиканы оқыту жағынан Қытайдан қалып қоямыз? Кейбір сарапшылар мұның себебін Қытай мектептерінде оқушылар біздің Математика-физика факультетінде оқитын 2-3-курс материалдарын өтетінімен байланыстырады. Сонда егер мұны қытайдың баласы меңгере алатын болса, сингапурдың баласы меңгере алатын болса, онда қазақтың баласы ол материалды неге меңгермеуі керек?

– PISA рейтингін талқылау орынды, бірақ біз өзімізді Қытай немесе басқа дамыған елдермен тікелей салыстырғанда абай болғанымыз жөн. Қытайдың 1,5 миллиард халқы бар, білім беру жүйесі қатаң іріктеуге және жоспарлауға негізделген. Бұл олардың жоғары көрсеткіштеріне ықпал етеді. Дегенмен Қытайдың өзі соңғы кездері мектеп бағдарламалары мен олимпиадалық дайындық, немесе бітпейтін қалың жарыстарға сын көзбен қарай бастады. Олар балаларға тым көп жүктеме салудың тиімсіз екенін түсініп, өзгерістер енгізіп жатыр.

Қазақстан жағдайында білім жүйесін жақсарту үшін өз мүмкіндіктерімізді ескеруіміз керек. PISA нәтижелері әр елдің білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне тәуелді екенін де естен шығармау керек. Еуропа елдерінде, мысалы, білім мен демалыстың тепе-теңдігіне ерекше көңіл бөлінеді. Біздің оқушылардың математикалық қабілеті Қытайдан әлдеқайда төмен деп айта алмаймыз. Дарынды балаларымыз көп, бірақ олардың мүмкіндіктерін толық ашуға жұмыс істеу керек.

Мәселен, үш ауысыммен оқитын мектептерде білім беру сапасын арттыру қиын. Қытайда математика күн сайын екі рет оқытылса, біздің де бір ауысымдық мектептерде осындай жүйені енгізу арқылы нәтиже жақсартуға болады. Пәндерге көбірек уақыт бөліп, тиімді оқыту әдістерін қолдансақ, оқушыларымыздың білім деңгейі әлдеқайда жоғары болар еді.

Бізде дарынды бала көп

Оған қоса, біздің мектеп бағдарламасындағы балалардың математикалық қабілеті Қытайдан кем болып тұр деп айта алмаймын. Маған бір жағынан сол PISA рейтингіне қай мектептер қатысқаны қызық болып тұр... Әйтпесе, бізде математиканы мықты меңгерген дарынды балалар көп қой.

Жарайды, оны былай қойғанда, бізде, мәселен, әлі де ауысыммен оқитын мектептер бар. Біз ондай мектептерге қандай «шарт» қоя аламыз? Жаңағы Қытай мектептерінде, математика кей күніндері 2 рет оқытылады. Егер біз қазақстандық оқушыларды да таңғы сағат сегізден кешкі алтыға дейін оқытсақ, олар да сөзсіз, жоғары нәтижеге жетеді. Егер бізде бір ауысыммен оқытатын мектептер болса, онда математика немесе басқа пәндерге көбірек уақыт бөлініп, сабақ кем дегенде екі рет өтсе, балалардың білім деңгейі де жоғары болар еді.

- Жаңа ғана PISA жайлы айттым ғой. Біз көбіне мемлекеттің рейтиңін жасағанда, қоғамның дамуы жайлы айтқанда, көбіне спорттық Олимпиаданы сөз етеміз. Бірақ былай қарасаңыз, сол PISA тестіндегі алғашқы орындағы Сингапур, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттер әлемдік дамудың да алдыңғы сатысынан ойып тұрып орын алады. Осы мысалдың өзі мемлекеттің дамуы мектептен басталатынының айқын көрінісі емес пе?

- Иә, солай делік. Бірақ мына жайтты да ескерген жөн. Мысалы, біраз жыл бұрын Сингапурдағы 10-11 сынып оқушысының бір апталық өмірі туралы мақала шыққан еді. Онда Сингапурлық оқушылардың апта бойы өте қатаң тәртіппен оқитыны, тек жексенбі күні түстен кейін ғана өзіне жарты-ақ сағат уақыты бары айтылады. Қалған уақыты түгелдей жоспарлы түрде өтеді: сабақ, қосымша үйірме, олимпиадаға дайындық және басқа да іс-шаралар. Мұның себебі: Сингапур – кішкентай, бірақ өте тығыз орналасқан, алты миллионнан аса халқы бар ел. Мұнда өмір сүру үшін бәсекеге қабілетті болу өте маңызды. Егер сіз бәсекеге қабілетті болмасаңыз, қоғамнан тыс қалып қою қаупіңіз жоғары.

Ғылыми зерттеулерге миллиардтап қаржы бөлді

Мен өзім сол жақта сабақ беріп, өмір сүріп келгеннен кейін осы Сингапурдың мысалын көбірек айтайын. Жалпы Сингапур халқы – 6 миллион ғана адам, оның 3 миллионы – иммигранттар. Сондықтан бұл жақтағы еңбек нарығын толтыруда шеттен келген мамандардың үлесі зор. Иә, олар негізінен елді жұмыс күшімен қамтамасыз етеді. Соған қарамастан мұнда шетелден келген мамандар қатаң тәртіппен жүреді, бірақ оның да бір пайдасы бар. Себебі олар ел экономикасына айтарлықтай үлес қосады. Сингапур осы иммигранттардың көмегімен еңбек нарығын дамытып, экономикасын күшейтті. Сонымен қатар мемлекет ғылыми зерттеулерге миллиардтаған қаржы бөліп, өз мамандарын даярлауға да күш салып отыр. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі инновациялық жобалар мен ғылыми орталықтарға жұмсалады.

Бір ғана университетте 170-тен астам Нобель сыйлығының иегері бар

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, ғылым мен білім деңгейін бағалау үшін PISA ғана емес, басқа да көрсеткішке  қарау керек шығар. Мысалы, Гарвард университетінің өзінде 170-тен астам Нобель сыйлығының иегері бар. Ойлаңызшы, бір ғана университет шығарған әлемдегі ең озық ойлы адамдардың саны осындай. АҚШ-тағы Бостон қаласы бар. Сонда Гарвард, MIT (Массачусетс технологиялық институты), Бостон университеті сияқты әлемнің жетекші оқу орындары орналасқан, олардың әрқайсысында әлемдік деңгейдегі ғалымдар жұмыс істейді.

Оған қоса бізге салыстыру үшін Жапонияның білім беру жүйесін қарастыруға болады. Бұл елде білім беру жүйесі өте қатаң, бірақ жеткен нәтижесі өте жақсы. Олар да ғылыми зерттеулер мен инновацияларға айтарлықтай қаржы бөліп, технологиялық жетістіктерге қол жеткізіп отыр.

- Бірақ Нобель сыйлығын алған қытайлықтар да біраз бар ғой?

- Иә, расымен де бар. Мысалы, ғылым саласында үлкен жетістікке жеткен қытайлық ғалымдардың бірі – химик-фармаколог Ту Юю (Tú Yōuyōu). Ол  медицина саласындағы жаңалығымен танымал тұлға. Қызығы, оның докторлық дәрежесі немесе жоғары ғылыми атағы болмаған, тек магистр деңгейінде білім алған. Алайда ол ғылымға зор үлес қосып, «артемизинин» деп аталатын дәріні ойлап тапты. Бұл дәрі безгек (малярия) ауруына қарсы тиімді ем ретінде танылып, 100 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалды. Ғалымның бұл жаңалығы медицина үшін аса маңызды жетістік болды.

Дегенмен Нобель сыйлығын алған қытайлықтар саны аса көп емес. Қытай – қазіргі таңда қатал тәртіп пен саяси идеологияға сүйенген ел, оның дамуы негізінен көне дәстүрлер мен байырғы білімге негізделген. Қытайдың заманауи ғылымдағы жетістіктері қазір аса көп емес. Бірақ қазіргі дамуы жақсы және Нобель сыйлығын алған қытайлықтардың басым бөлігі Қытайда емес, көбіне шетелде, әсіресе АҚШ-та жүріп табысқа жеткендер.

- Енді мына мәселенің басын ашып алайықшы. Елдің дамуы үшін ғылым керек, білім керек дейміз. Бірақ бізде мектептің өзін ауыл мектебі мен қала мектебі деп бөледі. Бұл қаншалықты дұрыс? Барлығына бірдей талап қойып, бірдей жағдай жасауға не кедергі? Себебі біздің мемлекетте «ауыл және қала мектебі» деген жай ғана сөз емес, үлкен айырмашылық қой...

- Айтқаныңыз орынды. Бірақ мұнда мәселе тек материалдық жағдаймен шектелмейді. Барлық қиындықты, барлық мәселені шеше алатын – маман (яғни кадр). Біздің көбімізде ауылға қатысты қасаң таптаурындар бар. Ауылда оқитын баланың, сабақ беретін мұғалімнің, ол жақтағы білімнің деңгейі төмен деп нақты айтпас едім. Ауылдық жерлерде жағдай соншалықты нашар емес. Бірақ мойындауымыз керек, түйткілдің барлығы қаржыға келіп тіреледі. Ауылда адам саны аз. Дегенмен егер сол жерге негізгі инфрақұрылымдарды жасап берсек, адамдар қайта оралуы мүмкін ғой?..

Ауылына мектеп салып бергендер санаулы...

Мәселен, кезінде Нұрлан Қаппаров деген ағамыз (марқұм) министр болған кезінде өзінің туған жері, Шымкент маңындағы Атбұлақ ауылына мектеп салып берді. Ол сол кездің өзінде қаладағы мектептермен тең дәрежеде сапалы білім беру үшін жеке қаражатына мектеп тұрғызды. Қарап тұрсаңыз, бізде қаншама министр болды, бірақ ауылына мектеп салып бергені санаулы ғана ғой...

Осыған ұқсас жағдайды кезінде Бауыржан Оспанов деген кәсіпкер жасады. Ол да өзінің туған ауылы Жыландыға мектеп салып берді. Біріншіден, осындай мектептер ауылды көтеруге көп үлес қосты. Екіншіден, мектеп салудың маңызы сол, ауылға мамандар тартылады. Жаңа Нұрлан ағамызды айттым ғой. Мысалы, сол салған жаңа мектептің жанынан 10 шақты үй салынды. Оған жас мұғалімдер мен мамандар қоныстанды. Одан бөлек мәселен, мұғалімдер мемлекеттен 150 мың теңге жалақы алса, ол жеке кәсібін пайдалана отырып, қалтасынан қосымша тағы 150 мың теңге төлеп отырды. Осылайша білікті мамандарды ауылға тарту жүйесі қалыптасты. Білуімше, сол мектеп Шымкенттегі ең үздік мектептердің қатарына кірді. Алматыдағы Жәутіков атындағы физика-математика мектебімен байланыс орнатып, материалдық базасын дамытты. Осының бәрі жан-жақты қолдаудың арқасында жүзеге асты. Жекелеген азаматтардың көмегі, мемлекет пен кәсіпкерлердің қолдауы бәрібір ауылдың өркендеуіне ықпал етпей қоймайды.

Енді осы білім саласына қатысты, өзім білетін бір нәрсені айтайын. Біздегі ең жаман ғадет – «Үкімет түк істеп жатқан жоқ, жұмыс істемей жатыр» деп шағымдана беру. Шын мәнінде, Үкімет жұмыс істеп жатыр. Бірақ негізгі мәселе – маман тапшылығы, дәлірек айтсам, сапалы маманның аздығы.

Мысалы, Назарбаев университетінің базасында «Мұғалім боламын!» деген бағдарлама бар. Бұл – жас педагогтерді ауылға тартуға бағытталған жоба. Бағдарлама тек Назарбаев Университетінің түлектері үшін емес, жалпы барлық жас маманға арналған. Сонымен қатар мемлекетімізде «Дипломмен ауылға» деген жоба да бар. Енді осы аталмыш бағдарламалар өз-өзінен немесе ойдан шығарылған жоқ қой. Егер Үкімет ауылды ойламаса, мұндай бастамалар қолға алынбас еді. Сол бағдарламалардың мақсаты – ауылды дамыту, ондағы білім сапасын көтеру.

Қорыта келгенде, бізде ауылға қатысты екі негізгі мәселе бар. Біріншісі – маман тапшылығы: ауылдарда білікті кадрлар жетіспейді. Екіншісі – адам тапшылығы: ауылдарда халық саны азайып барады. Иә, ауылдық жерлерге мемлекет тарапынан жаңа мектептер салынып, материалдық базасы мейлінше жаңартылып жатыр. Егер сол ауылға білікті мұғалімдер мен мықты директорлар тартылса, мектептің деңгейін көтеруге болады. Бұл – қазір біз бас қатыруымыз қажет ең маңызды мәселе.

- Одан бөлек қазір дарынды балаларға арналған мектеп саны 130-дан асты. Бұндай атаудың өзі маған дискриминация секілді көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз, балаларды дарынды не дарынсыз деп жікке бөлу дұрыс па?

- Мектептерді «дарынды балаларға арналған» деп бөлу туралы бұрын ойланып көрмеппін. Бірақ бұл атауда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Мысалы, Астана қаласында дарынды балаларға арналған мектеп көп. Дегенмен жай мектептерден де дарынды оқушылар шығып жатыр ғой. Меніңше, мұндай мәртебе бәсеке тудырады, ал бәсекесіз мықты балалар қалыптаспайды. «Дарынды» деген атау жай ғана сөз емес. Сол мектептің деңгейі мен білім сапасы осы статусқа лайық болуы керек. Мен бұл мәселені осы тұрғыдан қарастырамын, өйткені кез келген нәрсеге негативпен қарағым келмейді. Позитив көзқарас керек.

- Мектеп оқушыларын дарынды не дарынсыз деп бөлгеннен бұрын, оқуды гуманитарлық және жаратылыстану бағытына бөлген дұрыс па? Себебі бізде көптеген ата-ана «балаларым математиканы, физиканы оқудан қиналмасын» деп гуманитарлық бағытқа береді. Сосын солардың басым көбі техникалық мамандыққа, IT, мұнай инженері, энергетика, робототехникаға барады делік. Керек десеңіз, экономикалық салада жүреді. Осы тенденция дұрыс па? Егер ата-ана 7-8 сыныптан бастап баласын гуманитарлық бағытқа барады деп шешетін болса, онда ол бала 7, 8, 9 сыныптың да математикасын жөнді меңгермегені ғой. Енді содан жақсы математик, жақсы инженер, жақсы экономист шығуы мүмкін бе?

- Гуманитарлық бағытта әдебиет, тіл, тарих сияқты пәндер басым оқытылса, жаратылыстану бағытында физика, математика, биологияға басымдық беріледі. Бірақ осы бағыттар арасында нақты шектеу бар ма? Мысалы, гуманитарлық бағытта оқыған бала инженерияға түскісі келсе, оған тыйым салына ма? Жоқ. Егер ондай шектеу болмаса, бұны «проблема» деп қарастыруға негіз жоқ.

Бұл екі бағыт (гуманитарлық және жаратылыстану) бұрыннан қалыптасқанымен, қазіргі заман талабына қарай өзгеріп келеді. Себебі қазір көптеген мектепте оқушылар өз қалауына қарай пәндерді таңдауға мүмкіндік алып отыр. Дегенмен біз әлі де балалардың нақты бейімін толық анықтай алмай жатқан болуымыз мүмкін. Қоғам прогрессив түрде алға жылжыған сайын бұл мәселе де өз шешімін табады деп ойлаймын. Нақты қорытынды шығару үшін алдымен статистикалық деректерге сүйеніп, сосын қолда бар деректерге шынайы талдау жасаған дұрыс.

- Ал математика пәні бойынша Қытайдағы мектеп бағдарламасы мен Қазақстандағы мектеп бағдарламасының ара-жігі қалай? Және мұғалім мен оқушыға қойылатын талаптарды салыстыруға келе ме? Қай елдің бағдарламасында талап жоғары әрі не себепті? Одан қандай пайда бар?

- Қытай мен Қазақстанның білім жүйесін салыстырғанда, ұқсастықтармен қатар айырмашылықтарды да сөз еткеніміз жөн болар. Мысалы, Қытай мектептерінде оқушылар толық бір ауысыммен білім алады. Бұл – олардың білім алудағы басты артықшылықтарының бірі. Бізде сабақ көбіне таңертеңнен түске дейін өтеді, ал Қытайда балалар кешке дейін мектепте болады. Сонымен қатар жоғары сыныптарға өткен сайын оқу уақыты да ұзарып, үй тапсырмасын орындау мектептің өзінде жүзеге асады. Бұл – кезінде өзім білетін олардың бұрынғы білім беру жүйесі. Қазіргі кезде қандай өзгерістер болғанын нақты білмеймін. Одан аса ауытқи қоймаған шығар. Бірақ егер біз де физика мен математиканы күн сайын бірнеше рет оқытсақ, мысалы, күніне кемінде 2 рет оқытсақ, немесе оған жаңа мазмұнды қосып оқытсақ (мысалы, ЖИ туралы), білім сапасы анағұрлым жоғары болар еді.

Білім жүйесіндегі басты мәселе – мектепте ауысыммен оқыту

Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі басты мәселелердің бірі – ауысымдық оқу. Егер барлық мектеп бір ауысымға көшсе, білім сапасының айтарлықтай жақсаратыны сөзсіз. Қазіргі кезде жекеменшік және халықаралық мектептердің саны артып келеді әрі оларда оқыту уақыты ұзақ. Мысалы, Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқушылар таңертеңнен кешке дейін білім алады. Олар тек сабақ оқып қана қоймай, үй тапсырмасын орындап, шығармашылық жобалармен айналысуға да мүмкіндік табады. Ал түске дейін ғана оқитын мектептерде мұндай жағдай жасау қиын.

Қытайда барлық мектеп бір ауысымда оқытатындықтан, сапалы білім алуға мүмкіндік жоғары. Ал Қазақстанда кейбір мектептер әлі де ауысымдық жүйемен оқытады. Мұндай жағдайда білім сапасына ықпал ететін шектеулерді өзіңіз де аңғара беріңіз.

Ғылыммен айналысу үшін еркіндік пен қаржылық қолдау қажет

Жаңа сөз арасында да айттым, Сингапурдағы халық саны – 6 миллион, оның жартысына жуығы шетелден келген жұмысшылар мен мигранттар. Бұл ел еңбек күшін сырттан тартудан қорықпайды, керісінше, ең білікті мамандарды шақыру арқылы дамуын жеделдетіп отыр. Сингапурдың еңбек нарығы өте жүйелі. Әрбір жұмыс орны белгілі бір категорияға жатады, жалақы деңгейі нақты белгіленген. Мысалы, университетке постдокторант ретінде келсеңіз, қай жерде жұмыс істесеңіз де жалақыңыз сол қалпында сақталады. Міне, нағыз тұрақтылық деген – осы. Адамдарға өз жұмысына алаңсыз көңіл бөлуге мүмкіндік жасайды.

Қазақстанда да мықты профессорлар бар, бірақ олардың кейбірінің ғылыми зерттеумен айналысуға уақыты тапшы. Себебі олардың күнделікті сабақ кестесі өте тығыз, ал ғылыммен айналысу үшін еркіндік пен қаржылық қолдау қажет. Егер біз шетелдік стандарттарға сай зерттеулер жүргізуге мүмкіндік жасасақ, еліміздегі ғылым мен білімнің деңгейі әлдеқайда жоғары болар еді...

- Есім-сойы әлемге танымал, қазір Wayne State университетінде сабақ беретін сіздің әріптесіңіз, математик Уәлбай Өмірбаев бір сұхбатында «Америкада қоғам саған сенеді, бұл жақта профессорға сенім аз» деген еді. Және біздегі оқытушылардың ғылыммен айналыса алмауының бір себебін оқу жүктемесімен байланыстырды. Осы тұрғыдан сізде қандай да бір мәселе туындаған жоқ па?

- Назарбаев университеті де АҚШ-тағыдай стандартпен құрылған. Сабақ жүктемесі көп емес, сондықтан ғылыммен еркін айналысуға болады. НУ-дың оқыту формасы, оқу жүктемесін, қаржылық қолдауды негізгі ғылыми-зерттеу универсиеттеріне де енгізу керек.

- Дегенмен ол жақтағы жүйемен салыстырғанда бізде қандай да бір айырмашылық бар шығар?

- Иә, айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, америкалық университеттерде ғалымдарға «жылына міндетті түрде пәленбай мақала жарияла» деген талап қойылмайды. Бұл жүйенің бір артықшылығы – зерттеушілердің сапаға көбірек мән беруі.

Мәселен, Вьетнамның өте мықты бір математигі бар, аты Нго Бао Тяу.  Ол – Fields сыйлығын алған жалғыз вьетнамдық математик әрі Францияда білім алған, қазір Чикаго университетіндегі профессор. Қызығы, оның осы күнге дейін жариялаған ғылыми мақалаларының жалпы саны – небәрі 19 ғана. Бірақ бұл аз мақаланың әрқайсысы маңызды ғылыми жаңалыққа негізделген.

Ал бізде кейде санға басымдық беріледі. Ешкім оқымайтын 200 мақала жариялағаннан гөрі, нақты бір мәселені шешетін бір сапалы мақала жазған әлдеқайда тиімді емес пе? Сондықтан АҚШ-тағы жүйеде ғалымдарға артық міндеттемелер жүктелмейді, олар ғылыммен еркін айналыса алады.

- 2003-2009 жылдары Жәутіков мектебінде сабақ бердіңіз ғой. Жоғары математиканы мектепте сабақ беріп жүргенде қолдана алдыңыз ба? Қолдансаңыз, қай тақырыптарды, қандай формулаларды, қандай әдіс-тәсілдерді мектеп оқушыларына сабақ берген кезде қолдана алдыңыз? Немесе алдағы уақытта қолданғыңыз келе ме?

- Иә, бізде «сандар теориясы» мектеп бағдарламасында толық оқытылмайды. Тек қарапайым арифметикаға басымдық беріледі. Университеттерде сандар теориясы курсы бар. Бірақ мектеп деңгейінде оны тереңдетіп оқыту қажет болатын кез, балалар математикадан олимпиадаға дайындалғанда керек. Себебі көптеген олимпиадалық есеп дәл осы теорияға негізделген. Егер оқушыларға тереңдетілген білім берілсе, олардың логикалық ойлау қабілеті артады.

- 2019 жылы Астанада сіздің бастамаңызбен 30 елден келген 100-ден астам ғалым қатысқан математикалық логика салалары бойынша Азиялық конференция өтті. Бұның мақсаты қандай? Жалпы ғылыми конференциялардан ғылымға пайда бар ма?

- Рақмет. Бұл конференцияны ұйымдастыру идеясы менің Сингапурда ғылыми сапарда болған кезімде пайда болды. Сол жақтағы ғалымдармен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағаннан кейін, олар мені танып, қабілетіме сенім артты. Нәтижесінде осы ғылыми жобаны Қазақстанға әкелуге мүмкіндік туды.

Конференцияның негізгі мақсаты – математикалық логика саласындағы мамандарды біріктіріп, жаңа зерттеу бағыттарын талқылау, жас ғалымдардың жұмысын таныстыру және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту. Мысалы, биыл конференция Жапонияда өтпек, ал екі жыл бұрын Қытайда ұйымдастырылған.

Ғылыми конференциялардың пайдасы зор. Мұндай алаңдарда ғалымдар бір-бірімен пікір алмасып, зерттеу бағыттарын талқылап қана қоймай, күрделі есептердің шешімін табуы да мүмкін. Сонымен қатар, конференция жас зерттеушілер үшін үлкен мүмкіндік береді. Олардың жұмыстарын халықаралық деңгейде таныстырып, болашақта әріптестік орнатуына септігін тигізеді. Осылайша, ғылыми ортада жаңа идеялар туындап, ынтымақтастық артады.

- Бізде де Математика институты бар ғой?

- Иә, Алматы қаласында да үлкен Математика институты бар. Онда жақсы жұмыс істеп жатқан маман көп. Институттың жұмысы оны басқарып отырған адамның біліктілігіне байланысты ғой. Қазіргі уақытта бұл институтта Махмұд Садыбеков есімді білікті ғалым қызмет атқарады. Ол – өз саласының үздік маманы, тәжірибелі зерттеуші. Махмұд ағамыз жас ғалымдарды қолдап, ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар институтта Асқар ағамыз бен Уәлбай ағамыз да жұмыс істейді. Олар да грант арқылы жобасын жасап, жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Бізде Сингапурдағыдай апта сайын конференция ұйымдастырылмаса да, әр ғалым өз саласында өнімді еңбек етіп келеді. Ғылыммен айналысу үшін де, конференция өткізу үшін де қаржы керек. Мысалы, шетелден спикер шақырту, ұйымдастыру – барлығы қомақты қаражатты қажет етеді. Егер біздің жүйе Сингапурдағыдай болса, мұндайды ұйымдастыру әлдеқайда жеңіл болар еді. Себебі мәселен, Сингапурда «математикалық логика» пәні бойынша бір айлық жазғы мектеп бар. Бұл жобаға шетелден балалар мен PhD студенттері қатысады. Ол жерде студенттерге грант бөлінеді, жатақханадан тегін орын беріледі әрі 2000 доллар көлемінде стипендия тағайындалады. Бір ай бойы түрлі лекцияны тыңдап, жазғы мектеп бағдарламасына қатысады. Бұл – үлкен мүмкіндік. Осындай жүйе жас ғалымдардың байланысын кеңейтіп, ғылыми орталықтардың беделін арттырады. Бізде де осындай жағдай жасалса, ғылымның дамуы жеделдер еді.

- Өзіңіз сөз етіп отырған дүниені тереңдете түсейік. Ғылымды қолдауға бөлінетін гранттық жобалар жайлы айтыңызшы. Жалпы ғылыми зерттеуге қаржы қалай бөлінеді?

- Қазір министрлік тарапынан ғылымға көптеп қаржы бөлініп жатыр. Конкурс жарияланып, оған қатысу үшін өтінімдер беріледі. Нақтылы мамандардың бағасын алғаннан кейін, ол ғылыми саладағы алған ұпайы бойынша ретке қойлады да, іріктеуден өткендері қаржыландырылады. Қазір бұрынғыға қарағанда ғылымда ақша бар. Дегенмен оның кемшін тұсы да жоқ емес. Дәл уақытылы жарияланбау, грант басқарудағы жүйенің қиындығы дегендей.  Ғылыммен айналысатын адамдарға грантты басқаруда еркіндік беріліп, қаржылай қолдау еркін көрсетілуі қажет. Бұл ғылым дамуы үшін қажет. Батыс елдерінде біздегі секілді гранттық қаржыландыру арнаулы конкурс арқылы беріледі. Ол нақты жобаға немесе зерттеуге қажетті ресурстарды қамтиды. Айырмашылығы, жоба жетекшісі одан айлық алмайды, ол жобаға постдок немесе докторант қабылдай алады.

-Ал қаржыландыру қалай жүзеге асады?

- Ғалым өзіне постдокторант, PhD студент алады, шетелге шығып, ғылыми баяндамалар жасап, мақалалар жариялайды. Егер зерттеу химия немесе биологиямен байланысты болса, ұтқан қаржыға химикаттар мен зертханалық құрал-жабдықтар сатып алынады. Жалпы зерттеумен тікелей айналысуға жағдай жасалады.

-Шетелдің тәжірибесін біраз айттыңыз. Ал сіз осы Қазақстанда жүріп, математика саласы бойынша қандай мықты математиктерді жолықтырдыңыз? Ұстазыңыз кім?

- Елге келген кезде бізге ерекше қолдау көрсетіп, үлкен жанашырлық танытқан математиктердің бірі – Асқар Жұмаділдаев ағамыз. Біз оның тәрбиесін көрдік, ғылымға деген көзқарасымыздың қалыптасуына ықпал етті. ҚазҰУ-да да өте білікті мамандардан білім алдық. Бәрінің атын атап, түсін түстеп тұрып айтып беруге болады, Мысалы, Балтабек Қанғожин, М.Орынбасаров, Ержан Байсалов сынды ұстаздарымыз болды.

Қазақ математикасын дамытқан ғалымдар

Айтпақшы, Ержан Байсалов ағамыз – 1979 жылы математика бойынша бүкіл СССР көлемінде өткен олимпиаданың чемпионы атанған тұлға. Ол ұзақ жылдар бойы олимпиадалық математиканы дамытып, шәкірттер дайындады. Кейін шетелде сабақ беріп, шетел университетінде профессор қызметін атқарды. Қазір елге оралып, ғылыми қызметін жалғастыруда.

Магистратураны аяқтап, докторантураға түскенімде Серікжан Бадаев деген тамаша математикті жолықтырдым. Ол менің ғылыми жетекшім болды. Қазір ҚБТУ-да профессор, ғылыммен әлі де белсенді айналысады, сонымен қатар Қазақ тілінде ең әдемі жоғарғы алгебраның оқулығын жазған адам. Көп шәкірт тәрбиеледі.

Сондай-ақ ең алғашқы ұстаздарымыздың бірі – Қытай қазақтарынан шыққан бірегей математик Тұрдыбек Нұрдыбекұлы. Қазіргі таңда ол – ASTANA IT университетінде профессор.

Және Қазақтың ең үздік математиктерінің бірі Уәлбай Өмірбаев ағамызды айтар едім. Ол қазіргі таңда АҚШ-тағы Wayne State University-де профессор.

Міне, осы тұлғалар – менің ғана емес, тұтас қазақ математикасының дамуына үлес қосқан ғалымдар. Мен оларды ғылымда да, өмірде де ұстаз тұтамын.

- Шәкірттеріңіз ше?

- Бізде 2019 жылы математикадан Phd бағдарламасы ашылды. Сол кезде менің оқушым алғаш осында түсті. Аты-жөні – Жансая Тілеулиева. Былтыр сәуірде ғана өзінің докторлық диссертациясын қорғады. Қазір Назарбаев университетінде сабақ беріп жүр.

- Шеттегі білім мәселесіне тағы да тоқталайықшы. Сіз өзіңіз бір пікіріңізде «Соңғы жылдары Қытайдың қарқынды дамуының себебі – есікті айқара ашуында. Олар шетке миллиондап студент жіберді, келмей қалғанына да ренжіген жоқ. Ақшасын төлеп, жіберді» дейсіз. Бізге де бұл тәжірибе қажет деп ойлайсыз ба?

- Иә, қажет. Жалпы бізге жастардың шетелге кетуін қалыпты құбылыс деп бағалау керек. Егер ғылымды қолдайтын орта болса, қоғам болса, жағдай жасалса, ешкім қағынан жерімейді. Мен ылғи айтып жүремін, жалпы шетелге кеткен ғалымдардан, жастардан трагедия жасамауымыз керек. Ол бәрібір қазақ болып қала береді. Көріп отырмыз ғой, мысалы, Назарбаев университеті құрылған соң, шетке кеткен ғалымдар орала бастады. Шеттегі қазақтармен сөйлессеңіз, бәрі де «ғылымда жағдай болса, елге қайтар едім» дейді. Сондықтан бізге ғылыммен айналысуға жағдай жасалуы керек. Назарбаев университетінің моделі тағы бір 10-15 университетте болса, сөз жоқ, шетке кеткен ғалымдарымыз елге келеді.

- Соңғы сұрағым болсын. Математикада «қателік» ұғымы қалай қабылданады? Қателесуден қорқу керек пе? Тек санға ғана қатысты емес, жалпы өмірде де. Әлде сіз екеуін бөлек қарастырасыз ба?

- Математикада қателесуден қорқудың ешқандай қажеті жоқ. Ғылымның негізгі принципі – үнемі даму, жаңарту және жаңа көзқарастарды қабылдай алу. Ал көзқарас жаңаруы үшін адам қателеседі. Математика мен ғылымның дамуына қатысты, жастардың математикаға деген бейімін ескере отырып, болашақта көптеген үлкен жұмыс атқарылатынына сенімдімін. Математикадағы қабілетті жас ғалымдар қазір түрлі салада жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта осы таланттарды ұштау үшін, тек қана Назарбаев университеті емес, барлық оқу орындарында осыған ұқсас жағдайлар жасалса, ғылымның әрі қарай дамуына үлкен серпін берері сөзсіз.

- Жақсы. Уақытыңызды қиып, менімен әңгімелескеніңіз үшін көп рақмет!

- Сізге де көп рақмет!