Ұлттық ұлан сарбаздарының ас мәзіріне ұлттық тағамдар қосылды. Жаңа мәзірді қазақ тағамтану академиясы мақұлдаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Ел алдында борышын өтеп жүрген әскерилер қызметі оңай емес. Үнемі қозғалыста, әсіресе қыстың суығына қарамай, далада жаттығатын сарбаздар үшін тамақтың құнарлы болуы маңызды. Сондықтан олардың иммунитетін көтеру мен қарқынды жүктемеден кейін күш-қуатын қайта қалпына келтіру мақсатында ұлттық ас ұсыныла бастады.
– Бізде қазір 700 солдат тамақтанады. Сол себепті мына жерде үйіндей сезінсін, үйіндей көрінсін деп солдаттарға көп мөлшерде тамақ беруге тырысып жатырмыз. Сол себепті бешбармақты айына бір рет береміз, – деді 5573 әскери бөлімінің асхана меңгерушісі Әйгерім Әленова.
Осы жолы да сарбаздарға ұлттық тағам беріліп жатыр. Бірінші асқа сорпа, екіншіге қазақша ет және ұлттық тағамымыз бауырсақ.
Еттен бөлек, әскерилер рационына сірне, наурызкөже, нарын, кеспе секілді дәстүрлі тағамдар қосылады және бұл ас түрлері әр мереке сайын дастарқанға қойылмақ.
– Әр мереке сайын бізді жиі осылай жақсы тамақтандырып отырады. Біз әскери бөлімнің ас мәзіріне өте риза боп келеміз. Әрдайым үйдегідей тамақ дайындайды. Бірінші, екінші, салат, қосымша жемістер, – дейді 5573 әскери бөлімінің сарбазы Әли Тілеуқұл.
Ұландықтарға ұлттық ас ұсыну – былтырдан қолға алынған бастама. Мұндай шешім сарбаздардың физикалық тұрғыда нығаюынан бөлек, әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын көтеріп, мәдени бірегейлігімізді сақтауға үлесі тимек.