Өңірдің дамуы барлық саланы, соның ішінде ауыл шаруашылығын, цифрландыруды және ауылды қолдауды қамтиды.
Батыс Қазақстанда Президент тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша негізгі міндеттер белгіленді
181
оқылды

Оралда облыс активінің жиыны өтіп, онда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан тапсырмаларына сәйкес негізгі міндеттерді белгіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

2024 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция 4,7%-ға өсіп, 712,9 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың тоғыз айында жалпы өңірлік өнім 1,9%-ға өсіп, 3,4 трлн теңгені құрады.

«Экономиканы дамытудың маңызды бағыттарының бірі экспортты ілгерілету және импортқа тәуелділікті төмендету болып табылады. Жалпы, 2024 жылы экспорт көлемі 6,4 млрд АҚШ долларын құрады. Жыл қорытындысы бойынша облыста оң сауда балансы қалыптасқанын, яғни экспорт импорттан асып түсетінін атап өту маңызды. Алайда, экспорттың басым бөлігі мұнай-газ өнімдеріне тиесілі екенін ескере отырып, өңірде өңдеуші өнеркәсіп саласын дамытуды жалғастыру қажет. Инвестицияларды тарта отырып, кәсіпорындар жүктемені ұлғайтып, экспортқа бағдарланған өнім шығаруды басымдыққа айналдыруы тиіс. Алдағы бес жылда облыста 59 инвестициялық жоба жүзеге асырылады, оның 26-сын биылғы жылы енгізу жоспарлануда, бұл 800 жұмыс орнын қамтамасыз етеді», – атап өтті Нариман Төреғалиев.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында оның жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 2028 жылға қарай 40%-ға дейін ұлғайтуға бағытталған жүйелі шаралар көзделген.

Сондай-ақ, әлеуметтік саланы және денсаулық сақтауды жақсарту бойынша бастамалар жоспарланған. Атап айтқанда, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, сондай-ақ қала мен аудан әкімдіктеріне жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздарды кәсіптік оқыту мен әлеуметтік жобаларға тарту, халықты жұмыспен қамту бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Денсаулық сақтау саласында Бөрлі және Казталов аудандарында ауданаралық ауруханалар салу, сондай-ақ Орал мен Қаратөбе аудандарында төрт денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеу мәселесі қаралуда.

Білім беру мәселелеріне көп көңіл бөлінді: 2025 жылы 17 жаңа мектептің құрылысы жоспарлануда, оның 7-уінің құрылысы жүргізілуде.  Бұл шаралар 8 апатты және 7 үш ауысымды мектепті жоюға мүмкіндік береді. 2023-2024 жылдары облыста 22 жаңа мектеп пайдалануға берілді, оның үшеуі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынды.

Инфрақұрылымды дамыту мен тұрғын үй құрылысы да басым бағыт болып қала береді. 2025 жылы облыстық және аудандық маңызы бар 212 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда, оған 42,2 млрд теңге бөлінеді.

Сондай-ақ облыс активінің жиынында облыс әкімі биылғы жылы «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасы аясында барлық нысандарды аяқтауды, сонымен қатар  елді мекендерді 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар, облыс әкімі Мемлекет басшысының биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанын және осы бағытта өңірде жұмысшы мамандықтарды қолдауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілетінін атап өтті.

Өңірдің дамуы барлық саланы, соның ішінде ауыл шаруашылығын, цифрландыруды және ауылды қолдауды қамтиды. Жиын барысында қоғам өкілдері жарияланған бастамаларға қолдау білдірді.

«Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС басшысы Валерий Крылов алға қойылған міндеттердің маңыздылығын атап өтіп, оларды жүзеге асыру Батыс Қазақстан облысының экономикасы мен әлеуметтік саласын одан әрі нығайтуға ықпал ететінін баса айтты.

«Президент энергетика саласын жаңғырту, өнеркәсіпте жаңа жобаларды жүзеге асыру, инфрақұрылымды дамыту және т.б. маңызды мәселелерге тоқталды. Мұның барлығы ел экономикасын нығайтуға септігін тигізеді. Біз кәсіпкерлер ретінде Мемлекет басшысының барлық бастамаларын қолдаймыз», – деді Валерий Крылов.