Баға Қазақстанда ғана емес, Америкада да өсіп жатыр. Америка Қытайдан келетін импортқа қосымша 10% баж салығын енгізді. Тауарларға баға өсе бастады және оның одан әрі көтерілуі мүмкін.
Импорттық бұйымдарға баға одан әрі көтерілуі мүмкін
Тұрмыстық электроника, киім және тоқыма бұйымдары, автокөліктер қымбаттайды. Фото dealnews.com сайтынан алынды
287
оқылды

Business Insider сайтының хабарлауынша, АҚШ президентінің бірнеше елден импортталатын тауарларға тарифтерді көтергеннен кейін баға өсе бастаған. Aikyn.kz осы хабарламаға сүйене отырып, қандай тауарлардың тобына бағаның өсетінін талдайды.

Қытайда жасалған смартфон, киім немесе ас үй техникасын сатып алуды жоспарлаған тұтынушылар бюджетін қайта қарауда. Фото foxbusiness.com сайтынан алынды

Экономистер америкалық тұтынушылар үшін жағымсыз болжамдарымен бөлісуде. Олардың ойынша, бірінші кезекте тұрмыстық электроника, киім және тоқыма бұйымдары, автокөліктер қымбаттауы мүмкін. Қытайда жасалған жаңа телефон, киім немесе ас үй техникасын сатып алуды жоспарлаған тұтынушылар бюджетін қайта қарауға мәжбүр болуда.

Сейсенбі күні (4 ақпан) АҚШ президентінің жарлығы күшіне еніп, Қытайдың импорттық тауарларына қосымша 10%-дық баж салығы салына бастады. Тарифтер күшінде қалса немесе тағы да көтерілсе, америкалықтар тауарлардың үлкен тобына көбірек ақша төлейтін болады.

Санақ бюросының мәліметі бойынша, Америка Құрама Штаттары 2023 жылы Қытайдан 427 миллиард долларлық тауар импорттаған. Тұрмыстық электроника, автокөлік бөлшектері мен тұрмыстық техника сияқты тауарлар ең қымбат заттардың қатарына кіретін болды. Төменде бағасы көтерілуі мүмкін тауарлардың төрт тобы талданған.

АҚШ 2023 жылы 14,6 миллиард долларға бөлшектер мен керек-жарақтарды Қытайдан тасыған. Фото global.chinadaily.com.cn сайтынан алынды. Авторлығы: Xinhua

Тұрмыстық электроника

Санақ бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы Америка Құрама Штаттары Қытайдан 66,7 миллиард долларға ұялы телефондар мен басқа да тұрмыстық заттар, 37,4 миллиард долларға компьютерлер және 15,7 миллиард долларға басқа да техникалар сатып алған.

Тұтынушылар технологиясы қауымдастығы 2023 жылы Америка Құрама Штаттарына импортталған америкалық ойын консолдерінің 87% Қытайдан келгенін айтады. Сырттан келген смартфондардың 78%-ы, ноутбуктер мен планшеттердің 79%-ы қытайлық тауарлар.

Қаңтар айындағы болжамдар бойынша, жалпы тарифтерді енгізу ноутбуктердің бағасын 68%-ға, ойын консольдерін 58%-ға және смартфондарды 37%-ға өсіретінін айтылған.

Автомобильдер

Қытай сонымен қатар автомобиль бөлшектерінің негізгі өндірушісі болып саналады, АҚШ 2023 жылы 14,6 миллиард долларға бөлшектер мен керек-жарақтарды осы елден тасыған. Автоөндірушілер өндіріске қатысты бөлшектерді Қытайдан алатындықтан, автокөліктерге де бағаның өсетіні анық. 

Тарифтер енгізілгеннен кейін тоңазытқыштың орташа базалық бағасы 650 доллардан 776 долларға дейін көтеріледі. Фото amazon.com сайтынан алынды

Киім және тоқыма бұйымдары

2023 жылы АҚШ Қытайдан 19,6 миллиард долларға тоқыма бұйымдары мен киім-кешек импорттады. Ұлттық бөлшек сауда федерациясы тарифтерді өсіру киім-кешек, аяқкиім және сөмкелер мен әмияндар сияқты саяхат заттарының бағасын айтарлықтай арттырады деп мәлімдеді.

Трамп әкімшілігі Қытайдан әкелінетін импортқа қатысты бұрын салық салынбай келген құны 800 долларға дейінгі тауарларға да тарифтер енгізді. Яғни, ондаған жылдар бойы өзгермеген «де minimis» ережесі жойылды. Америкалық тұтынушылар шағын, бажсыз жөнелтілімдерді кең қолданады. Енді Temu мен Shein сияқты қытайлық бөлшек саудагерлердің бизнес үлгісі бұзылуы мүмкін. Өз өнімдерінің көп бөлігін Қытайда өндіретін бөлшек саудагерлер де тарифтердің құнын тұтынушыларға артатындарын бұрын хабарлаған. 

Тұрмыстық техника

АҚШ 2023 жылы Қытайдан 13,8 миллиард долларға тұрмыстық техника импорттады. Тарифтер енгізілгеннен кейін тоңазытқыштың орташа базалық бағасы 650 доллардан 776 долларға дейін көтеріледі деп күтілуде.

Америкалық бөлшек сауда ұйымдары арнайы мәлімдеме таратып, «барлық тараптарды сауда қарым-қатынастарын нығайтатын және ортақ саясаттағы сәтсіздіктердің шығындарын америкалық отбасыларға, жұмысшыларға және шағын бизнеске артуға жол бермеу үшін келіссөздерді жалғастыруға» шақырған. Бірақ үлкен саясат бұған құлақ аса қояр ма екен?!

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.