Қазақстандық белгілі әнші Алмас Кішкенбаев 15 тәулікке қамауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жабық түрде Алмас Кішкенбаевқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.
Сотта А.Кішкенбаевтың мас күйде ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзатын жеке тұлғаларға зәбірлеп тиiскені анықталды.
Ал сотта әнші оқиғаның мән-жайы есінде жоқ екенін айтқан.
434-баптың 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 5 күннен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу түріндегі жауапкершілікті қарастырады. Жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ Сонымен қатар, жауаптылықты ауырлататын мән-жай мас күйінде құқық бұзушылық жасау болып анықталды.
– Жоғарыда айтылғандардың негізінде Алмас Кішкенбаевқа ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды, – делінген ақпаратта.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.