Ұлттық ұлан офицері бір тәулік бойы ауырып жатқан көкшетаулық қарт тұрғынды құтқарды.
Жамбас пен иық сүйектері сынып бір тәулік қараусыз жатқан қарияны құтқарды
Фото: gov.kz
1,044
оқылды

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің взвод командирі Еркен Халиолин бір тәулікке жуық өз пәтерінің еденінде қозғалыссыз жатқан қарт әйелді құтқарып қалған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Патрульдеу кезінде әскери жасақ бастығынан және әскери қызметшілерден көмек сұрап Нұрбол Қабдинов есімді азамат жүгінді. Ол жақын маңдағы тұрғын үйлердің бірінде тұратын қарт туысының телефон қоңырауларына жауап бермей және есікті ашпай жатқанын хабарлады.

– Мен 73 жастағы әпкемнің туыстарына немесе балаларына бармағанын білдім, сондықтан үйіне келіп, жағдайын білгім келді. Бірақ есікті ешкім ашпады. Төтенше жағдайлар қызметі мен жедел жәрдемді күтпестен, Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінен көмек сұрауды жөн көрдім, – деді Нұрбол Қабдинов.

Ұландықтар оқиға туралы бірден әскери жасақ кезекшісіне баяндады. Белгілі болғандай, түнде әйел құлап қалған. Соның салдарынан жамбас және иық сүйектерін сындырып алыпты.

Оқиға орнына жедел жеткен кезекші Еркен Халиолин екінші қабаттағы пәтерге терезе арқылы кіріп, дәліздегі еденде жатқан зейнеткерді байқады. Ол зардап шеккен әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін дәрігерлерге тапсырған.

Осылайша, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері дер кезінде көмек көрсетіп, адам өмірін сақтап қалды.