Көптен күткен тағы бір функция ЖИ құралына қосылды. Енді өзіңізге керек мәліметтерді іздеп, сағаттап видео көрмейсіз. Оны сіз үшін жасанды интеллект жасайды.
Gemini AI видеоны қас-қағым сәтте көріп, қажет ақпаратты жинап береді
Gemini бізге керек ақпаратты видеодан бірнеше секундта табуға көмектеседі. Сурет kp.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Катерина МАРТИНОВИЧ
950
оқылды

Aikyn.kz жаңа интеллектуалды құралдың қалай жұмыс істейтінін techradar.com сайтының хабарламасына сүйеніп түсіндіреді.

Gemini 2.0 Flash енді YouTube-тағы видеоларды көріп, сізге керек ақпарат табады. Иллюстрация techeela.com сайтынан алынды

Жаңа дәуірде ең қымбат – уақыт. Уақытын дұрыс жоспарлай алмаған адамдар табыстан қағылады, мақсатына жете алмайды. Технологиялық құралдар адамға уақытын үнемдейтін мол мүмкіндіктер береді. Бірнеше сағаттық ұзақ видеодан қажетті ақпарат іздеудің қиындығын көпшілік жақсы біледі. Бұл проблеманы да ЖИ құралы шешіп берген сияқты.

Google компаниясы жақында өзінің Gemini жасанды интеллект платформасының 2.0 жаңартуларын қосты. Соңғы жаңартулардың көмегімен Gemini AI бұрынғыдан да тиімді, қолайлы болды.

Сарапшылар да, Google-дің Gemini 2.0 жаңартулары өте керемет жаңа мүмкіндіктерді қамтитынын айтуда. Gemini 2.0 Flash енді YouTube-тағы видеоларды көріп, сіз үшін ақпарат іздей ала алады. Егер бұрын маңызды ақпаратты іздеп, бүкіл видеоны (оның хронометражы ондаған минуттан бірнеше сағатқа созылуы мүмкін) қарап шығуға тура келсе, Gemini оны бірнеше микросекундта толығымен қарап, контент туралы сұрақтарға жауап береді.Ақпаратты іздеуге кететін уақытты үнемдеу – жаңа функцияны ең маңызды сипаты. Біздің көпшілігіміз YouTube видеоларын толық көруге бірнеше сағатымызды жұмсайтынбыз. Ал Gemini бізге керек ақпаратты бірнеше секундта табуға көмектеседі. Бұл – керемет жаңалық!

Мысалы, торт немесе кондитерлік өнімдерді қалай жасауға болатынын көрсететін көптеген аспаздық видеолар болады. Бірақ ондай каналдар бүкіл видеоны қарауға мүдделі болғандықтан, тағам түрінің ингредиенттерін, жасау нұсқауларын қарапайым тізім түрінде ұсынбайды. Gemini 2.0 болса сіз үшін видеоны көріп, бірнеше секунд ішінде тағамды әзірлеу нұсқаулығын жасап береді.Бұл функцияны қалай қосуға болады?

Gemini видеоларды көруі үшін телефоныңыздағы Gemini веб-нұсқасына немесе компьютердегі Gemini-дің веб-нұсқасына кіру керек. Әдеттегідей тіркелгі мәліметтерін пайдаланып жүйеге кіріңіз. Мынаны міндетті түрде тексеріңіз: веб-браузердің жоғарғы сол жақ бұрышындағы (немесе телефондағы қолданбаның жоғарғы жағындағы) Gemini мәзірінде «2.0 Flash Thinking Experimental with apps» опциясын таңдау керек.

Осыдан кейін ғана сіз Gemini-ден видеоны көруді және оған қатысты сұрақтарға жауап беруді сұрай аласыз. Мысалы, мына видеода пісте тортын қалай жасау керектігі көрсетілген: https://www.youtube.com/watch?v=1Br_hPQrU5I

YouTube-тағы осы видеодан тортты жасау нұсқаулығын жазбаша түрде алу үшін Gemini-ден жай ғана сұраңыз: «Сіз бұл видеоны көріп, ингредиенттер мен нұсқаулардың тізімін бере аласыз ба? https://www.youtube.com/watch?v=1Br_hPQrU5I». Ол сізге бірнеше секундта бәрін жасап береді. 

Адаммен жарысқан ЖИ құралы видеоларды талдап, сұрақтарға жауап береді. Сурет afftimes.com сайтынан алынды

Бір ғана кеңес: YouTube-тағы видеоның URL адресін браузерден көшіріп, оны Gemini қолданбасына қойсаңыз, оны чат-бот түсінбеуі мүмкін. Ол «видеоның URL адресі жарамсыз» деп айтуы мүмкін. Қолданба дұрыс түсінуі үшін видеоның төменгі жағында орналасқан «Бөлісу» (Поделиться) түймешегін басып, URL-ді сол жерден көшіріп (Копировать) алсаңыз ақылды Gemini жақсы жұмыс істейді.

Gemini 2.0 Flash-ті Google Search және Google Maps қолданбаларымен бірге пайдалануға да болады. Бірақ жаңа функцияның YouTube-тағы видеоларды көріп, талдауы бүгінгі ойын ережесін өзгертері анық. Тағы бір ескеретін жағдай: Gemini 2.0 Flash видеодағы аудио тректерді жақсы талдайды (transcribing), сіздің сұрағыңызға жауапты видеода айтылған сөздерден іздейді. Үнсіз видеолардағы кейіпкерлердің іс-әрекеттерін қаншалықты сапалы анықтайтыны, әзірше, белгісіз. Оны жаңа функцияны ұзақ сынау арқылы білуге болады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.