ІІМ қоршаған ортаны ластап, бейнекамераға түсіп қалған құқық бұзушыларды көрсетті.
Қоқыс тастаған, түкірген адамды анықтайтын 1,5 миллионға жуық камера орнатылды
Фото: Polisia.kz
267
оқылды

Бейнекамералар экологиялық құқықбұзушылықтармен күресуде тиімділігін көрсетуде. Заманауи технологиялардың көмегімен қарапайым түкіруден бастап, заңсыз қоқыс тастауға дейін анықталып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz  Polisia.kz  сайтына сілтеме жасап.

Ақтөбеде 20 жастағы жігіттің көпқабатты үйдің баспалдақ алаңына түкіргені бейнекамераға түсіп қалған. Қоғамдық орынды ластағаны үшін оған айыппұл салынды. Павлодарда камера көшеде темекі қалдығын тастаған ер адамды тіркеді. Осыған ұқсас тағы бір жағдайда екі тұрғын қоқыс салатын жәшіктің жақын жерде тұрғанына қарамастан, темекі қалдығын жолға лақтырған. Олар ұсақбұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

2025 жылдың басынан бастап осы бағытта 54 мың әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес, республика бойынша 1,3 миллион камера жұмыс істеген болса, оның 275 мыңы полицияның жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдеріне қосылған.

Ал 2024 жылдың қорытындысына сәйкес, олардың саны 1,5 миллионға жетіп, оның 340 мыңы полиция органдарына шығарылды. Камералар құқықбұзушылықтарды жедел анықтауға, дәлелдер жинауға, қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ішкі істер министрлігі "Таза Қазақстан" акциясы аясында және қоғамда "Заң мен Тәртіп" қағидатын нығайту бойынша жұмысын жалғастырады. Полиция азаматтарды табиғатты аялауға, тазалықты сақтауға шақырады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.