Aikyn.kz сүт жалпы денсаулыққа да, дәріні қабылдауда жақсы көмекші екенін newatlas.com сайтының хабарламасы негізінде талдайды.
Зерттеушілер сүттің дәрі-дәрмектің толық сіңуіне көмектесетін тиімді құрал екенін тағы дәлелдеді. Фото healthdigest.com сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock / ViDI Studio
Сүттің адамның денсаулығына пайдалы екені белгілі. Жаңа зерттеулер кейбір дәрі-дәрмектерді сүтпен бірге қабылдағанда олардың ағзаға сіңуі айтарлықтай жақсартатынын көрсеткен. Зерттеушілер сүттің дәрі-дәрмектің толық сіңуіне көмектесетін тиімді құрал екенін тағы да дәлелдеп берді.
Ана сүтінің сәбидің алғашқы айлары мен жылдарында пайдасы туралы, адам инсулині бар сүттер туралы жаңалықтар үйреншікті болып кетті. Бірақ ғалымдарға сүттің құрамындағы заттар дәрі-дәрмекпен араласса, жақсы сіңетіні, емнің тиімділігі жоғары болатыны барған сайын анық болуда.
Монаш университеті (Monash University) жүргізген жаңа зерттеу сиырдың сүтімен қосып қабылданған кейбір пероралды препараттардың тиімділігі айтарлықтай арттыратынын анықтады. Монаш фармацевтикалық ғылымдар институтының (MIPS) профессоры Бен Бойд:
«Көп жылдар бойы жүргізген зерттеулеріміз арқылы біз белгілі бір препараттардың сүтке қалай «байланатынын» дәйекті түрде көрсеттік. Сүтпен «байланған» препаратты біздің денеміз тамақ ретінде қабылдайды және жақсы қорытады. Бұл процесс арқылы сүт пен дәрі жақсы сіңеді, сол арқылы дәрінің тиімділігі артады», – дейді.
Ана сүтінің сәбидің алғашқы айлары мен жылдарында пайдасы туралы жиі айтылады. Фото uoflhealth.org сайтынан алынды
«Биожетімділік» термині қабылданған препараттың қанға қандай мөлшері түсетінін білдіреді. Дәріні қабылдағанда оның «биожетімділігі», жұтып қабылданатын немесе асқазанға басқа жолмен жеткізілетін препараттардың биожетімділігі бірнеше факторларға байланысты. Ол факторларға асқазан мен аш ішектің рН деңгейі, сондай-ақ ферменттер мен асқазан-ішек жолындағы метаболизм жатады.
Биожетімділікті барынша арттырудың кілті – препараттың формуласы. Осы формула дәрінің қаншалықты жақсы сіңетінін, бойға таралуын және ағзаға қаншалықты әсер ететін анықтайды.
Көптеген дәрі-дәрмектер суда нашар ериді және липофилді (майлы ортаны ұнатады), екеуі де биожетімділікке қиындық тудырады. Адам ағзасы, оның ішінде асқазан-ішек жолдары негізінен судан тұрады, сондықтан препарат суда нашар еритін болса, ол қанға толық сіңбейді. Липофилді препараттар майдың еруі және дұрыс сіңуі үшін қажет болғандықтан, фармацевт белгілі бір дәріні майлы тамақпен қабылдауға кеңес беруі мүмкін.
Дәл осы жерде сүт пайдалы болып шықты. Типтік май құрамына байланысты сүт өнімдерін липофилді препараттардың ерігіштігін арттыруға қабілетті липидті формула ретінде қарастыруға болады. Сондай-ақ зерттеулер көрсеткендей, суда нашар еритін препараттарды ана сүтімен немесе сиыр сүтімен араластырғанда, сүттің қорытылуы дәрілердің ерігіштігін арттырады. Екінші жағынан, сүт қолжетімді тағам түрі, арзан және әдетте барлық адамдар оны жақсы қабылдайды.
Дәрілердің бәрін сүтпен ішуге болмайды. Дәрінің суда ерігіштік немесе липофилді (майлы ортаны ұнатады) қасиетін, сүттің құрамымен үйлесуін ескеру қажет. Фото menslife.com сайтынан алынды
Monash University ғалымдарының жүргізген зерттеудің нәтижелері 2020, 2022 және 2024 жылдардағы зерттеулердің нәтижелерін растайды. 2020 жылғы зерттеуде безгекке қарсы екі дәрінің ерігіштігін сүтті қолдану арқылы жақсартуға болатынын дәлелдеген жұмыстарға Eureka Prize сыйлығы берілді. Ол зерттеу Molecular Pharmaceutics журналында жарияланған.
2022 жылы Pharmaceutics журналында жарияланған зерттеу паразиттік инфекцияларды емдеуде қолданылатын суда нашар еритін празиквантель препаратын сиыр сүтінде еріту оның қанға сіңуін арттыратынын анықтады.
Ал 2024 жылы Journal of Pharmaceutics журналында жарияланған зерттеуде нәрестелерге сиыр сүтімен бірге берілген каннабидиолдың (CBD) биожетімділігі екі есе артқанын көрсеткен. Каннабидиол эпилепсиясы бар балаларда психологиялық проблемаларды, оқу және қарым-қатынас қиындықтарын шешу үшін, физикалық жаттығуларды орындаудағы қиындықтарды емдеу үшін жиі қолданылады. Дегенмен бұл зерттеулер әлі де жалғасуы тиіс.Зерттеулердің бұл жиынтығы маңызды препараттардың тиімділігі сүт арқылы жақсаратынын анық көрсеткенімен, оны қолдану табысы төмен елдерде тоңазытқыштың болмауы практикалық кедергілер туғызуда. Мысалы, тоңазытқыш қолданбайтын көптеген отбасылар үшін ыстық күнде сүт бұзылып, сапасы өзгеріп, оның пайдасынан зияны көп болуы мүмкін. Сондықтан, табиғи сүтті дәрімен бірге қолдану дамушы елдерде көптеген кедергілерге тап болады және сүтті FDA мақұлдаған дәрілік ингредиент ретінде қабылдау қиынға түседі.
Енді ғылыми ізденістер дәріні сүтпен қабылдау арзан, нәрестелерге қолайлы формулаларды табу бағытына бұрылуда. Бұл дамушы елдерде кең таралған ауруларды емдеуде балама шешімдерді қажет етеді.
ЕСКЕРТУ: дәрінің бәрін сүтпен ішуге болмайды.
Дәрінің суда ерігіштік немесе липофилді (майлы ортаны ұнататын) қасиетін, сүттің құрамымен үйлесуін ескеру қажет. Дәріні дәрігерлер мен фармацевт мамандардың кеңесімен ғана сүтпен бірге қабылдау керек.
Зерттеу European Journal of Pharmaceutics and Biopharmaceutics журналында жарияланған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.