Ірі инвестициялық банк алтын құймаларды Еуропадан Америкаға тасып жатыр. АҚШ саясатының өзгеруі осындай күтпеген салдарларға алып келуде.
JPMorgan миллиардтаған доллар тұратын алтынды ұшақтармен таси бастады. Себебін біз білеміз
Инвестициялық банктер алтын құймаларды Еуропадан Америкаға тасып жатыр. Фото mintjewels.ae сайтынан алынды
2,597
оқылды

Quartz сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz алтын құймалардың ұшақпен тасымалдану себебін түсіндіреді.

JPMorgan Chase 4 миллиард доллар тұратын алтын құймаларды Америкаға жеткізуді жоспарлап отыр. Фото latimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Diane Bondareff

JPMorgan Chase инвестициялық банкі осы айда ғана 4 миллиард доллар тұратын алтын құймаларды Америкаға жеткізуді жоспарлап отыр.

АҚШ президенті Дональд Трамптың тарифтері қазірдің өзінде күтпеген және біршама оғаш экономикалық салдарларға алып елді. Мысалы, ірі банктер Лондонда сақталатын миллиардтаған долларлық алтындарын Нью-Йоркке коммерциялық ұшақтармен таси бастады.

Тәуекелдер өскен кезде инвесторлар алтын сатып алуды капиталды сақтаудың ең сенімді құралы деп түсінеді. Дәл қазір сондай жағдай қалыптасып, инвестициялық банктер алтын сатып алу көлемін ұлғайтып жатыр. Нарық заңы бойынша жоғары сұранысқа ие тауардың бағасы өседі. Нью-Йорк тауар биржасының құрамына кіретін Comex металдар биржасында саудаланатын алтын фьючерстерінің бағасы да көтеріле бастады. Фьючерстер – белгіленген бағамен болашақта алтынды жеткізу келісімшарты екені белгілі.

Сәрсенбіде (12 ақпан) фьючерстік келісімдер үшін алтынның троя унциясы 11%-ға көтеріліп, 2 909 долларға жетті.

1 троя унциясы – 31,1 грамға тең.

JPMorgan мен HSBC басқа банктер үшін де алтынды Лондонда сақтайды. Фото herobullion.com сайтынан алынды

The Wall Street Journal сұраған кейбір сарапшылардың болжауынша, фьючерстік келісімшарттар жақын арада алғаш рет 3 000 долларға жетуі мүмкін. Дегенмен Дональд Трамп президент болып сайланғаннан кейін және оның Еуропаға тарифтер енгізу доңайбатынан кейін Лондондағы физикалық алтынның бағасы желтоқсан айының басынан бері шамамен 20 долларға арзандады.

Әдетте осы екі нарықтағы бағалар синхронды түрде қозғалады, өйткені баға алшақтығы туындаған кезде трейдерлер алтынды екі құрлықтың арасында жылжыта алады. Банктер болса бұл нарықтарда үлкен рөл атқарады, алтын құймаларды Лондонда сақтайды. Оны пайда табу үшін несиеге беру және Нью-Йоркте фьючерстік келісімшарттарды сату арқылы өздерін бағаның төмендеуінен қорғайды.

Бұл жерде JPMorgan мен HSBC негізгі ойыншылар болып саналады, өйткені олар алтын операцияларымен белсенді айналысады және басқа банктер үшін алтынды Лондонда сақтайды.

Үлкен көлемдегі алтынды тасымалдаудың ең арзан және қауіпсіз жолы – коммерциялық әуе рейстер. Фото mining.com сайтынан алынды

Қазір АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясаты өзгеріп, бұрын Еуропа мен Америкада бір деңгейде сатылып келген алтын фьючерстері Нью-Йоркте қымбат бағаға сатыла бастады. Осылайша, алтынды Лондонда сақтап келген банктер шығынға батып отыр. Сондықтан фьючерстерді тиімсіз бағамен сатып алудың орнына, олар жақсы жол тапқан. Өздерінің пайдасын сақтап, келісімшарттарды орындау үшін Лондонда сақталып келген алтын құймаларын Нью-Йоркке жеткізіп, жоғары бағаға сату. Бұл қадам оларға бұрынғы ставкалары бойынша шығынды болдырмауға және АҚШ-та алтынды жоғары бағамен сату арқылы пайда табуға мүмкіндік береді.

Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, тек JPMorgan осы айда Нью-Йоркке 4 миллиард долларға бағаланатын алтын құймаларды жеткізуді жоспарлап отыр.

Трейдерлер алтынды АҚШ-қа жөнелтпес бұрын аффинажды фабрикаларда балқытып, стандартты өлшемдермен қайта құюға мәжбүр болуда. Фото aurizrefinery.com сайтынан алынды

Алтынға дүрлігу логистикалық қиындықтар да туғызуда. Кейбір клиенттер Англия банкінің қоймаларынан алтын құймаларын алу үшін кезекке тұрып, бір аптаға дейін күтуге мәжбүр болған.

Банктер үшін тағы бір қиындық бар. Comex келісімшарттарында алтын құймалардың америкалық стандарттарға сәйкес болуы талап етіледі. Бұл трейдерлерді алтынды АҚШ-қа жөнелтпес бұрын, құймаларды аффинажды фабрикаларда балқытып, стандартты өлшемдермен қайта құюға мәжбүр етуде.

Мұндай үлкен көлемдегі алтынды тасымалдаудың ең арзан және қауіпсіз жолы – коммерциялық әуе рейстер. Банктер алтынды Лондон әуежайларына брондалған фургондармен тасымалдау үшін қауіпсіздік фирмаларына жүгінуде.

Бұл логистикалық шығындар алтынды Нью-Йорктегі биржада саудалаудан түсетін пайдамен толық жабылады. Америкалық банктер мен алтын нарығы бүгінде осындай операциялық қарбалас үстінде.   

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.