Желіде тараған вирустық видеода роботтардың жекпе-жегі көрсетілген. Мұндай жансыз машиналар соғысында адамды не күтуі мүмкін?
Дрон мен иттің шайқасы ақырзаманның көрінісіне ұқсайды (видео)
ЖИ роботтары әскери стратегияны өзгерте бастады. Сурет vecteezy.com сайтынан алынды. Авторлығы: Ifti Stock / Iftikhar Alam
1,252
оқылды

Aikyn.kz желіде пікірталас тудырған роботтардың драмаға толы соғысының салдарын bgr.com сайтына сүйеніп талдайды.

Қытайдан тараған вирустық видео роботтар соғысатын болашақ әлем туралы жаңа пікірталастар тудырды. Видеода дрон мен робот-иттің драмалық шайқасы көрсетілген – екі машина бір-біріне отшашу атып, шабуылдайды. Жақында Қытайда өткен роботтар жарысынан көрген басқа да видеоларды ескерсек, бұл оқиға автономды соғыс технологиясының қаншалықты жылдам дамып жатқанын тағы да дәлелдейді.

Жоғарыдағы видеода отшашу қондырғысымен қаруланған Unitree робот-иттің әуеде маневр жасап, отшашуларын атып жатқан дронға шабуылдағанын көреміз. Бұл құрылғылар автономды түрде жұмыс істеді ме, әлде қашықтан басқарылды ма – белгісіз. Себебі видеода қолында басқару құрылғысын ұстап тұрған адамды анық көруге болады.

Алайда, шайқас кезінде робот-иттің жасаған қимылдарына қарағанда, оның жасанды интеллектпен жабдықталған болуы мүмкін екенін болжауға болады. Оның нысанды тек қадағалап қана қоймай, сонымен қатар шайқасқа кірісіп, шабуылдан жалтара алуы – ЖИ негізіндегі әскери жүйелердің шынайылықтан алыс еместігін көрсетеді.

Жасанды интеллект қазірдің өзінде соғыс алаңында адамның араласуынсыз нысандарды анықтап, жоюға мүмкіндік беруге қауқарлы. Фото machinesociety.ai сайтынан алынды

Жасанды интеллект қазірдің өзінде қару-жарақ жүйелерінде адамның араласуынсыз нысандарды анықтап, жоюға мүмкіндік беруге қауқарлы. Мәселен, «жер-ауа» типіндегі зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері операторлардан әлдеқайда жылдам әрекет етіп, қауіп-қатерлерді анықтап, автономды түрде жойып жібереді. Сонымен қатар, адамның бет-әлпетін тану қабілетіне ие ЖИ-мен жабдықталған шабуылдаушы дрондар да бар.

Желіде тараған бұл видеода жай ғана қойылым көрсетілуі мүмкін, бірақ әлемдегі әскерилер автономды соғыс жүйелеріне барған сайын көп инвестиция салуда. Ал соңғы жылдары сатылымға шыққан отшашқышпен қаруланған робот-ит сияқты машиналардың пайда болуы, алдағы уақытта үлкен серпіліс болатынын көрсетеді.

Америкалық әскери күштер ЖИ-ға негізделген шайқас стратегияларын әзірлеудің жолдарын қарастырып жатса, Қытай роботтандырылған бақылау, дрондар тобы және автономды соғыс техникасын зерттеуге ерекше назар аударуда. Мұның бәрі стратегиялық тұрғыдан жаңа қауіптер тудырып қана қоймай, сонымен қатар роботтарға қару беру кезінде пайда болатын этикалық мәселелерді де алға тартады.

Америкалық әскери базаларды күзетуге иттерге көмекке келген робот-ит. Фото af.mil сайтынан алынды

Қауіпсіздік шаралары мен ережелер, сондай-ақ кездейсоқ шығындарға кім жауап беретіні туралы алаңдаушылық инженерлік қауымдастықты қатты мазалауда. Кейбіреулер тіпті осындай роботтарға шабуылды бастау немесе тоқтату туралы шешім қабылдауға рұқсат беру керек пе деген сұрақ көтеруде.

Фейерверк атып шайқасып жатқан роботтар күлкілі болып көрінуі мүмкін, бірақ шынайы өмірде жасанды интеллекті әскери мақсатта қолдану барған сайын күрделеніп, кеңейіп келеді. Автономды дрондар соғысының, робот күзетшілердің және ЖИ-дің басқаруымен жұмыс істейтін нысананы дәл анықтау жүйелерінің дамуы әскери стратегияны өзгерте бастады. Бұл видео әзірге тек күлкілі көрініс болса да, көпшілік күтіп отырған болашақтың белгісі болуы мүмкін.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.