BBC-дің Science Focus ғылыми журналында жарияланған мақалаға сүйенген Aikyn.kz Бенну астероидының Жермен соғылу ықтималдығын түсіндіреді.
2023 жылы OSIRIS-REx миссиясы алып келген астероидтың беткі қабатының 120 грамм үлгісі. Фото llnl.gov сайтынан алынды. Авторлығы: NASA Johnson Space Center / Erika Blumenfeld and Joseph Aebersold)
Бенну – Күнді айналып, Жерге жақын орбитада қозғалатын нысан, Күн жүйесінің ежелгі фрагменті. Ол – шағын, көміртекке бай астероид, әр алты жыл сайын Жерге жақын ұшып өтеді. 2023 жылы NASA миссиясы OSIRIS-REx астероидтың беткі қабатының 120 грамм үлгісін Жерге алып келген. Алғашында астероидтың үлгілерін талдаған ғалымдар онда тіршіліктің пайда болуына қажетті органикалық материяның бар екеніне таңғалған.
Ал бүгін осы Бенну астероиды астрономдарды қатты алаңдатып отыр. Тіршіліктің қалай пайда болуы туралы мәліметтер береді деген астероид қауіпті орбитамен Жерге жақындап келеді. Жаңа есептеулер астероидтың Жермен соқтығысу ықтималдығын анықтаған.
Модельдеу нәтижелеріне сүйене отырып, ғалымдар Бенну астероидының Жермен соқтығысу ықтималдығы 1-ден 2 700-ге тең екенін болжауда. Бұл кезінде динозаврларды жойып жіберген астероидтан әлдеқайда кіші болса да, ол әлі де әлем үшін үлкен қауіп төндіруі мүмкін.
Зерттеу нәтижелері бойынша, Бенну Жермен соқтығысқан жағдайда атмосфераға 400 миллион тонна шаң, аэрозоль, қоқыс және күл көтерілуі мүмкін. Осының салдарынан Күн сәулесінің түсуі азайып, Жер 4°C-қа салқындауы мүмкін, бұл ғаламдық қысқа алып келеді. Күн сәулесінің жетіспеуі өсімдіктер үшін өте қауіпті, ал олардың жаппай жойылуы бүкіл экожүйеге әсер етеді. Сонымен қатар гидрологиялық цикл бұзылып, жауын-шашын мөлшері 15%-ға қысқаруы ықтимал.
Бенну Жермен 157 жылдан кейін ғана, яғни 2182 жылы соқтығысуы мүмкін. Фото nasa.gov сайтынан алынды. Авторлығы: NASA / University of Arizona
Сарапшылар Бенну адамзатқа үлкен әсер етуі мүмкін деп санайды. Егер астероид Жерге соқтығысса, ол атмосфераға шаң мен қоқыс шашыратып, Күн сәулесін бөгеумен қатар озон қабатына зиян келтіруі мүмкін.
«Астероидтардың Жерге соқтығысуы тарихта бірнеше рет болған. Ежелгі адамдар осындай планеталық апаттарды бастан өткерген. Бұл олардың эволюциясына және тіпті генетикалық құрылымына ықпал еткен болуы мүмкін,» – дейді зерттеуге қатысқан доктор Лан Дай.
Дегенмен бұл жерде үміт сәулесі де бар. Тіпті, егер 1-ден 2 700 ықтималдық жүзеге асса да, Бенну Жермен 157 жылдан кейін ғана, яғни 2182 жылы соқтығысады. Ғалымдар бұл оқиғаның болу ықтималдығын 0,037% деп бағалайды.
Жер тарихында астероидтардың соқтығысуынан үлкен зардап шеккен кездер аз болған. Ең белгілі оқиға Чиксулуб кратерінің пайда болуына әкелген және динозаврларды жойған соқтығыс еді. Оның көлемі де керемет үлкен: диаметрі 180 шақырым және бастапқы тереңдігі 17–20 шақырым болған ежелгі кратер. Кратер 66,5 млн жыл бұрын диаметрі 10 шақырым болатын астероидпен соқтығысу нәтижесінде пайда болған.
2025 жылдың басында ғалымдар NASA-ның OSIRIS-REx миссиясы жинаған Бенну үлгілерінен тіршіліктің негізгі ингредиенттерін тапты. Олардың құрамында жердегі тіршілік формаларында кездесетін 20 амин қышқылының 14-і бар. Сонымен қатар Бенну үлгілерінде біздің генетикалық кодымызды құрайтын негізгі химиялық элементтер анықталды. Бұған қоса, зерттеушілер Беннудағы тұздықтың булануынан пайда болған көптеген минералдарды тапты, бұл оның құрамында су болғанын дәлелдейді. Су – тіршіліктің негізгі көрсеткіштерінің бірі.
Бұл жаңалық Жердегі тіршілік астероидтың соқтығысуынан кейін пайда болды деген гипотезаны растайды. Сонымен қатар Ғаламның басқа бір жерінде де астероидтық соқтығыстардың нәтижесінде тіршіліктің пайда болуына қажетті барлық элементтер болуы мүмкін деген болжамды да растай алады.
Жалпы алғанда, ғалымдар ашқан жаңалық тіршіліктің негізгі элементтері бүкіл Ғаламға таралған болуы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл біздің бөтен тіршілік иелерін табу мүмкіндігімізді арттырады. Әрине, егер біз Бенну астероидымен соқтығыспай, аман қалсақ.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.