CNBC телеарнасының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz Украинадағы соғыстың аяқталу мүмкіндігін бағалайды.
Президент: «Мен Украина үшін келісім жасай алар едім. Ешкім өлмес еді, ешбір қала қирамаc еді, бірде-бір күмбез құламас еді. Бірақ олар мұндай жолды (бейбіт келісім – авт.) қаламады». Фото CNBC телеарнасынан алынды. Авторлығы: Reuters / Kevin Lamarque
АҚШ-тың президенті Дональд Трамп сейсенбі күні (18 ақпан) Украина үш жыл бұрын Ресейдің елге басып кіруіне жауапты екенін айтып, Киев қақтығыстан құтылу үшін келісім жасай алатынын мәлімдеді.
«Сіздерге бұны мүлде бастамау керек еді», – деді Трамп Украина туралы, президент Владимир Зеленскийді сынай отырып. Зеленский сейсенбі күні (18 ақпан) Сауд Арабиясында өткен АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздерге Украинаның қатыстырылмағанына алаңдайтынын білдіріп.
«Бұл соғысты тоқтатуға менің билігім жетеді деп ойлаймын және бұл мәселе өте жақсы шешіліп жатыр. Бірақ бүгін мен: «Ой, бізді шақырған жоқ» деген сөздерді естідім. Жақсы, бірақ, сіздер бұл жерде үш жылдан бері жүрсіздер ғой. Сіздер оны бастамауыңыз керек еді. Сіздер келісім жасай алар едіңіздер», – деді президент Трамп Мар-а-Лаго резиденциясында журналистерге.
Бұдан кейін Дональд Трамп сөзін жалғастырып: «Мен Украина үшін келісім жасай алар едім. Сонда олар барлық жерлерін сақтап қалар еді, барлық дерлік. Ешкім өлмес еді, ешбір қала қирамаc еді, бірде-бір күмбез құламас еді. Бірақ олар мұндай жолды (бейбіт келісім – авт.) қаламады», – деді.
Вашингтондағы Украина елшілігі Трамптың мәлімдемесіне қатысты пікір білдіруден бас тартқан.
Ресей мен АҚШ арасындағы Сауд Арабиясындағы келіссөздер қалай өтті?
Сейсенбі күні (18 ақпан) Эр-Риядта Ресей мен АҚШ арасында Украинадағы соғысты тоқтату мақсатында тарихи келіссөздер өтті. Кездесу төрт сағаттан астам уақытқа созылып, тараптар дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіру туралы келісімге қол жеткізді. Бұл қадам «ұзақ мерзімді және тұрақты бейбітшілікке» негіз қалайтыны айтылуда.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров екі елдің елшіліктеріндегі қызметкерлер санын көбейту туралы келісті. Бұл бұрынғы Ақ үй әкімшілігінің саясатынан өзгеше қадам болды. Екі ел жоғары деңгейдегі келіссөз топтарын құруға келісті. Олар қақтығысты тоқтату бойынша түпкілікті келісім әзірлейтін болады.
Келіссөздердің келесі кезеңінде атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізу қарастырылмақ, оған ЕуроОдақ пен Украина қатысуы мүмкін. Ал Сауд Арабиясындағы келіссөздерге Украина өкілдері шақырылмады, бұл президент Владимир Зеленскийдің наразылығын тудырды. Еуропалық көшбасшылар да Украинаның келіссөздерге қатысуы міндетті екенін мәлімдеуде.
Алдыңғы келіссөздерде Украинаның НАТО-ға мүшелігі негізгі мәселелердің бірі болуы мүмкін, Ресей бұндай шешімге үзілді-кесілді қарсы. Путин мен Трамптың жеке кездесуі әлі белгіленген жоқ, бірақ сарапшылар араб жеріндегі келіссөздерді қақтығысты реттеуге жасалған маңызды қадам ретінде бағалауда.
Дональд Трамп Ресей президентін қолдайтынын жиі көрсетіп жүр: «Ресей басып кірген кезде Украинаның соғысқа бармауы керек еді». Фото brookings.edu сайтынан алынды
Дональд Трамп өткен аптада Ресей президенті Владимир Путинмен соғысты тоқтату туралы телефон арқылы сөйлескенін айтқан болатын. Соңғы кездері Трамп Ресей президентін қолдайтын пікірлерді жиі айтып жүр. Өткен айда Fox News-ке берген сұхбатында ол Ресей басып кірген кезде Украинаның соғысқа бармауы керек еді деп мәлімдеген.
АҚШ президентінің кеше (18 ақпан) Сауд Арабиясындағы келіссөздерге қатысты жасаған мәлімдемелерінің қысқаша түйіні мынадай:
Бірінші, АҚШ пен Ресей делегацияларының Эр-Риядтағы кездесуін «өте жақсы» деп бағалады және Украинадағы жағдайды реттеу бойынша келісімге қол жеткізу «сенімі әлдеқайда» күшейгенін айтты;
Екінші, Украинаның ұстанымына көңілі толмайтынын білдірді, «олардың келіссөз үстеліне отыруға үш жылы болды». Украинадағы қақтығысты бірнеше жыл бұрын, ешқандай аумақтық шығынсыз шешуге болар еді, тіпті «ортаңқол делдал да» мұны жасай алатын еді деп есептейді;
Үшінші, Украинада сайлау өткізу идеясын қолдады және Зеленскийдің өте төмен рейтингіне (4%) назар аударды;
Төртінші, «Ресей Киевті қоса алғанда, Украинаның барлық қалаларын 100% жоюға қабілетті, бірақ мұны жасағысы келмейтініне сенімді» екенін жеткізді;
Бесінші, «Украинаға еуропалық әскерилердің жіберілуіне қарсы емес, бірақ АҚШ сарбаздары украин жерінде болмайды» деп кесіп айтты. Украинадағы бейбітшілікке қол жеткізу үшін АҚШ-тың Еуропадағы әскери қатысуын қысқарту қажет емес екенін атап өтті.
«Екі төбет таласса, ортасында қараша үйдің күшігі өледі» деген өмірден алынған мақал дәл айтылған сияқты. Карикатура cartoonmovement.com сайтынан алынды. Авторлығы: Sergei Fedko
Президент Трамп сөзінің соңында ақпан айының соңына дейін Путинмен кездесу мүмкіндігін жоққа шығармады. Екі алып бір-біріне керек екенін түсініп, тіл табыса бастады. Бұл жерде АҚШ-тың мақсаты түсінікті: Қытаймен бәсекеде Ресейді шығыс айдаһарынан алыстау, өзіне жақындау ұстағысы келеді.
«Екі төбет таласса, ортасында қараша үйдің күшігі өледі» деген өмірден алынған мақалды атамнан естіп едім. Ал славян халықтарында «Мырзалар төбелессе, құлдардың кекілі жұлынады» (Паны дерутся, а у холопов чубы трещат) деген нақыл сөз бар. Қандай дәл айтылған, батыстық менмендіктің құралына айналғанын украин халқы кеш болса да, енді түсінетін шығар. Қалай болғанда да, Қазақ елінің бұл соғыстан алатын сабақтары аз емес.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.