Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде экологиялық акциялар ұйымдастырылып келеді. Бұл игі іске «AMANAT» партиясының мүшелері мен еріктілері де белсенді атсалысып, әр өңірде «Таза бейсенбі» акциясын өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алматы облысына қарасты Жалпақсай ауылында өткен экологиялық акция барысында ауыл тұрғындары бірнеше сағаттың ішінде 6 тонна қоқыс жинады. Игі бастамаға «AMANAT» партиясының мүшелері мұрындық болып, оны «Жастар рухы» Жастар қанатының еріктілері мен жергілікті тұрғындар қолдады.
Ауыл көшелерінде жиналып қалған қоқыс тұрғындар үшін өзекті мәселеге айналған болатын. Әсіресе, құрылыс қалдықтары – бетон сынықтары, кірпіштер, тақтайлар мен пластик панельдер көшелер мен бос жатқан жерлерде шашылып жатты. Кей тұрғындар жөндеу жұмыстарынан кейін бұл қалдықтарды арнайы орындарға шығармай, жол жиегіне немесе ашық жерлерге төге берген.
«Бұл қоқыс бірнеше апта бойы жиналмай жатты. Кей тұрғындар жөндеу жұмыстарынан кейін қалдықтарды кез келген жерге тастай салған. Айнала лас болып, қоқыс күн санап көбейе берді. Ал «AMANAT» партиясының мүшелері тазалық жұмыстарын ұйымдастыратынын айтқанда, біз бірден қолдадық. Егер бұл акция болмаса, қоқыс тағы да айлап жатар ма еді», – дейді ауыл тұрғыны Сәуле Айтбекова.
Атырау облысы Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылында «AMANAT» партиясының Жылыой аудандық филиалының «Қара Арна» бастауыш партия ұйымының белсенділері Мәдениет үйі маңы мен орталық алаңды қардан және қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 8 тонна қалдық шығарылды.
Жетісу облысының Алакөл ауданы Ақжар ауылында өткен «Таза бейсенбі» акциясы аясында орталық саябақ маңайындағы ескерткіштер, жаяу жүргіншілер жолдары мен тротуарлар тазартылды. Экологиялық шараға 30-ға жуық адам қатысып, белсенді түрде тазалық жұмыстарын жүргізді. Олардың қатарында жергілікті тұрғындар, еріктілер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен жастар ұйымдарының өкілдері болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар тұрақты түрде өткізіліп, басқа елді мекендерде де жалғасын табатын болады.
Ал Қостанай облысында аманаттықтар жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсетті. Еріктілер мен белсенділер өмірін еңбек пен қоғамның дамуына арнаған Половникова Валентина Антоновна мен Гуря Надежда Антоновнаның үйлеріне барып, аулаларын жинауға көмектесті, қоқыстарды шығарып, шаруашылық бойынша қажетті жәрдем көрсетті.
«Қайырымды жандар зейнеткерлердің аулалары мен үйлерін жинауға көмектесті, қоқыстарды шығарып, айналасын тазалап, шаруашылық бойынша қажетті жәрдем көрсетті. Тазалық жұмыстарынан бөлек, белсенділер қарттармен сөйлесіп, олардың әңгімелерін тыңдап, жаңалықтармен бөлісіп, жүректеріне жылулық сыйлады. Өйткені, егде жастағы адамдарға қамқорлық – бұл тек тұрмыстық міндеттерді орындау емес, сонымен қатар аса маңызды рухани қолдау көрсету», – деді «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов.
Қызылорда облысы Сырдария ауданында өткен эко-акцияда «AMANAT» партиясының мүшелерімен қатар, «Тереңөзек тазалық» коммуналдық мекемесінің ұжымы да арнайы техникаларын қосып, көмек көрсетті. А.Иманов, Жеңістің 50 жылдығы, Н.Ілиясов, Р.Алшынаев көшелерінде тазалық жұмыстары жүргізіліп, қоқыс жиналды.
«Тазалық өзіміз үшін қажет. «AMANAT» партиясы тарапынан жергілікті әкімдікке қарасты барлық ұйым, мекемелермен бірге тазалық жұмыстары апта сайын жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстардың барлығы табиғатқа жанашырлықпен қарау, туған өлкеміздің экологиялық ахуалын сақтауға бағытталуда. «Тазалық – жақсы тазартылған емес, оны сақтай білген жерде болады» демей ме? Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық жерлестерді акцияның тазалық мәдениетін сақтау сияқты негізгі мақсатына жетуіне үлес қосуға шақырамын», – деді партияның Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы.
Солтүстік Қазақстан облысында «Жастар рухы» Жастар қанатының еріктілері қыс мезгілінде егде жастағы адамдарға көмек көрсетуді жалғастыруда. Петропавл қаласында тұратын зейнеткер Тамара Фёдоровнаға жастар қар күреуге жәрдемдесті.
«Жастар нағыз азамат! Өте шапшаң әрі ұйымшыл жұмыс істеді. Жалғыз өзім мұның бәрін тазарта алмас едім. Бірнеше күн бойы қарды күреуге тырыстым, бірақ күшім жетпеді. Көмек көрсеткендеріңізге рақмет!», – деді Тамара Фёдоровна.
«AMANAT» партиясының бастамасымен еліміздің барлық аймағында тұрақты түрде өтетін «Таза бейсенбі» акциясы тек көшелерді тазалаумен шектелмейді. Бұл шараның басты мақсаты – экологиялық сана қалыптастыру, қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін арттыру және қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін нығайту.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдай отырып, партия мүшелері мен еріктілер экологиялық ахуалды жақсартуға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастыра бермек.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.