Енді екі елдің президенті қол қойса болғаны.
100 жылдық араздықтың нүктесі қойылды: Қырғызстан мен Тәжікстан шекара мәселесін шешті
Фото: АКИpress
869
оқылды

2025 жылдың 21 ақпанында Бішкекте Қырғызстан мен Тәжікстанның шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі комиссиялары маңызды құжаттарға қол қойды. Бұл туралы Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Саймумин Ятимов мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz АКИpress басылымына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, келіссөздер екі ел президенттері Эмомали Рахмон мен Садыр Жапаровтың тапсырмасымен жүргізілген.

«Ұзақ әрі күрделі келіссөздерден кейін су-энергетикалық және жол-көлік инфрақұрылымына қатысты құжаттар дайындалды. Бүгін ең маңызды тарихи құжат – Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекараны делимитациялау және демаркациялау туралы келісім парафаланды», – деді Ятимов.

Ол бұл келісімнің екі ел арасындағы ғасырлық дауды шешуге негіз болатынын атап өтті.

«Бұл құжаттар екі елдің жоғарғы мемлекеттік органдарына қарауға ұсынылады. Егер олар заңдастырылса, екі бауырлас халық арасындағы 100 жылға созылған шекара мәселесі түпкілікті шешімін табады. Бұл келісім тек саяси ғана емес, әлеуметтік, мәдени және экономикалық тұрғыдан да маңызды», – деді үкіметтік комиссиялардың тең төрағасы.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.