Германиядағы кезектен тыс өткен парламент сайлауында "Христиан-демократиялық одақ" пен «Христиан-әлеуметтік одақ» партияларынан құралған блок басым түсті. Экзит-полл нәтижесі бойынша сайлаушылардың 30 пайызы одақтастарды қолдаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Олар сайлауалды бағдарламасында экономиканы күшейтіп, салық бойынша жеңілдіктер жасаймыз деп уәде берген. Партияны Фридрих Мерц басқарады.
"Германияға балама" атты әсіре оңшыл партия екінші, ал қазіргі канцлер Олаф Шольцтың "Социал-демократиялық партиясы" тарихтағы ең нашар көрсеткішпен үшінші орынға табан тіреді. Шольц жеңілісін мойындап үлгерді.
Жалпы, саяси додаға 30-ға жуық партия қатысқан.
Еске сала кетейік, бірнеше ай бұрын қазіргі канцлерге сенімсіздік вотумы жарияланған еді. Өйткені басқарушы коалиция бюджет бойынша бір мәмілеге келе алмады. Сондықтан кезектен тыс сайлау өткізу шешімі қабылданған.
"Христиан-демократиялық одақ" жетекшісі: "Бізге жеңіске жеттік. Өйткені біз "Христиан-демократиялық одақ" пен "Христиан-әлеуметтік одақ" партиялары қоян-қолтық жақсы жұмыс істедік. Ендігі міндетіміз – шапшаң әрекет етуге қабілетті және парламенттік көпшілікке ие үкімет құру. Өз ішімізде тез жинақталып, Еуропаға ықпалымызды арттыруымыз керек. Бүгін түні бойы тойлаймыз, ертеңнен бастап бірден іске кірісеміз", – деді Фридрих Мерц.