176 жыл бұрын неміс философы айтқан елес бүгінде Еуропада байқалуда. Бірақ бұл жолы ол кімнің елесі, кімге ұқсайды?
Еуропаны елес кезіп жүр
Еуропаның қауіпсіздігі америкалықтардың күн тәртібіне тәуелді екені анық біліне бастады. Фото alpenlederhosen.com сайтынан алынды
867
оқылды

BBC News трансатлантикалық қатынастардың өзгеретінін мәлімдеген неміс саясаткерінің ұстанымдарына байланысты мақала жариялады. Aikyn.kz британдық медиаға сүйеніп, Еуропада орнаған саяси ахуалды талдайды.

Президент Дональд Трамп: «Бұдан былай Еуропаны тегін қорғамаймыз, ақша төлеңдер». Фото reddit.com сайтынан алынды. Авторлығы: 

ЕуроОдақ елдері Украинаға көмектесуден шаршаған сыңай танытуда. Дональд Трамптың еуропалықтар күтпеген талаптары Одақ басшылары мен саясаткерлерінің үрейін қашырып, әбігерге салды. Халық та экономикалық қиындықтардан шығаратын саяси күштерді таңдай бастады, Германиядағы сайлау нәтижелері осыны көрсетуде.

Жексенбіде (23 ақпан) өткен сайлау нәтижелерін күтпей-ақ, болашақ Германия канцлері Фридрих Мерц Еуропада жаңа дәуір басталғанын жариялады. Еуропаның қауіпсіздігі америкалықтардың күн тәртібіне тәуелді екені біліне бастады.  

Фридрих Мерц – Германияда мерзімінен бұрын өткен сайлауда 28,52% дауысқа ие болып, Бундестагтың 208 орнына ие болған Христиан-демократиялық Одағы / Христиан-әлеуметтік Одағының жетекшісі (ХДС/ХСС). Федеративтік республиканың Конституциясы бойынша сайлауда ең көп дауыс жинаған партияның жетекшісі Бундестагтың бекітуімен Федералды канцлер қызметін атқарады, коалициялық үкімет құрады. Сарапшылар сайлауда жеңіске жеткен консервативті ХДС/ХСС, осыған дейін Канцлер болған Олаф Шольцтың Социал-демократиялық партиясы (SPD) және Жасылдар партиясынан коалициялық үкімет жасақталуы мүмкін екенін айтуда. Бундестагта 208 орын ХДС/ХСС-қа, 120 орын SPD-ға және 85 орын Жасылдарға тиесілі болады. Сонда коалиция Бундестагтың 630 мандатының 413-ін иемденбекші.

ЕуроОдақтың сыртқы саясат ведомствосының басшысы Кая Каллас та 1945 жылдан бері Еуропаға берілген қауіпсіздік кепілдіктерінен АҚШ-тың бас тартуынан қатты алаңдауда. Фото ru.euronews.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP Photo / Virginia Mayo

Кәрі құрлықтың тағдыры АҚШ-ты бұдан былай қызықтырмайтынын түсінген Фридрих Мерц НАТО-ның болашағына күмән келтіріп, Еуропа өзінің қауіпсіздігін өзі ойлап, жедел нығайту қажеттігін мәлімдеген.

Американың ең жақын одақтасының (Германияның – авт.), өзінің адалдығымен танылған атлантист Фридрих Мерцтің осындай қатаң ұстаным білдіруі осыдан бірнеше ай бұрын мүмкін еместей көрінген болатын. Бұл – жер қыртысындағы тектоникалық тақталардың қозғалысына ұқсайды. Еуропадағы ғана емес, әлемдегі қауіпсіздік архитектурасы өзгеріс үстінде.  

Бұл асыра айтылғандай көрінуі мүмкін, алайда соңғы 80 жылда, яғни Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері, трансатлантикалық қарым-қатынастарда мұндай қарама-қайшы көзқарастар болмаған.

АҚШ-тағы Трамп әкімшілігінің 1945 жылдан бері Еуропаға берілген қауіпсіздік кепілдіктерінен бас тарту мүмкіндігі, осы туралы Ақ үй қожайынының мәлімдемелері Еуропаның жетекші елдерін қатты алаңдатуда.

«Телебағдарламада мұндай сөздерді айтамын деп мен ешқашан ойламаған едім.  Бірақ өткен аптада Дональд Трамптың мәлімдемелерінен кейін бұл үкіметтің (АҚШ үкіметі – авт.) Еуропаға аса алаңдамайтыны белгілі болды. Менің ендігі басымдығым – Еуропаны барынша тезірек нығайту, осылайша біз АҚШ-қа тәуелділіктен біртіндеп арыла аламыз», – деді Фридрих Мерц жексенбі күнгі сайлаудан кейінгі пікірталаста.

Вице-президент Джей-Ди Вэнстің Мюнхен конференциясында сөйлеген сөзі Еуропада дүрбелең тудырды. Олар не істеу керектігін білмей отыр. Фото dzen.ru сайтынан алынды. Авторлығы: IMAGO / Nachrichtenagentur

Оның айтуынша, бұл мәселе соншалықты кешіктіруге келмейтіндей өткір, тіпті маусым айында өтетін трансатлантикалық альянс саммитінде НАТО-ның қазіргі формасы туралы сөз қозғаудың өзі күмәнді. Өйткені Еуропа өзін-өзі қорғай алатын жеке қорғаныс жүйесін қалыптастыруы қажет.

Болашақ канцлер Дональд Трамп басқаратын Американы Ресеймен бір қатарға қойып, екеуін де Еуропа үшін қауіп көзі ретінде сипаттады.

«Біз екі жақтан да үлкен қысымға ұшырап отырмыз. Сондықтан мен үшін қазіргі таңда Еуропаның бірлігін нығайту – басты мәселе», – деді Мерц.

Қазіргі Еуропада қалыптасқан жағдайға байланысты осы аптада Вашингтонға еуропалықтардың «үлкен десанты» басталды. Кеше (24 ақпан) Франция президенті Эммануэль Макрон Ақ үйде президент Дональд Трамппен кездесті. Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер ертең (26 ақпан) Вашингтонға барады. АҚШ президенті француз басшысы Эммануэль Макронды Ақ үйдің алдында қарсы алмағанын әлемдік басылымдар жазуда. Кир Стармерді кім қарсы алатынын ертең белгілі болады. Үлкен саясатта протоколдық рәсімдерде ешқандай кездейсоқтық болмайтынын ескерсек, Ақ үй басшысы Еуропадан келген қонақтарына деген сыйластық деңгейін көрсетіп қалды.

Фридрих Мерц FOMO (fear of missing out – маңызды оқиғадан шет қалу қорқынышы) әсеріне ұшырағанын мойындады.

«Біз де осы аптада Вашингтонда болуымыз керек», – деді ол, Германияның Ұлыбритания және Франциямен бірге Еуропаның үш негізгі державасының бірі екенін ескеріп.

Еуропалық көшбасшылардың қатысуынсыз, АҚШ пен Ресей Украина бойынша жеке келіссөздер жүргізуді Эр-Риядта (Сауд Арабия Корольдігі) бастады. Бұл – әлемдегі «үлкен державалар саясатына» қайта оралу белгісі екені айтылуда. Алайда Германия соңғы жылдары еуропалық және жаһандық аренада елеусіз қалған елдердің қатарында қалып қойды. Кетіп бара жатқан Олаф Шольц үкіметі ішкі саяси тартыстар мен сыртқы күштердің ықпалымен әлсіреді. Бұл неміс сайлаушыларының ашу-ызасын туғызып, үкіметтен Германияның ұлттық мүддесіне сәйкес келетін экономикалық, көші-қон саясатын жүргізуді талап етті.

Германияның халықаралық ықпалын қалпына келтіру үшін Фридрих Мерц өз елінің халықаралық қатынастарын жандандыруды негізгі басымдық деп жариялады.

Қазірдің өзінде Берлин АҚШ-тан кейін Украинаға ең көп әскери көмек көрсеткен екінші ірі донор болып саналады. Фридрих Мерц бұл көмекті жалғастыруға дайын екенін жариялағанымен, Франция мен Ұлыбритания сияқты ол Украинаға еуропалық сарбаздарды жіберу идеясына сақтықпен қарайды. Бірақ бұған дейін өз позициясын Германияның жиі өзгертіп келгенін ескерсек (әрине, АҚШ пен Брюссельдің қысымымен – авт.), қазір «жоқ» неміс басшысы ертең өзгеріп қалуы мүмкін.

Жаңа канцлер Фридрих Мерц Германия энергетикалық келісімдерді Америка мен ЕуроОдақ қысымынан қорқып бұзған соң, экономикасы қиын жағдайға тап болғанын түсінеді. Сурет foreignpolicy.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / AFP / Christof Stache/

Германия басшылығы Ресейден келуі мүмкін қауіптерді тым асыра бағалайтын сияқты. Тіпті, өткен қарашада Германияның Ішкі істер министрлігі азаматтарды ықтимал қауіптерден қорғау үшін бомбалардан қорғайтын бункерлер тізімін жасайтынын мәлімдеген. Неміс қоғамының алаңдауында да екі негізгі себеп бар:

Бірінші, Германия Украинаға үлкен көлемде әскери техника жіберді. Екінші, егер Ресей Еуропада тұрақсыздық орнатқысы келсе, үш ірі мемлекеттің біріне қашықтан соққы беруі мүмкін. Франция мен Ұлыбритания – ядролық держава, ал Германия – олай емес. Қазіргі таңда оның қарулы күштері саны жағынан аз, жабдықталу тұрғысынан нашар. Үшінші, Германия Ресейдің арзан газының арқасында экономикалық әлеуеті жоғары болып елді «Солтүстік ағын» (Северный поток) газ құбырларымен байланысты Ресеймен екі арадағы энергетикалық келісімдерді Америка мен ЕуроОдақ қысымынан қорқып бұзып, өз экономикасын қиын жағдайға алып келді.

Егер Дональд Трамп АҚШ әскерін Германиядан шығару туралы уәдесін орындаса, бұл жағдай одан әрі күрделене түспек. Президент Трамп АҚШ-тың Еуропадағы әскери қатысуын едәуір қысқартатынын мәлімдеген болатын.

Бұған жауап ретінде Фридрих Мерц өткен аптада Еуропа үшін жаңа ядролық «қолшатыр» құру идеясын ұсынды. Ол Франция мен Ұлыбритания осы міндетті өз мойнына алуы тиіс екенін мәлімдеді. Бұл – сайлауалды науқанда жақсы естілгенімен, шынайы өмірде жүзеге асуы аса күрделі мәселе. Бұндай қауіпсіздік жөніндегі амбицияларды жүзеге асыруға үлкен қаржы қажет. Еуропаның ең мықты саналып келген Германия экономикасы құлдырап барады.

Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен оның әріптестерінің Украинаны құрал ретінде пайдаланып, Ресейді тізе бүктіреміз деген саясаты бумеранг түрінде Брюссельдің өзіне қайтып келді. Фото eunews.it сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Frederick Florin

Міне, Еуропаның Украинаны құрал ретінде пайдаланып, Ресейді тізе бүктіреміз деген саясаты бумеранг түрінде Брюссельге қайтып келді. АҚШ президентінің жаңа саясаты да Еуропадағы жағдайды ушықтырып жіберді. 

«Өз қауіпсіздіктеріңді өздерің мойындарыңа алыңдар немесе ол үшін Америкаға ақша төлеңдер, бұдан былай Еуропаны тегін қорғамаймыз» деген Дональд Трамптың таза прагматикаға құрылған, АҚШ мүддесін бірінші қойған саясатын дұрыс емес деп айту да қиын.

Әрине, бұның Американың болашағы үшін салдарлары ауыр болғанымен, 47-ші президенттің ұстанымы осындай. Өзінің басты қарсыласы Қытай деп анықтаған Ақ үй басшысы Американы ұлы жасау үшін назарын да, бүкіл ресурсын да сол жаққа бұруға дайындалуда. Оның алғашқы нәтижелерін алдағы 2-3 жыл көрсетер. Ал, қазірше, президент Трамптың елесінен қорыққан Еуропа елдері шынымен алай-дүлей күй кешуде.

«Еуропаны елес кезіп жүр – ол коммунизм елесі. Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!». Фото communist.red сайтынан алынды

176 жыл бұрынғы «Коммунизм елесі» туралы

«Коммунистік партия манифесті» (нем. Manifest der Kommunistischen Partei) – Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің еңбегі. Алғаш рет 1848 жылдың 21 ақпанында Лондонда басылып шықты. Манифесте авторлар Еуропада жаңадан қалыптасып келе жатқан коммунистік ұйымдар мен партиялардың мақсаттарын, міндеттерін және күрес әдістерін жариялап, негіздейді.

Манифест былай басталады: «Еуропаны елес кезіп жүр – ол коммунизм елесі. Ескі Еуропаның барлық күштері бұл елесті қасиетпен қудалау үшін одақ құрды: Папа мен патша, Меттерних пен Гизо, француз радикалдары мен неміс полициясы».

Манифест былай аяқталады: «Билеуші таптар Коммунистік революцияның алдында дірілдесін. Пролетариаттың бұл революцияда өз шынжырынан басқа жоғалтатын ештеңесі жоқ. Ал олар бүкіл әлемді жаулап алады. Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!».

74 жыл бойы Кеңес Одағының саяси идеологиясы осы манифестен өрістеді. Алайда коммунистік идея әділетті, тең және еркін қоғам құруға қауқарсыз болды.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.