Архитектуралық сипаты ерекше кешеннің құрылысы басталды. Жасыл бақтың ортасында орналасқан мөлдір шатырлы кешенде үш сарқырама бар.
2028 жылы үш сарқырамасы бар мөлдір шатырлы кешен салынады
Қала өзінің ғажайып архитектурасымен таңғалдыруын қоймайды. Фото tripadvisor.in сайтынан алынды
852
оқылды

Aikyn.kz атақты сәулет бюросы жасайтын курортымен newatlas.com сайты жариялаған хабарламаға сүйеніп таныстырады.

Жобаның архитектуралық символы – орталық мұнарада орналасқан биіктігі 18 метрден асатын үш сарқырама. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Diller Scofidio + Renfro

Ертегідегідей үш сарқырамасы бар әлемдегі ең биік курорт салу жоспарын Дубай билігі жариялады. Therme Dubai деп аталатын бұл ауқымды жоба биіктігі 100 метр болатын ерекше архитектуралық ғимаратты қамтиды. Мұнда сарқырамалар, бассейндер және әлемдегі ең ірі жабық ботаникалық бақ орналаспақ. Футуристік дизайн мен теңдесі жоқ көріністерді бір өзіне сыйғызған курорт жобасын АҚШ-тың әйгілі сәулет бюросы Diller Scofidio + Renfro жасаған. 

Жасыл бақпен көмкерілген демалыс кешені One Za'abeel зәулім ғимаратына жақын орналасқан, алыстан әлемдегі ең биік ғимарат Burj Khalifa-ға тамаша көрінісімен қуантады.

Жобаның басты сәулеттік символына айналған орталық мұнарада биіктігі 18 метрден тұратын үш сарқырама болады. Мұнара толықтай шыны қабықпен қапталады, бұл кез келген климатта жайлы температураны сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл ғимаратқа ерекше футуристік сипат береді.

Жоғары көтерілу үшін заманауи лифтер немесе баспалдақтар орнатылмақ. Көңіл көтеру мен демалыстың жаңа деңгейі демалыс кешенінің аймағындағы ойын алаңдарымен, су аттракциондары мен сауықтыру аймақтарымен қамтамасыз етілмекші. Басты назар кешен қонақтарының денсаулығын жақсарту мен релаксацияға бағытталған. Келушілер термалды бассейндерде шомылады, минералды ванналар мен бу бөлмелерін пайдаланады, табиғи терапияның ерекше түрлерін тамашалай алады.

Therme Dubai мақтанышы – 200-ден астам өсімдік түрі өсетін алып ботаникалық бақ. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Diller Scofidio + Renfro

Курорт аумағында әлемдегі ең үлкен жабық ботаникалық бақ өсіріледі. Therme Dubai кешенінің мақтанышы – 200-ден астам өсімдік түрі өсетін алып ботаникалық бақ. Жасыл кеңістіктер табиғатпен үйлесім сыйлаумен бірге, экологиялық таза жобалардың біріне айналады. Жоба энергияны үнемдеу қағидаттарына негізделген, бұл оның экологиялық әсерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Болашақтың экологиялық таза сәулеті туралы Дубай үкіметінің баспасөз хабарламасында айтылады:

«Ғимарат дизайны су тазарту, жылыту және салқындату жүйелерінде ең озық технологияларды пайдалану арқылы тұрақты даму қағидаларын ұстанады. Курорт термалды бассейндердегі судың 90%-ын қайта өңдейді; желдету мен салқындатудың 80%-ын таза энергия көздерінен алады; Therme Dubai тек демалыс орны ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен заманауи өнер туындылары қойылатын мәдени орталыққа айналады».

Кешеннің құрылысы 2025 жылы басталып, 2028 жылы аяқталады. Бұл жоба 2033 жылға қарай Дубай тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған ауқымды бастамалардың біріне айналмақшы. Жобалаушы бюроның айтуынша, «Therme Dubai – болашақтың қаласында бой көтеретін футуристік ғажайып!».

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.