Келешек ұрпаққа олардың шығармаларын жеткізудің маңыздылығы да атап өтілді.
Анкарада түркі әлемін зерттеуші ғалымдар бас қосты
Түркі Академиясы
801
оқылды

Анкарада түркі елдерінің тарихын жазу бойынша ортақ академиялық жұмысты талқылауға арналған халықаралық сессия өтті, – деп хабарлайды Аikyn.kz

Жиында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдердің тарих және археология институттарының басшылары, сондай-ақ жетекші тарихшылар мен сарапшылар басқосты.

Түркі елдерінің академиялық тарихын жазу мәселесі 2024 жылдың 6 қарашасында Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммитінде көтеріліп, мемлекет басшылары мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыруды Түркі Академиясына тапсырған болатын.

Түрік тарих қоғамы алаңында өткен семинарға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым, Ататүрік атындағы жоғары кеңес төрағасы Дерья Өрс және Түрік тарих қоғамының президенті Юксел Өзген қатысты.

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген Түркі Академиясының басшысы Шаһин Мұстафаев жобаны қолдаған барлық қатысушыларға алғыс айтып, бұл бастаманың түркі әлемінің ғылыми интеграциясы үшін маңызды екенін атап өтті.

– Бір ғана мемлекеттің тарихын жазу оңай шаруа емес. Ал біздің алдымызда тұтас халықтар мен мемлекеттердің ортақ тарихын жүйелеу міндеті тұр, – деді Шаһин Мұстафаев.

Ол  алдымен ұжымдық монографияның тұжырымдамалық негізін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, академиялық еңбектің қарапайым оқырманға, әсіресе студенттер мен жас зерттеушілерге түсінікті болуы керектігін баса айтты.

Ұжымдық монографияның басты мақсаты түркі әлемі тарихының маңызды кезеңдерін зерттеп, бауырлас халықтардың ортақ тарихи санасын қалыптастыру, жастардың ұлттық мақтаныш сезімін нығайту және түркі өркениетінің бай мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен таныту болып табылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Түркі Академиясының президенті мен тарих және археология институттарының басшылары түркі елдерінің тарихына арналған академиялық еңбекті бірлесіп әзірлеуді көздейтін ынтымақтастық хаттамасына қол қойды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз