Жасанды интеллект оқушыға білім бермейді, дайын жауаптар арқылы өзіне тәуелді жасайды. Бұл технология миға жүктеме салмағандықтан, оқушы сыни ойлау қабілетінен айырылады.
ChatGPT-дің дайын жауаптары оқушыларға білім бермейді, сыни ойлау қабілетінен айырады
Чат-боттың дайын жауаптары оқушыны сыни ойлау қабілетінен айырады. Иллюстрация knowledge.insead.edu сайтынан алынды
897
оқылды

Aikyn.kz оқу процесінде чат-боттарды қолданудың салдарын The Telegraph басылымында жарияланған мақалаға сүйеніп талдайды.

Саналы адам жасаған ЖИ адамдардың ерік-жігерін байлап, ақылынан айыра ала ма? Фото industrywired.com сайтынан алынды

Саналы адамзат таңғаларлық интеллектуалды ЖИ жасады. Енді осы интеллектуалды құрал біздің ерік-жігерімізді байлап, ақылдан айыра ала ма? Бұл мүмкін бе?

Университет пен орта мектептерде жасанды интеллектке қарсы «мағынасыз соғыс» жүріп жатыр. ChatGPT іске қосылғалы бері, тапқыр студенттер мен оқушылар оны эссе жазуға, нақты пәндер бойынша үй тапсырмаларын орындауға белсенді қолдана бастады. Бұрын бірнеше күн бойы ойлауды, еңбектенуді қажет ететін үй тапсырмаларын 3-4 секундта ақылды чат-бот жасап береді.

Ұстаздар да өз кезегінде антиплагиат құралдарын пайдаланып, қарсы әрекет етуде. Бір профессор топтағы барлық студенттерді ChatGPT қолданды деп айыптап, бүкіл сыныпты құлатып жіберген оқиғалар да айтылуда. Дегенмен ұстаздардың бұл әрекеттері жеткіліксіз болып көрінеді. Pew Research зерттеу орталығының мәліметінше, 13-17 жас аралығындағы америкалық жасөспірімдердің төрттен бірі ChatGPT-ді үй тапсырмаларын орындауда қолданатынын мойындаған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Жоғары білім беру саясаты институтының зерттеуіне сәйкес, әрбір сегізінші студент (13%) жасанды интеллекті бағаланатын тапсырмаларды орындауға пайдаланған, ал 3%-ы чат-боттың жауабын мүлдем тексермей тапсырған.

Адам өз миын генеративті жасанды интеллект жүйелеріне беріп жатыр. Фото freepik.com сайтынан алынды

ЖИ сыни ойлау қабілетін әлсіретеді

Көшіріп жазу бұрыннан келе жатқан проблема, бірақ ЖИ-боттар қолжетімді және аса қуатты болғандықтан, зерттеушілер енді олардың оқу және ойлау қабілетімізге қалай әсер ететінін зерттей бастады. Нәтижесі қорқынышты: біз өз миымызды генеративті жасанды интеллект жүйелеріне беріп жатырмыз.

Microsoft және Carnegie Mellon университетінің ғалымдары 319 ой еңбегімен айналысатын адамдардың (ғылым, білім, бизнес және әкімшілік саласындағы мамандар) қатысуымен жүргізілген зерттеу нәтижелерін жариялады. Зерттеу ЖИ құралдарын пайдалану сыни ойлау қабілетін төмендететінін көрсеткен.

«GenAI құралдары ойлау процесіндегі қиындықтарды азайтады, нәтижесінде ой еңбегімен айналысатын қызметкерлердің сыни ойлауына қажет күш салу деңгейі төмендейді», – делінген зерттеу қорытындысында.

Зерттеушілер «технологияларды дұрыс пайдаланбау когнитивтік қабілеттердің төмендеуіне әкеледі, ал бұл қабілеттерді сақтау адам үшін аса қажет» екенін атап өткен. Автоматтандыруға шамадан тыс тәуелділік когнитивтік дағдылардың «атрофияға ұшырап, қажетті сәтте дайын болмауына» әкелетінін ескерткен.

17-25 жас аралығындағы жастар ЖИ-ға ең көп тәуелді болып, сыни ойлау көрсеткіштері бойынша төмен балл жинаған. Иллюстрация awanderingmind.life сайтынан алынды

«Мен сен үшін ойлай аламын»

Тарихта жаңа технологиялардың когнитивті қабілеттер мен ойлау қабілетімізге теріс әсері жайында көптеген ескертулер айтылған. Сократ жазуға тәуелділік есте сақтау қабілетін әлсіретеді деп алаңдаған. 1970-жылдары калькуляторлар пайда болғанда ғалымдар арифметиканы оқыту қиындайды деп қорыққан. Смартфондар мен Google іздеу жүйесі бізді «цифрлық амнезияға» (ақпаратты тез ұмытып, тек іздеу жүйелеріне сүйенуге) әкелуі мүмкін деген пікірлер айтылды. Алайда ЖИ технологиясы оларға мүлдем ұқсамайды.

«Бұрын мен ақпаратты жай ғана басқа жерге сақтайтынмын. Ал қазір бүкіл ойлау процесімді технологияға жүктей аламын. Технология: «Мен сен үшін ойлай аламын» деп айтады», – дейді Цюрих бизнес мектебінің мінез-құлық психологы профессор Михаэль Герлих.

Оның қаңтар айында жарияланған зерттеуінде Microsoft-тың нәтижелерімен ұқсас қорытынды жасалады: «ЖИ құралдарын жиі қолданатын адамдардың сыни ойлау қабілеті төмен екені анықталды». Ең қорқыныштысы, 17-25 жас аралығындағы жастар ЖИ-ға ең көп тәуелді болып, сыни ойлау көрсеткіштері бойынша төмен балл жинаған.

ЖИ чат-боттары ең көп әсер еткен саласы – компьютерлік бағдарламалау. Кейбір бағдарламашылар ЖИ-сыз жұмыс істеудің қиындап кеткенін мойындайды.

«Жақында мен WiFi-ға қосыла алмайтын ұшақта код жазуым керек болды, бірақ ЖИ көмекшісін пайдалана алмайтындықтан, жұмысты мүлдем орындай алмадым», – дейді бір бағдарламашы. Тағы бір бағдарламашы: «Мен өз бетімше код жазуға өзімді мәжбүрлей алмай қалдым», – дейді.

«Адамдар жайлы өмірді қалайды. Егер ЖИ құралы ойлау процесін жеңілдетіп, өмірімізді айтарлықтай жеңілдетсе, біз оны қолдануға бейім боламыз», – дейді Михаэль Герлих.

ЖИ бізге көмекші құрал ретінде де, сыни ойлау қабілетімізге қауіпті құрал түрінде де әсер етуі мүмкін. Технологиялық компаниялар қазірдің өзінде адам интеллектісіне тең болатын ЖИ жүйелерін жасауға миллиардтаған доллар қаржы құюда. Бұл бәсеке күн өткен сайын күшеюде. Бұл бізді «адам миының орнына жасанды интеллект қолдану» дәуіріне жақындатып отыр. 

Бүгінгі оқушы мен студент, ертеңгі ұлт болашағы өз бетінше мәселе шешу дағдыларынан айырылады. Машинаға тәуелді биологиялық нысанға айналады. Сурет linkedin.com әлеуметтік желісінен алынды. Авторлығы: Antonino Spezzano аккаунты

Мәжілістегі заң жобасының мақсаты қандай?

ЖИ қызметкерлердің жұмыс тиімділігін бірнеше есе арттыра алады, уақытын үнемдейді. Дегенмен ЖИ адамның сыни тұрғыдан ойлау қабілетін өшіреді, «ақылды құралға» деген шамадан тыс тәуелділік туғызады. Осылайша бүгінгі оқушы мен студент, ертеңгі ұлт болашағы өз бетінше мәселе шешу дағдыларынан айырылады. Машинаға тәуелді биологиялық нысанға айналады.

Жазу немесе оқу кезінде біздің миымыз ақпаратты жақсырақ есте сақтайды. Аға ұрпақтың сауатты әрі шешен болуының басты себебі – олардың ешкімнің көмегінсіз, өзінің ақыл-ойына сүйеніп, көп оқып, көп жазуында. 

Компьютер, смартфон экранының алдында отырған бүгінгі ұрпақ технологияның арбауынан шыға алмауда. Оларға шектеулер қойып, көмектесу керек. Олар ақылды чат-боттарға сеніп, «бәрін білемін ғой, бәрі маған түсінікті ғой» деген иллюзияның құрбаны болуда. Бұндай сезім адамды ақымақ жасайды, әсіресе, әлі фундаменталды білім алып үлгермеген, өмірлік тәжірибесі жоқ жасөспірімдер үшін бұл өте зиянды.

Мәжілістегі заң жобасының басты мәселесі – ЖИ-дің болашақ ұрпаққа зиянды әсерін болжау, оны болдырмау. Сурет linkedin.com әлеуметтік желісінен алынды. Авторлығы: Zsolt Olah аккаунты

Бүгінгі ата-аналар балаларының смартфон қолдануын шектеуі қажет. Ал, мектептерде смартфон ұстауға мүлдем тыйым салу керек. Ұл-қызының қауіпсіздігіне алаңдайтын ата-аналар балаларына интернетке қосылмаған қарапайым телефон бере алады.

Ұлыбритания сияқты білім жүйесіне көп көңіл бөлетін елдерде мектепте смартфон ұстауға қатаң тыйым салынған. Оқу-ағарту министрлігінің де осы шешімге ертерек келгені интеллектуалды ұлт қалыптастыру мақсатына тезірек жетуге көмектесер еді.

Мәжілісте қаралып жатқан жасанды интеллекті қолдануға арналған заң жобасында басты мәселе – технологияның қауіпсіздігі, экономикалық тиімділігі мен этикалық проблемалары ғана емес, болашақ ұрпаққа әсері де ескеріледі деп үміттенеміз. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.