BBC News жариялаған жаңалыққа сүйенген Aikyn.kz жекеменшік компаниялардың Айға жіберген миссияларының мақсатын түсіндіреді.
Айға сәтті қонған Blue Ghost (Көк елес) ғарыш аппараты Жерден 15 қаңтарда ұшырылған болатын. Фото houstonchronicle.com сайтынан алынды. Авторлығы: Staff Photographer / Raquel Natalicchio
Blue Ghost (Көк елес) ғарыш аппараты Жерден 15 қаңтарда ұшырылған болатын. Firefly Aerospace атты америкалық компания оны Айдың «Дағдарыстар теңізін» зерттеу мақсатында жіберген. Бұл – Жерден көрінетін алып кратер. Миссия – АҚШ-тың NASA ғарыш агенттігі мен жеке компаниялардың бірлескен жұмысының соңғы нәтижелерінің бірі. Тағы бір Intuitive Machines атты компания алдағы бірнеше күнде өзінің Athena аппаратын Айдың оңтүстік полюсіне қондыруды жоспарлап отыр. Intuitive Machines – Айға ғарыш кемесін сәтті қондырған алғашқы жеке компания. Оның «Одиссей» аппараты 2023 жылдың 22 ақпанында Ай бетіне жеткен.
Алайда бұл миссия ұзаққа созылмады. Кеме кратердің жиегіне қонып, шассиінің бір бөлігін сындырып, аударылып қалған. Ал Blue Ghost екі апта бойы Ай орбитасында ұшып жүріп, енді ғана сәтті қондырылды.
Open University-інің ғаламшарларды зерттеуші докторы Симеон Барбер Blue Ghost-ты Айды зерттеуде «сәтті қондырылған, аппараттары толықтай жұмыс істеп тұрған алғашқы жекеменшік ғарыштық жоба» деп атады. BBC Breakfast арнасына берген сұхбатында ол былай деген:
«Олар «Аполлон» дәуірінен бері ұмытылып қалған Айға қону технологиясын қайта жаңғыртты. Ол кезде астронавтар Ай бетіне табан тіреген болатын. Айға жету арқылы біз роботтық аппараттарды ғарышта басқаруды, сондай-ақ өте қиын жағдайларда – қатты ыстық пен суық температурада, шаңды ортада және радиация деңгейі жоғары жерде жұмыс істеу тәжірибемізді шыңдаймыз».
Аполлон-15, Аполлон-16 және Аполлон-17 миссиялары Айдың бетінде осындай көліктермен жүрген. Олар қазір де Жер серігінің бетінде тұр. Мына видеода Аполлон-16 миссиясы көлігінің Айдың бетіндегі сынағы көрсетілген:
Доктор Барбердің айтуынша, Ай көптеген жекеменшік компаниялар үшін маңызды, өйткені ол ғаламды зерттеудің алғашқы кезеңіне айналуы мүмкін. Оның пікірінше, болашақта адамдар Айға қайта қона бастайды, осындай ұзақ уақытқа созылған үзілістің себебі қаржыландырудың жеткіліксіздігі болған.
Адамдар соңғы рет Айға 1972 жылы 19 желтоқсанда «Аполлон-17» миссиясы барысында табан тіреген. «Аполлон» миссиялары адамзат үшін керемет табысты болды, бірақ олар шектен тыс қымбат еді. Астронавтар ол жерде үш күн ғана болып, қайта оралуға мәжбүр болатын, себебі миссиялардың құны миллиардтаған долларды құрады.
Доктор Симеон Барбердің айтуынша, жекеменшік компаниялар шығынды төмендетуі мүмкін, себебі коммерциялық бәсекелестік тиімділікті арттырады. Бұл Айға қонатын арзан модульдерді дамытуға және астронавтарға ауызсу өндіретін жаңа инновацияларды пайдалануға мүмкіндік береді.
Айға қонуға талпынған алғашқы жеке компания – Astrobotic Technology. Олар 2024 жылдың қаңтарында Айға қонуға әрекет жасаған, бірақ отынның ағуынан болған ақаудан аппарат Айға жете алмай, Жерге құлаған. Кеме Тынық мұхитының оңтүстігіне құлар алдында өртеніп, соңғы сәттерінде бірнеше бөлікке бөлініп кеткен.Сәтті басталған Blue Ghost миссиясы Айды зерттеудегі жекеменшік компаниялардың әлеуетін дәлелдеп, ғарышты игеруде жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті. Екі миллиардер Илон Маск пен Джефф Безос бастаған ғарыштық жобалары Марсқа ұшуға және ұзақмерзімді ғарыштық миссияларға, ғарыштық туризм мен коммерциялық тасымалдау бағытында дамып келеді.
NASA мәліметтері бойынша, Айдың бетіндегі реголиттің (борпылдақ топырақ) құрамында 43% оттегі, 5% су, 5% метан, аммиак, сутегі, көмірқышқыл газы сияқты ұшқыш заттар бар. Ай реголитінде гелий-3 және гелий-4 көп. Бұл гелий изотоптары миллиардтаған жылдар бойы Айдың жұқа беткі қабатында жинақталған. 1 тонна реголитте шамамен 0,01 г гелий-3 бар.
Оны термоядролық реакторларда отын ретінде пайдалануға болады. Ол жер бетінде сирек кездеседі және бір келісі 20 миллион доллар тұратын қымбат газ.
Айдан 1 тонна гелий алып келіп, 20 млрд доллар пайда табуға болады. Сондықтан ғарыштық державалардың да, жекеменшік компаниялардың да Айға ұшуға деген құлшынысының артында үлкен саясат пен қаржылық пайда жатыр.
Бұл туралы Aikyn.kz сайты «Айдан 1 000 келі гелий алып келіп, 20 миллиард доллар пайда табуға болады» атты мақалада жазған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.