Сондай-ақ балалары 23 жасқа толғанға дейін ай сайын 524 мыңнан 921 мың теңгеге дейін асыраушысынан айырылуына байланысты сақтандыру төлемі тағайындалады.
«Жомарт» шахтасындағы апат: «Қазақмыс» қаза тапқан кеншілердің отбасына барлық несиесін өтеп берді
Фото: istockphoto
1,282
оқылды

«Қазақмыс» корпорациясы Ұлытау облысындағы «Жомарт» шахтасында қаза тапқан кеншілердің отбасына ұжымдық шарт пен өмірді сақтандыру бағдарламасының міндеттемелерін орындау аясында көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Марқұмдардың отбасының екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы қарыздары толығымен төленді. Төлемдердің жалпы сомасы шамамен 90 млн теңге болды. Әрі қарай отбасылар қаржы ұйымдары алдындағы қарызды өз бетінше өтеуі тиіс.

Бұған дейін «Қазақмыс» барлық отбасына 10 жылдық жалақы мөлшерінде (84 млн теңгеден 142 млн теңгеге дейін) өтемақы және жерлеу рәсіміне 550 АЕК (2,2 млн теңге) көлемінде жәрдемақы төледі. 

Сонымен қатар «KM Life» АҚ сақтандыру компаниясы жерлеу рәсімін атқару үшін әр отбасына 100 АЕК төледі. 

Сондай-ақ балалары 23 жасқа толғанға дейін ай сайын  524 мыңнан 921 мың теңгеге дейін асыраушысынан айырылуына байланысты сақтандыру төлемі тағайындалады. Көрсетілген сомалар жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес индекстеледі,  деп мәлімдеді «Қазақмыс» корпорациясы.

Сондай-ақ қазір қаза тапқандардың туыстарын жұмысқа орналастыру және қазақстандық жоғары оқу орындарында оқитын студент балаларының оқу ақысын төлеу мәселесі қарастырылуда.

Еске сала кетейік, 17 ақпанда «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Жомарт» шахтасында 640 метр тереңдікте тау жынысы опырылып, салдарынан 7 жұмысшы үйінді астында қалып, қаза тапқан еді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.