Aikyn.kz тұрақсыз аймақтарда орналасқан ірі мегаполистердің тізімін roughmaps.com сайтында жарияланған мақалаға сүйеніп ұсынады.
Лос-Анджелес Сан-Андреас жарығында орналасқан, бұл «уақыт бомбасы» деп саналады. Фото pac.ru сайтынан алынды
Сейсмикалық белсенділік – табиғи құбылыс. Бірақ әлемдегі ең көп жер сілкінісіне ұшырайтын қалалар әдетте тұрақсыз топырақта немесе тектоникалық шекаралардың жанында салынған. Бұл оларды үлкен қауіпке ұшыратады. Төменде жер сілкінісі қаупі жоғары 10 қала көрсетілген.
1. Ыстамбұл, Түркия
Ыстамбұл Солтүстік Анадолы жарығының дәл үстінде орналасқан – бұл әлемдегі ең белсенді және қауіпті геологиялық жарықтардың бірі. Ғасырлар бойы бұл аймақ жойқын жер сілкіністеріне ұшырап келеді.
Ғалымдар алдағы бірнеше онжылдықта тағы бір ірі жер сілкінісі болуы мүмкін деп болжауда. Бұл қаланың тарихи сәулетіне және 15 миллион халқының өміріне үлкен қауіп төндіреді.
2. Лос-Анджелес, АҚШ
Лос-Анджелес Сан-Андреас жарығында орналасқан, бұл «уақыт бомбасы» деп саналады. Сарапшылар магнитудасы 8,0 немесе одан жоғары жойқын жер сілкінісі (The Big One) сөзсіз болады деп ескертеді.
Қазіргі заманғы құрылыс нормалары қала инфрақұрылымын нығайтқанымен, жер сілкінісі жағдайында халық тығыз орналасқан аудандар үлкен шығынға ұшырауы мүмкін.
3. Катманду, Непал
Катманду Үнді және Еуразиялық тақталар түйісетін жерге салынған. Аймақ өте қауіпті сейсмикалық белдеу болып саналады. Бұл тектоникалық соқтығысу Гималай тауларын қалыптастырды, бірақ сонымен бірге алып жер сілкіністерін тудырады.
2015 жылы Непалда болған жер сілкінісінде 9000 адам қаза тауып, миллиондаған адам баспанасыз қалды. Жер сілкінісіне төзімді инфрақұрылымның жетіспеуі болашақта мұндай апаттарды одан да қауіпті етеді.
Жапонияда құрылыс нормалары қатал, олар тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Фото nippon.com сайтынан алынды
4. Токио, Жапония
Токио Тынық мұхитының отты белдеуінде орналасқан, ол – әлемдегі ең сейсмоқауіпті аймақтардың бірі. Жапония астанасында жыл сайын мыңдаған жер асты дүмпулері тіркеледі. Қала тарихында ең жойқын зілзала 1923 жыл Канто болды. Апат 140 000-нан астам адамның өмірін қиған.
Жапонияның қатаң құрылыс нормалары адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, бірақ қауіп әлі де жоғары.
5. Мехико, Мексика
Мехико ескі көлдің жұмсақ шөгінді топырағында салынған, бұл сейсмикалық толқындарды күшейтіп, жер сілкіністерінің әсерін арттырады.
1985 жылғы жер сілкінісінде мыңдаған адам қаза тауып, қала ғимараттары қатты зардап шекті. Сейсмикалық қауіпсіздік шаралары жақсарғанымен, тағы бір апатты жер сілкінісінің болу қаупі сақталуда.
6. Тегеран, Иран
Тегеран – 10 миллионнан астам халқы бар мегаполис. Ол бірнеше тектоникалық жарықтарға жақын орналасқан. Қаланың ескі инфрақұрылымы мен халықтың тығыз орналасуы жағдайды одан әрі қиындатады.
Иранда болған бұрынғы жер сілкіністері мыңдаған адамның өмірін қиған, ал Тегеранда күтілетін жойқын зілзала үлкен адам шығынына әкелетін апаттардың бірі болуы мүмкін.
7. Джакарта, Индонезия
Джакарта – әлемдегі ең ірі және ең сейсмоқауіпті қалалардың бірі. Ол да Тынық мұхитының отты белдеуінде орналасқан. Қала Еуразиялық және Үнді-Аустралия тақталарының түйісу аймағында, бұл жерде жер сілкінісі мен цунамилер жиі болып тұрады.
2004 жылы Үнді мұхитында болған жер сілкінісі бүкіл аймаққа тараған жойқын цунами тудырды. 230 000-нан астам адам қаза тапты.
Тайваньның шығысындағы Хуалянь қаласындағы жер сілкінісінің салдары. Фото nytimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Associated Press
8. Бейрут, Ливан
Бейрут – Африка және Араб тақталарының арасында орналасқан. Қалада жер сілкінісі басқа қалаларға қарағанда сирек болса да, оның инфрақұрылымы сейсмикалық дүмпулерге төзімді емес. Егер күшті жер сілкінісі болса, Бейрут ғимараттарының көпшілігі қирауы мүмкін.
9. Сиэтл, АҚШ
Сиэтл Каскадия субдукция аймағында орналасқан, бұл жерде мега-жер сілкінісі болуы мүмкін. Ғалымдар магнитудасы 9,0-ден асатын жер сілкінісі осы аймақта орын алады деп ескертеді. Бұл Солтүстік-Батыс Тынық мұхиты аймағында жойқын зардаптар мен цунами тудыруы мүмкін.
10. Тайбэй, Тайвань
Тайбэй де Тынық мұхитының отты белдеуінде орналасқан, сондықтан мұнда жиі жер сілкіністері болады. Қала заманауи құрылыс нормаларына сай салынған, бірақ тарихта айтарлықтай зардап шеккен жағдайлар да тіркелген.
1999 жылғы Чи-Чи жер сілкінісі 2400-ден астам адамның өмірін қиды, қала сейсмикалық қауіпке осал екенін көрсетті.
2004 жылғы Үнді мұхитында болған жер сілкінісі жойқын цунами тудырған. Фото lenta.ru сайтынан алынды. Авторлығы: David Rydevik
Кейбір ғалымдар қазіргі жер сілкіністері – тектоникалық тақталардың бұрынғы қозғалыстарының жалғасы деп санайды. Бұл апаттардың қаншалықты жойқын болуы мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Еліміздің ең ірі қаласы Алматы да қауіпті сейсмикалық аумақта орналасқан. Сондықтан бізге де жер сілкіністеріне дайын болу үшін инфрақұрылымды күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтитын, табиғи апаттың зардаптарын азайтатын шараларға мән беру маңызды. Сейсмикалық қауіпті болжау мүмкін болмағандықтан, оған әрдайым дайын болу керек.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.