Бұл туралы Ұлттық Банктің 2024 жылға жасаған қорытындысынан белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
2024 жылы ХААЖ (халықаралық ақша аударымдары жүйесі) арқылы жүргізілген ақша аударымдарының жиынтық көлемі 1,05 трлн теңге болды. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 21%-ға төмен.
Шот ашпастан ХААЖ арқылы жүргізілген барлық операцияның 97%-ы Қазақстан мен басқа елдердің арасындағы трансшекаралық аударымдарға тиесілі.
Шетелге жіберілген ақша аударымдарының көлемі – 788,9 млрд теңге немесе ХААЖ арқылы жүргізілген трансшекаралық аударымдардың жиынтық көлемінің 77%-ы.
ХААЖ арқылы жүргізілген осы аударымдарды алушы негізгі елдер – Өзбекстан (29,7%), Ресей (29,4%), Түркия (19,8%), Грузия (6,8%) және Қырғызстан (3,7%). Бұл аударымдардың шамамен 83% «Золотая Корона» жүйесі арқылы жүргізілген.
Шетелден алынған ақша аударымдарының көлемі – 236,8 млрд теңге немесе ХААЖ арқылы жүргізілген трансшекаралық аударымдардың жиынтық көлемінің 23%-ы. Шетелден Қазақстанға жасалған бір аударымның орташа сомасы 300,6 мың теңге болды.
ХААЖ арқылы жүргізілген осы аударымдарды жіберуші негізгі елдер – Ресей (26,1%), АҚШ (13,7%), Оңтүстік Корея (10,3%), Өзбекстан (10,0%) және Түркия (8,6%). Операциялардың 81%-дық үлесі «Золотая Корона» және «Вестерн Юнион» төлем жүйелеріне тиесілі.
Халықаралық ақша аударымдары жүйесі банктік шот ашпай-ақ аударым жасау үшін пайдаланылатынын атап өтеміз. Негізінен, бұл аударымдар жеке тұлғалар арасындағы өтеусіз аударым сипатында болады, - делінген Ұлттық Банк хабарламасында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.