Климаттың өзгеруі – үлкен проблемаға айналды. Антарктиданың мұздықтары еріп қана қоймай, жағалаудағы ірі мегаполистер де мұхитқа батуы мүмкін.
Мұхитқа батқан ірі қалалар
Жағалаудағы ірі мегаполистер мұхитқа батуы мүмкін. Фото vladtime.ru сайтынан алынды
1,830
оқылды

Sciencing журналының есебіне сүйенген Aikyn.kz жағалауларда орналасқан ірі қалалардың ертеңін болжайды.

Мысырдағы атақты Александрия кітапханасы да су астында қалуы мүмкін. Фото tripadvisor.ru сайтынан алынды

Қаншалықты ақылға қонымсыз естілсе де бүгінгі мұхиттың әдемі жағалауында орналасқан бірнеше ірі мегаполис судың астында қалуы мүмкін. Климаттың өзгеруімен күресіміз сәтсіз болған сайын, жағдай ушығып барады. NASA-ның бағалауы бойынша, алдағы ғасырда теңіз деңгейі 1-2 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Кейбір сарапшылар бұл процесті тоқтату мүмкін емес деп санайды.

Теңіз деңгейінің жылдам өзгеруін және қанша аймақтың теңіз деңгейінен төмен орналасқанын ескерсек, келесі 100 жыл ішінде көптеген қалалар Атлантида тағдырын қайталауы мүмкін. NASA-ның болжамдары расталса, алып қалалардың кейбір бөліктері немесе түгелдей қала аумағы мұхит астында қалуы әбден мүмкін.

Мұндай қауіп төнген ең әйгілі қалалардың бірі – Мысырдың Александрия қаласы. Александрия – 5,7 миллион халқы бар, елдегі ең ірі екінші қала және Жерорта теңізіндегі ең үлкен қала. Егер теңіз деңгейі көтерілуін жалғастыра берсе, БҰҰ-ның климаттық сарапшыларының бағалауынша, 2050 жылға қарай бұл қаланың 50%-ы су астында қалады.

Теңіз деңгейінің көтерілуімен бірге Ніл өзенінің атырабы да су астында қалып, өркениеттің ең көне бесіктерінің бірі жойылады.

Джакартаның ондаған ауданы 2020 жылдың 25 ақпанында қатты жаңбырдан кейін су астында қалды. Фото mainstyles.ru сайтынан алынды

Ғаламдық жылынудың қаһарына ұшыраған тағы бір қала – Индонезия астанасы Джакарта. Бұл қала – Индонезияның ең ірі қаласы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы аса маңызды экономикалық орталықтардың бірі саналады. Алайда Джакарта жағалауы жылына шамамен 17 сантиметр төмендеуде.

Бұған қоса, бұл қала – сейсмикалық белсенді аймақтардың бірінде орналасқан. Қаланың басты мәселелерінің бірі – оның батпақты жерге салынғаны. Оған қоса, бұл аймақта 13 өзен ағады, бұл бұрыннан су тасқыны мәселелерін тудырып келеді. Осы факторларды ескергенде, Индонезия үкіметінің 2045 жылға дейін жаңа астана салып, Джакартаны тастау туралы шешімі таңғалдырмайды.

Атлант мұхитындағы Майами (Флорида) да климаттың өзгеруіне байланысты туындаған қатердің алдында тұр. Қалада бар-жоғы 460 000 адам тұрса да, ол үлкен мегарегионның негізі болып саналады.

Майамиді «Латын Америкасының қақпасы» деп те атайды. Бұл оның тарихи маңызына байланысты айтылған. Майами-Дейд округінің 50%-дан астамы теңіз деңгейінен 1,8 метр төмен орналасқан. Ғылыми болжамдар бойынша, 2060 жылға қарай бұл үлкен қаланың 60%-ы су астында қалуы мүмкін. Климаттың өзгеруінің кесірінен Майами су астында қалса, бұл тарихтағы ең ауыр табиғи апаттардың бірі болар еді. 

Климаттың жылынуын болдырмау жолын таппаса, қауіптің өсетіні анық. Иллюстрация SciTechDaily.com сайтынан алынды

Біз әлі климаттың өзгерісін кері қайтарудың жолын таппағандықтан, мұндай болашақтың ықтималдығы артып келеді. Дональд Трамп пен басқа саясаткерлердің көмірсутекті отынды азайту орнына көбейту туралы ұстанымын ескерсек, қауіптің өсетіні анық.

Атлантиданың тағдырын қайталауы мүмкін қалалар қатарына Бангкок (Таиланд), Дакка (Бангладеш), Лагос (Нигерия), Янгон (Мьянма), Калькутта (Үндістан), Манила (Филиппин) және Гуандун-Гонконг-Макао мегаполисі жатады. Осы қалалар мен оларға төнген қауіптер туралы қосымша ақпаратты Sciencing журналынан оқуға болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.