Қазақстан технологиялар, энергетика және денсаулық сақтау салаларында АҚШ-тың жетекші компанияларымен ынтымақтастықты нығайтуда.
Қазақстан мен АҚШ арасында ынтымақтастық артады
Фото: gov.kz
367
оқылды

 

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов пен  Kazakh Invest  ұлттық компаниясының АҚШ-тағы шетелдік өкілі Марат Бірімжанның қатысуымен технологиялық шешімдер, өнеркәсіп, денсаулық сақтау және энергетика салаларындағы ірі америкалық компаниялардың басшылығымен бірқатар кездесу   өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz СІМ ақпаратына сәйкес.

Аталған кездесулерде Қазақстанның инвестициялық әлеуеті, технологиялық алмасу және өндірісті жергіліктендіру мәселелері талқыланды.

Маңызды кездесулердің алғашқысы  Honeywell Technology Experience Center  орталығының өкілдерімен өткізілді. Кездесу барысында өнеркәсіптік автоматтандырудағы инновациялық шешімдер, баламалы авиаотын өндіру, өндірісті цифрландыру және Қазақстанда озық технологияларды енгізу мәселелері талқыға салынды.

Әлемдегі жетекші агроөнеркәсіптік  Archer Daniels Midland  корпорациясымен өткен келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, агросекторға озық технологияларды енгізу және экспорттық жеткізілімдерді кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Бұл кездесуде қазақстандық тарап астықты қайта өңдеу және өсімдік майын өндіру бойынша әлеуетті жобаларды таныстырып, осы салалардағы өндірісті Қазақстанда жергіліктендіруге қолайлығы туралы атап өтті.

Оған қоса,  Pfizer  компаниясымен өткен кездесудің басты тақырыбы  Қазақстандағы фармацевтика саласын дамыту, заманауи биотехнологияларды енгізу және дәрілік заттар өндірісін жергіліктендіру мәселелері жайлы. 

Сондай-ақ технологиялар, қауіпсіздік және цифрлық шешімдер саласындағы ірі америкалық компания  Leidos-пен келіссөздер өтті. Бұл кездесуде интеллектуалды көлік жүйелері үшін технологиялық шешімдерді дамыту, маңызды инфрақұрылым мен өнеркәсіпті қорғау, Қазақстанда озық киберқауіпсіздік жүйелерін енгізу мүмкіндіктері талқыланды.

Бұдан былай қазақстандық делегация өкілдері АҚШ-тың су технологиялары саласындағы жетекші компаниясы  Xylem-мен кездесу өткізді. Аталған кездесу су ресурстарын басқару, су тазарту және сапасын бақылаудың инновациялық жүйелерін енгізу бойынша бірлескен бастамаларды талқылауға арналды. Қазақ тарапы сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жаңғырту үшін  Xylem  компаниясының озық шешімдерін пайдалануға мүдделілік танытты.

Кездесулердің қорытындысы бойынша, Ғабидолла Оспанкұлов америкалық компаниялармен инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге дайындығын растап, америкалық тарапқа негізгі салаларда жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар мен тиімді қолдау тетіктерін ұсынды.