Тбилиси қалалық соты Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды деп танып, оны 9 жылға бас бостандығынан айырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz interfax.ru-ға сілтеме жасап.
Судья Бадри Кочламазашвилидің айтуынша, бұл іс бойынша Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Теймураз Джанашия да айыпталып отыр, оған 300 мың лари айыппұл төлеу міндеттелді. Сотталғандарға бюджеттен 9 миллион лари (2 миллион АҚШ долларынан астам) жымқырды деген айып тағылған.
Сот отырысына Тбилисидегі клиникадан бейнебайланыс арқылы қатысқан Саакашвили өзінің денсаулық жағдайына байланысты үкімді кейінге қалдыруды сұрады, алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Осы ретте Саакашвили өзін кінәлі деп санамайтынын мәлімдеді.
Саакашвили 2021 жылдың 29 қыркүйегінде Грузияға жасырын түрде қайтып оралып, 1 қазан күні Тбилисиде ұсталған болатын. Кейін Рустави қаласындағы түрмеге қамалып, сонда жатқанда аштық жариялады. 8 қарашада оны туыстары мен адвокаттарының келісімінсіз Тбилисидегі (Глдани ауданы) түрме ауруханасына ауыстырды. 20 қарашада Саакашвили Горидегі әскери госпитальға жеткізіліп, аштықты тоқтатты. 2022 жылдың 12 мамырында оны Тбилисидегі азаматтық клиникаға орналастырып, қазірге дейін ол сол жерде ем қабылдауда.
Грузияда Саакашвилиге бірнеше қылмыстық іс бойынша айып тағылған. Ол өзіне қатысты қамауға алу туралы шешімді заңсыз деп санайды, ал тағылған айыптарды жалған деп мәлімдеді.