Адвокаттар, нотариустар, сот сарапшылары мен жеке сот орындаушылары бұл қызметті енді автоматты түрде алады.
Лицензияны санаулы минуттарда қайта рәсімдеуге болады
Фото: istockphoto
428
оқылды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұсынымдары негізінде Әділет министрлігі таяуда лицензияларды қайта рәсімдеу мерзімін 3 жұмыс күнінен 20 минутқа дейін қысқартып,  толығымен автоматтандыру процесін жүзеге асырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұрын адвокаттар, нотариустар, сот сарапшылары мен жеке сот орындаушылары бұл қызметті алу үшін бірнеше күн күтуге мәжбүр болса, енді өтініш автоматты түрде өңделіп, дайын құжат қызмет алушының «жеке кабинетіне» жіберіледі,  делінген Агенттіктің ақпаратында.

Агенттіктің ұсынымдары аясында бұл процестер толық автоматтандырылып, ақпараттық жүйелер интеграцияланды. Соның нәтижесінде қағазбастылық жойылып, бұрын талап етілетін қосымша құжаттарды ұсыну қажеттілігі алынып тасталды. Аты-жөнін өзгерткен тұлғалар туралы мәліметтер автоматты түрде тексеріліп, нәтиже қызметкерлердің араласуынсыз беріледі. Осылайша, лицензияларды қайта рәсімдеу уақыты 98,6%-ға қысқарып, қызмет көрсету процесі айтарлықтай жеңілдетілді.

Қызмет алу процесіндегі бұл жаңашылдық мемлекеттік қызметтерді жетілдіруге бағытталған Кешенді жоспар аясында жүзеге асырылып отыр. Жоспарда 492 шара қарастырылып, оның ішінде 141 қызметті толық электронды  форматқа көшіру, ал 82 қызметті автоматтандыру көзделген.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.