«Атың барда жер таны...» деген қазақтың сөзінің жаны бар. Бұл жердегі ойымыз кешегі өткен заманда қазақ даласына жиі ат ізін салған жат елдің жиһанкездері туралы болып отыр.
Жиһанкез жазбаларындағы Жетісу
200
оқылды

Әсіресе, қазір біз дамыған әлем деп танитын Еуропа елдерінің назары  ұлы дала төріне ертеден түскен екен. Оны тарихи деректерден іздеген адам қиналмай табады. Мысалы, біз осы жолы Жетісу аймағына ат шалдырған екі ұлы жиһанкездің жазбаларын сараптап шықпақпыз.

Аткинсондар ат шалдырған ауыл

Жетісудағы Қапал өңірінің аты көне Еуропа жұр­ты­на ХVIII-XIX ғасырларда мәшһүр бол­­ған екен. Оның ішінде Там­шы­­бұлақтың даңқы әмбеге аян бо­­лыпты. Анығында, Ұлыб­ри­та­ния­да Ұлы даланың бір пұшпағы жай­лы мағлұмат мол екен. Қа­раңыз, қазақтың кең даласы мен тұ­манды Альбион алабының ара­сын байланыстыратын жазба де­рек­терді алғашқы болып сая­хат­ш­ы, жазушы Томас Аткинсон тас­қа басып қалдырғаны тарихтан мәлім. Сонау 1844 жылы Орал мен Ал­тай тауларының аралығындағы Ұлы дала төсін аралап өткен ағыл­шын азаматы Аткинсон Ала­тау­дың етегін де бойлай басып өтіпті. Нақ­тысында, Жетісу өңірінде ше­ру болып жатқан екен. Кезін­де­гі Қапал бекінісінде қыстап, жер­гілікті қазақтардың дәстүрі мен салтына қанық болған сая­хат­шы өңірдің тұмса табиғатына там­­­­саныпты. Ең ғажабы, Томас­тың тұңғыш баласы қазіргі Ал­ма­ты облысының Ақсу ауданына қарасты Тамшыбұлақ ауылында дү­ниеге келген. Томас пен Люси ұлдарына Алатау – Тамшыбұлақ деп ат қойыпты. Қазір Алатау – Тамшыбұлақтан тараған ұрпақ Ұлыбритания мен Америкада тұрып жатыр. Ғажабы, 2016 жылы арғы аталарының кіндік қаны тамған өлкеге тәу ету үшін Аткин­сондардың жаңа буыны Жетісуға келген болатын.

Айтпақшы, ағылшындар әдеп­кі ақсүйектігінен жаңылмай, бір кезде қазақ даласынан дәм тат­қан Томас Аткинсонның қыз­меті мен еңбектері жайлы зер­де­леп, зерттеп жеке кітап жазған. Оның ішінде Аткинсон қазақ ұл­ты­ның 1844 жылы жазып қал­дыр­ған тұрмысы, салт-дәстүрі жайлы қы­зықты деректерге ерекше мән бер­ген екен. Қазіргі британ сая­хат­шылары өркениетке ілескен Тәуел­сіз Қазақстанды тануға да ын­­талы екен. 2019 жылы Талды­қор­ғанға ағылшынның саяхатшы-жазушысы Джон Масси Стюарт кел­ген болатын. Сол кезде 82 жас­қа толған қарт қаламгер Же­ті­су оқырмандарына «Аткинсондар әулетінің Сібір мен қазақ дала­сын­­да бастан кешкендері» атты кіта­бын таныстырған болатын. Ағыл­шын тілінде жарық көрген еңбек Еуропада сұранысқа ие екен. Кітапта Томас пен Люси Ат­­­­кинсондардың Ұлы дала жайлы шынайы жазбалары мен салған су­реттерінің тарихы, олар бірге өмір сүрген қазақ ауылының тағ­дыры жайында нақты деректер жарияланған.

Жалпы, Жетісу, оның ішінде Қа­пал өңірі ағылшын жиһанкезі­нің назарына неге ілікті деген қы­­­­зық сауал туады. Бұл жерде таза та­биғи фактор негіз болғанға ұқ­сайды. Өйткені Қапалдың бір жау­һары – Тамшыбұлақ. 1859-1865 жылдары Жетісуды аралаған ұлы саяхатшы, этнограф Шоқан Уә­лиханов жергілікті халықтың ау­зынан Тамшыбұлаққа қатысты аңызды естіп, хатқа түсірген екен. Шоқан былай деп жазады: «Күн сәулесіне құбылған Тамшы­бұ­лақ­тың тамшылары бірін-бірі сүйген сұл­танның қызы мен мал баққан жал­шы ұлының көз жасы екен. Сұл­танның қызы Баян әр түн сайын осы қасиетті Тамшы­бұ­лақ­тың шипалы суына келіп, ба­сын­дағы ауыр халін айтып жылаған екен. Міне, тамшылап тұрған там­шы­лар – Баян қыздың көз жа­сы-мыс». Кейін Тамшыбұлақ то­пы­рағына Шоқан салған ізбен П.Семе­нов-Тянь-Шанский, Н.Аб­ра­­мов, А.Голубев сияқты орыс өл­кетанушылары келіп, табиғаттың сыйына тамсанып кеткен. Ел аузында жарқабақтан тамшылай аққан судың емдік шипасы жайлы түрлі әңгіме бар. Қыстың көзі қы­рау­да да қатпай, тамып түсетін мөл­дір тамшыда көз, асқазан, сүйек – буын, жүйке ауруларына дәрі болып, дем беретін қасиет бар екен. Ал жарды қаптаған жұқа бал­дыр қол-аяғы қақсаған, буын сыз­даған, сүйегі сырқыраған жан­ға ең қажетті ем-дом дейді. Қазір Там­шыбұлақ Алматы облысының Ақсу ауданына қарайды. Көне Қа­пал бекінісіне, қазіргі ауылдық округ орталығына апаратын жол бойында мөлдіреп жатыр. Көрікті өлкеде тарихи мазмұнға толы орын­д­ар көптеп кездеседі. Нағыз туризм көзіне сұранып тұр.

Жалпақ Жетісу өңіріндегі Қапал өлкесінің атауы қа­зақтың соңғы бір ғасырлық та­ри­хындағы жазбаларда жиі кез­де­седі. Тұмса табиғаттың таңға­жайып сыйы іспетті бұл мекенге орыс отаршыларының аяғы ти­ген­де империялық мақсатты көз­де­ген әскери шенділер «Қапалдың қол­ға өтуі – Ұлы даланың оңтүс­ті­гіне ішкерлей енудегі жеңісіміз» деген көрінеді. Осылайша, Қапал бекінісінің іргесі қаланған.

Рубрук аялдаған қала

Егер «уақыт машинасына» оты­рып, осыдан тура 800 жылдай бұрынғы Жетісу аймағына сапар шегу мүмкіндігі болғанда, біз әй­гілі саяхатшы Вильгельм де Руб­рук­пен жүздесер ме едік... Еуро­па­да емес, өзі­міздің жерұйық ме­­­­кенде. Өйт­кені дәл 7 жарым ға­сыр бұрын көне құрлықты дүбірлеткен француз мәдениетінің өкілі Ұлы дала төсін­де­гі өркениет ошағына қадам бас­­­­қан еді. 

Франция королі IX Людовик­тің елшісі, саяхатшы Вильгельм де Рубрук Жетісуға алғаш рет аяқ ба­сып, керуен жолының тоғы­сын­дағы ірі қалаға келгені жайлы былай деп жазады: «...көптеген кө­пес қатынап тұрған Қаялық де­ген үлкен қала таптық...». Саяхат­шы­ның ағысы қатты Іле өзені аң­­ғарын бойлай өтіп, қазіргі Ал­ма­ты облысының аумағындағы бірнеше арналы өзендерді кешіп өткеннен кейінгі суреттемесі осы­лай аяқталды. Яғни, 1253 жылы IX Людовик патшаның пәрменімен Орталық Азия аймағына сапарға шыққан Рубруктың Жетісуға ке­ліп, көне Қойлық шаһарына бас сұқ­қаны жайлы дерек нақты.

Рубрук жазбаларында «Қая­лық» деп аталған кө­не қа­ла қазіргі Сарқан ауданының ау­­мағында жатыр. Біздің зама­ны­мыздың IX-XII ғасырлары аралы­ғында Жібек жолы бойындағы ең ірі сауда орталығы мен керуен кө­­шінің тоғысында болған қарт Қая­лықтың құпиясы әлі толық ашы­ла қойған жоқ. Шаһар атауы да ауыздан-ауызға көше келе Қой­лық­қа айналған. Тіпті, Жетісудың шы­ғысындағы өркениет оша­ғы­ның нақты қай мекенде қоныс теп­кені жайлы тарихшылар мен ар­хеологтердің арасында ұзақ дау бол­ған екен.

Көне қала шежіресі жайлы тарихи деректерді алғаш­қы болып ұсынған қазақтың бір­туар ұлы Мұхаметжан Тынышбаев бо­латын. Одан әріде Шоқан Уә­ли­­хановтың жазбаларында да Қойлық жайлы қызықты дәйектер кез­деседі. 1964 жылы Жетісу ар­хео­логиялық экспедициясы бар­лау жұмыстарын аяқтап, көне қаланың Сарқан ауданы Антонов ауы­лының іргесінде болғанын анық­таған. Ал 1997 жылы архео­лог Карл Байпақовтың басшы­лы­ғымен Қойлықта қазба жұмыс­та­ры басталды. Көне шаһардың атауы жаңғырып, Антонов есімін ие­ленген ауыл Қойлық аталды.

Қойлық қалашығы әлі күнге дейін құпиясын толық ашпаған та­рихи жәдігер ретінде қалып отыр. Қазба жұмыстарының нә­ти­­жесінде осыдан 7 ғасыр бұрын­ғы өркениет өлшемін қолмен ұс­тат­қан­дай дәйектер табылған. Мә­­селен, сол тұста Жетісу ала­бын­­да буд­да, христиан және ис­лам дін­дері өркениетінің қатар дамы­ға­ны­на дәлел жеткілікті. Аршылған то­пырақ астынан мешіт, шіркеу, храм қалдықтарын көзбен көруге болады. Шығыс моншасы, түрік хамамы сияқты орындар да та­был­ған. Қала ішінде комму­ни­ка­ция желісі де болғанына айғақ бар. Терең көмілген топырақ ас­ты­­нан шыққан қыш құбырлар ғи­мараттарға су жеткізу жүйесінің дамығанынан хабар берсе керек. Әрине, бүгінгі заман үшін 800 жыл бұрынғы өркениет дегеніңіз аңыз ғана...

Бүгінде Қойлық ауылындағы Мағжан Жұмабаев атындағы мек­тептің ұжымы көне тарихтың шы­­­­рақ­шысы болып отыр. Қазба орын­­дарынан табылған жәді­гер­лер оқу орнының музейінде сақ­талуда. Мектептің оқушыларына дейін туған өлкесінің тарихы ту­ра­лы аңыз әңгімені жатқа соғады. Осы мектептің қорында ауыл тұр­­­­ғындары тауып алған қыш құ­мы­ралар, басқа да көне өркениет­тің белгісі бар жәдігерлер көптеп сақ­талған.

Дерекке қарасақ, Қойлықтағы қаз­ба жұмыстары ашық әдіспен жүр­гізіледі екен. Бұл жағдайда ас­пан астындағы үйінділерді жаң­быр суы шайып, жәдігерлерді бүл­­­діріп кетпес үшін қазба қабат­тары қайта көміледі. Өкінішке қа­рай, бұл көне қаланың тарихи кел­бетін қалпына келтіруге ке­дер­гі болып отыр. Яғни, аршылған қаз­баны көруге ынталы адам­дар­дың қорғандарды аралауына жағ­дай жоқ. Бола қалғанда тарихи туризмнің көзі ретінде Қойлық қа­лашығының екінші ғұмырына жан бітер ме еді? 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

Жетісу облысы