The Conversation ғылыми-танымдық журналда жарияланған материалдың негізінде Aikyn.kz теңіз кемелерінің найзағайды азайтудағы рөлін түсіндіреді.
Теңіз кемелерінің отынынан шығатын күкірт оксидтері найзағайдың пайда болуына ықпал етеді. Фото freepik.com сайтынан алынды
Найзағай жерге соғылған кездегі температурасы Күннің беткі қабатындағы температурадан 5 есе жоғары болады. Жерге тәулігіне миллиондаған рет найзағай түседі екен. Ғалымдар найзағайды азайтудың жұмбағын шешкен сияқты. Олар бұны күтпеген жерден тапқан.
Жаңа зерттеуге сәйкес, теңіз кемелерінен шығатын ластану, әсіресе күкірт оксидтері, әлемдегі ең қарқынды кеме қатынасы аймақтарында найзағайдың пайда болуына ықпал еткен. Ал жаңа экологиялық ережелер енгізілгеннен кейін найзағай белсенділігі 50%-ға төмендеген. Мысалы, Сингапур портында, әлемдегі ең белсенді теңіз жолдарының бірінде найзағай картасы осыны көрсеткен.
Ғалымдар жылдар бойы кемелерден шығатын ластанудың найзағайға әсер етуі мүмкін екенін білгенімен, нақты дәлелдер болмаған. Бірақ 2020 жылы күтпеген «эксперимент» болады. Халықаралық ережелер бойынша кемелер күкірт шығарындыларын бір түнде 77%-ға азайтуға мәжбүр болды. Нәтижесі таңғаларлық: найзағай белсенділігі бұл аймақтарда екі есе азайған.
Ең күшті найзағайлар мұхит үстінде болады. Фото newscientist.com сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock / Melidis Alexandros
Кемелер отынды жаққанда ауаға ұсақ аэрозоль бөлшектерін шығарады. Олар бұлттар пайда болу үшін «тұқым» рөлін атқарады, су булары тамшыға, кейіннен мұз кристалдарына айналады. Бұл кристалдар найзағайлы бұлтта көбірек болған сайын, олардың соқтығысуы да артады. Нәтижесінде, электр зарядтары жиналып, найзағайдың түсуіне себеп болады. Күкірт шығарындылары азайған соң, ауада мұз кристалдарының түзілуі де сиреп, найзағайдың жиілігін азайтқан.
Бұл жаңалық тағы бір маңызды сұрақ туындатады. Адамның экономикалық қызметі найзағайға бұған дейін де әсер еткен бе? Енді ғалымдар өндірістік ластанудың найзағайдың жаһандық үлгілеріне әсер ететінін және бұл ұзақмерзімді ауа райы мен климатқа қалай ықпал ететінін зерттеуді жоспарлап отыр.
Кемелер отынды жаққанда ауаға ұсақ аэрозоль бөлшектерін шығарады. Фото swzmaritime.nl сайтынан алынды
Соңғы зерттеу адамның атмосфераға тікелей әсер ете алатынын көрсетті. Кеме ластануын азайту ауа сапасы мен денсаулық үшін пайдалы болғанымен, бұл найзағай мен дауылдардың табиғи құрылымына да әсер етуі мүмкін. Сондықтан ғалымдар бұл құбылысты толық түсіну үшін қосымша зерттеулер қажет екенін айтады.
The Conversation журналында жарияланған материалдың толық нұсқасы «Әлем кеме отынындағы күкірт мөлшеріне шектеу қойды – найзағай тоқтады» атаумен берілген.
Ірі жүк таситын кемелерде төмен сапалы ауыр мазут (bunker fuel немесе heavy fuel oil – HFO) пайдаланылады. Фото ship-technology.com сайтынан алынды
Кеменің отынында күкірт қайдан пайда болады?
Ірі жүк таситын кемелерде және танкерлерде әдетте төмен сапалы ауыр мазут (bunker fuel немесе heavy fuel oil – HFO) пайдаланылады. Бұл отын – мұнай өңдеу кезінде қалған қалдық өнім, яғни ең ауыр және қою түрі.
Ауыр мазуттың құрамында табиғи түрде күкірт көп болады, өйткені шикі мұнайдың кейбір түрлері күкіртке бай келеді. Мұнай өңдеу зауытында жеңіл фракциялар (бензин, дизель, керосин) бөлініп алынғаннан кейін, қалдық ретінде ауыр мазут қалады. Оның құрамында күкірт мөлшері 1%-дан 3,5%-ға дейін немесе одан да жоғары болуы мүмкін.
Кемелер мынадай отын түрлерін пайдаланады:
1. Heavy Fuel Oil (HFO) – ең кең таралған және арзан ауыр отын;
2. Marine Diesel Oil (MDO) және Marine Gas Oil (MGO) – жеңілдеу және күкірт мөлшері аз отын түрлері, негізінен шағын немесе орта кемелерде қолданылады;
3. LNG (Liquefied Natural Gas) – соңғы жылдары экологиялық талаптарға сай келу үшін кейбір заманауи кемелерде сұйытылған табиғи газ пайдаланыла бастады;
4. Very Low Sulfur Fuel Oil (VLSFO) – күкірт мөлшері 0,5%-дан төмен болатын арнайы өңделген отын. Бұл IMO (Халықаралық теңіз ұйымының) 2020 жылдан бастап енгізген жаңа экологиялық стандарттарына сәйкес келеді.
Күкірт – бұл отын құрамындағы табиғи қоспа, ол шикі мұнайдың құрамында болады. Сондықтан ауыр мазутты жаққан кезде ауаға SOx (күкірт оксидтері) бөлінеді. Бұл қоршаған ортаға зиянды әрі найзағай тәрізді құбылыстарға әсер етеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.