2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі енгізіліп, мерекенің жаңа логотипі бекітілді.
Ұлттық салт-дәстүр: халықтың тұрмысы мен ұлттық идеологиядағы орны
istockphoto.com
486
оқылды

Бүгін, 17 наурыз Наурызнама бойынша Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн ұлттық салт-дәстүр арқылы  отбасылық құндылықтарды көрсетуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларды дәріптеуге арналған, – деп хабарлайды Аikyn.kz. Наурызнаманың әрбір күні қоғам өмірінің жекелеген аспектіне арналған.

Ұлттық салт-дәстүр – әр халықтың мәдени ерекшелігін айқындайтын, оның тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты рухани құндылықтар жиынтығы. Қазақ халқының да ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік салт-дәстүрі бар. Бұл сан түрлі дәстүр тұрмыстың барлық салаларын қамтып, адамның күнделікті өмірінде маңызды рөл атқарды. Бүгінде ұлттық дәстүрлердің маңызы одан әрі артып, олар ұлттық идеологияның негізіне айналуда. Бұл мақалада ұлттық дәстүрлердің күнделікті тұрмыстағы рөлі мен идеологиядағы орны жан-жақты қарастырылады.

Ең алдымен, халықтың тұрмысына қатысты әңгімеден бастайық. Қазақ қоғамында отбасы – ең маңызды әлеуметтік институттардың бірі. Отбасылық салт-дәстүрлер “тал бесіктен жер бесікке” дейін өмірдің әр  кезеңінде маңызды рөл атқарады. Бірнешеуіне тоқталып өтейік.

Шілдехана мен бесікке салу. Жаңа туған сәбидің өмірге келуі – бүкіл әулет үшін үлкен қуаныш. Шілдехана тойы баланың өмірге аман-есен келуіне арналған дәстүрлі мереке. Одан кейін нәрестені бесікке салу рәсімі орындалады. Нәресте қырқынан шыққан соң, оған арнап бесік тойы жасалып, сәбиді алғаш рет бесікке бөлеу рәсімі өткізіледі. Бұл дәстүрдің мақсаты – баланың денсаулығын сақтау, дұрыс ұйықтауын қамтамасыз ету және оны таза әрі ыңғайлы жағдайда өсіру. Бесікті көбіне көргенді, көпбалалы аналарға немесе әжелерге бөлеу тапсырылған. Рәсім кезінде арнайы жоралғылар жасалып, шашу шашылады.

Тұсаукесер – баланың алғаш қадам басуына арналған дәстүрлі қазақ рәсімі. Әдетте сәби бір жасқа толып, еңбектеп, қаз-қаз баса бастаған кезде оның жолы ашық, өмірі жарқын болсын деген ниетпен тұсауы кесіледі. Тұсауды жүрісі ширақ, елге сыйлы, көргенді адам кеседі. Дәстүр бойынша тұсау ала жіппен, қойдың майлы ішегімен немесе түрлі-түсті жіптермен байланады. Рәсім барысында балаға ақ жол тілеп, арнайы жыр немесе бата айтылады. Бұл дәстүр – баланың болашағына жақсы тілек білдіріп, оған сәттілік пен береке тілеудің бір көрінісі.

Баланың өсуіне қарай жоралғылар да біртіндеп орындалады. Мысалы, Сүндет той – ұл бала 3, 5 немесе 7 жасында сүндетке отырғызылады. Бұл – мұсылмандықтың бір белгісі. Той жасалып, балаға сыйлықтар беріледі. Ашамайға мінгізу – баланың есейіп, атқа алғаш мінуіне байланысты жасалатын салт. Әдетте 5-7 жас аралығында өткізіледі. Баланың ержетіп, жауапкершілікті сезінуіне бастайтын қадам. Тілашар – бала мектепке барғанда ұйымдастырылатын дәстүр. Ата-анасы немесе туыстары баланың білім алуына ақ жол тілеп, арнайы сыйлықтар береді. Тоқымқағар – жасөспірім атқа мініп, ұзақ сапарға шыққанда немесе ер жігіттік жасқа толғанда арнайы ұйымдастырылатын дәстүр.

Кейін ұл ер жетіп, қыз бой жетіп, өмірдің жаңа кезеңіне қадам басады. Ол жерде де ұлттық салтымыздың өз жоралғылары бар. Жиенқұрық - жасөспірім ер жетіп, нағашы жұртына барған кезде, оған «жиенқұрық» ретінде мал немесе сыйлық беріледі. Бұл – нағашы мен жиен арасындағы байланыс пен құрметтің белгісі. Оң жақта отыру - қыз бала бойжетіп, тұрмысқа шыққанға дейін ата-анасының үйінде «оң жақта» отырады. Бұл оның әлі ата-анасының қамқорлығында екенін білдіреді. Қыз ұзату – бойжеткен тұрмысқа шығатын кезде ұйымдастырылатын той. Қыздың жасауы дайындалып, ағайын-туыспен қоштасу рәсімі өткізіледі. Келін түсіру – ұл үйленгенде жаңа түскен келінді арнайы дәстүрлермен қарсы алу. Оның ішінде беташар, шаңырақ көтеру, келіннің сәлем салуы сияқты рәсімдер бар. Қоныстой – жаңа үйге көшкенде өткізілетін дәстүрлі мереке. Жаңа қоныста береке мен ырыс болсын деген ниетпен жасалады. Балаға енші беру – бала ер жетіп, өз алдына шаңырақ көтергенде, ата-анасы оған отау тігіп, дүние-мүлкін бөліп береді.

Енді әлеуметтік қарым-қатынасқа қатысты дәстүрлерге тоқталайық. Өйткені ұлттық дәстүр тек отбасылық өмірмен шектелмейді, олар адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеуге де ықпал етеді. Бірқатарына тоқталып өтейік. Амандасу – қазақ халқы үшін амандасудың  үлкен мәні бар дәстүр. Кездескен кезде жасы кіші адам алдымен үлкенге сәлем береді. Ер адамдар қос қолдап қол алысып амандасса, әйелдер оң қолын жүрек тұсына қойып, сәл иіліп сәлемдеседі. Қонақжайлылық – қазақ қоғамында қонақ күту – маңызды дәстүрлердің бірі. Үйге келген адамға дастарқан жайылып, қонақкәде жасалады. Үш түрлі қонақ бар: арнайы қонақ (шақырылған), құдайы қонақ (күтпеген жерде келген) және қылқұйрық қонақ (атының жал-құйрығын күзеп, алыстан келген жолаушы). Асар – қиын жұмыстарды бірлесіп атқару дәстүрі. Мысалы, үй салу, шөп шабу, егін жинау сияқты үлкен жұмыстарға ауыл адамдары бірігіп, ақысыз көмек көрсетеді. Жылу жинау – бір отбасы немесе адам қиын жағдайға тап болғанда, ауылдастары, туыстары оған материалдық көмек көрсету үшін жылу жинайды. Бұл – бірліктің белгісі. Ерулік – жаңа көшіп келген көршілерді танысу мақсатында арнайы қонаққа шақырып, дастарқан жайылады. Бұл жаңа көршілермен жақсы қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Көңіл айту – қайтыс болған адамның жақындарына барып, сабырлық тілеп, қайғысына ортақтасу дәстүрі.

Бата беру – жақсылық тілеудің, алғыс айтудың ерекше түрі. Бата – ас қайырғанда, ұзақ жолға шыққанда және жаңа іс бастарда беріледі. Тәбәрік – үлкен тойларда немесе жоралғыларда жиналған жұртқа арнайы естелік сыйлық немесе кәдесый үлестіру дәстүрі.

Аманат – қазақ халқы бір-біріне ерекше сенім артып, жауапкершілікпен қараған. Егер бір адам белгілі бір затын немесе баласын сеніп тапсыратын болса, оны аманат ретінде қабылдап, оған үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сауға – кісі сұраған затын ерікті түрде беру дәстүрі. Әсіресе, жорықтан қайтқан сарбаздардан немесе аңшылардан олжаларын сұрау дәстүрі болған. Байғазы – жасөспірім немесе бала жаңа киім, құрал-сайман алғанда үлкендер оған арнайы сыйлық береді. Ауыз тию – қазақ дастарқанында үлкен кісінің берген тағамынан ауыз тию құрмет болып саналған. Шашу – қуанышты хабар кезінде тәттілер мен құрт-ірімшік шашып, жақсылықтың белгісі ретінде бөлісу.

Енді ұлттық идеологияның негізі жайлы сөз қозғап көрелік.  Жалпы, кез келген мемлекеттің ұлттық идеологиясы оның мәдениеті мен рухани құндылықтарына сүйенеді. Қазақ халқының ұлттық идеологиясында салт-дәстүрлер негізгі тіректердің бірі ретінде қарастырылады. Олар қоғамның тұтастығын, ұлттық бірегейлікті сақтауға ықпал етеді. Салт-дәстүрлер арқылы халықтың сана-сезімі қалыптасып, болашаққа деген ұстанымдары беріктенеді.

Әуелі – тіл мәселесі.  Тіл – ұлттық бірегейліктің негізгі белгілерінің бірі. Салт-дәстүрлер ұлттық тілді сақтауға және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге көмектеседі. Бата беру, айтыс, терме сияқты дәстүрлер арқылы тіл мәдениеті дамып, ұлттың рухани мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі. Қазақ тілінде қалыптасқан тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелдер ұлттық дүниетанымды көрсетіп, идеологияның ажырамас бөлігіне айналады.

Осы ретте қазақ қоғамында ұлттық бірлік – басты құндылықтардың бірі. Салт-дәстүрлер халықты ортақ мүдде төңірегіне топтастырып, қоғамдағы тұрақтылық пен ынтымақты қалыптастырады. Асар, жиын, шілдехана, Наурыз мейрамы сияқты дәстүрлер адамдар арасындағы сыйластықты арттырып, ұлттық бірлікті күшейтеді.

Әрине, ұлттық идеология – халықтың мәдени және тарихи мұраларына негізделген мемлекеттің стратегиялық бағыты. Бұл идеологияда ұлттық салт-дәстүрлер өте маңызды.

Кез келген ел өзінің ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, заман талабына сай дамуды мақсат етеді. Қазақстанның идеологиялық негізінде ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрлердің орны ерекше. Бүгінде ұлттық мәдениетті дамыту мен сақтау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Президент Жолдауларында, мемлекеттік бағдарламаларда ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылуы – осының дәлелі.

Мысалы, қазіргі ұлттық идеология салт-дәстүрлерді сақтай отырып, оларды заман талабына сай бейімдеуді көздейді. Алыс бармай-ақ, ұлттық киімдер сән индустриясына қарайық, қазақтың ұлттық тағамдары заманауи мейрамханаларда көбеюде, ұлттық ойындар халықаралық деңгейде насихатталуда. Мұндай үрдістер ұлттық идеологияның заманауи бағытпен үйлесімді дамуына ықпал етеді.

Сонымен қатар жастардың да жөні бөлек.  Жастар – кез келген елдің болашағы. Олардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру ұлттық идеологияның басты міндеттерінің бірі болып саналады. Салт-дәстүрлер арқылы жастардың патриоттық рухы көтеріліп, олардың өз ұлтына, туған жеріне деген сүйіспеншілігі артады. Қазақ халқы бала тәрбиесіне әрдайым ерекше мән берген. Бесікке салу, тұсаукесер, жеті ата ұғымы – қазақы тәрбиенің негізін құрайтын дәстүрлер. Олар жастардың рухани дамуына әсер етіп, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға баулиды.

Келесі мысалымыз қарапайым дүние болып көрінгенімен, дұрыс бағыт берілсе, орасан зор күшке айналады. Жастардың бойында ұлттық сана-сезімді қалыптастыру үшін салт-дәстүрлердің маңызын дәріптеу қажет. Қазіргі таңда әскери-патриоттық клубтарда, білім беру мекемелерінде ұлттық дәстүрлер негізінде тәрбие беру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар жас ұрпақты елін, жерін сүюге баулиды.

Ұлттық салт-дәстүрлер – халықтың тұрмыс-тіршілігі мен рухани өмірінің ажырамас бөлігі. Олар отбасы құндылықтарын сақтауда, әлеуметтік байланыстарды нығайтуда және шаруашылық жүргізуде маңызды рөл атқарып келеді. Бүгінде ұлттық дәстүрлерімізді жаңғыртып, оларды заманауи өмірге бейімдеу – ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық бірегейлікті сақтау үшін қажет. Сонымен қатар салт-дәстүрлер ұлттық идеологияның негізін құрап, халықтың мәдени тұтастығы мен рухани құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді. Осы құндылықтарды сақтау мен дамыту – еліміздің болашағы үшін маңызды міндет. Ұлттық мұраны келер ұрпаққа жеткізу арқылы ғана біз өз болмысымызды сақтап, дамудың жаңа белестеріне жете аламыз.

Рүстем НҮРКЕНОВ

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.