Бүгінде әлеуметтік желі арқылы сауда жасап, артынан алған дүниесі жарамсыз боп жататын жағдай аз емес. Көпшілігі қайда шағым жазып, не істеу керегін білмей жатады. Саудасын жүргізген парақшаға жаза-жаза шаршайды. Әрі кетсе олардан "біз бұған жауап бермейміз" деген бір ғана хабарлама алар. Осыдан салы суға кетіп, қолын бір сілтей салатындар аз емес. Бүгінгі оқырманымыздың бірі – сондай жан.
Айтуынша, Жаңа жыл алдында Instagram әлеуметтік желісі арқылы науқан жүріп жатқанын байқап, үш баласына 3 iPhone алған. Шарты бойынша қолма-қол ақша аударса, үшеуін бір iPhone-ның бағасымен алуы мүмкін.
"Жаңа жылға балаларымды қуантпақ болдым. Оның үстіне бағасының арзандығына қызықтым. Сөйтіп, қолма-қол ақша болмаған соң несие алып, әлгіні төледім. Шынымен 3 ұялы телефон келді. Балаларымның қуанғаны соншалықты, төбесі көкке жетті. Бірақ бір жұмадан кейін телефонның үшеуі де жанып кетті, қуанышымыз су сепкендей басылды. Енді әлгі компанияға хабарласайын десем, ешқандай байланыс жоқ. Тек төлем жасалған АҚШ-тың компаниясы деп көрсетілген. Бұл жағдайда не істеуге болады? Олардың ісі алаяқтық емес пе? Қазір сол несиені төлеп отырмын", – дейді Алтынай Арыстанқызы (ред. аты-жөні өзгертілген).
Бұл сауалымызға жауап берген Шығыс Қазақстан облысы бойынша заң консультанттары палатасының мүшесі, заң консультанты Гүлжан Берікполова сатып алған дүниенің қандай да бір ақауы шықса, сатушы жөндеп не болмаса ауыстырып беруге тиіс дейді.
– Егер телефонға кепілдік талон (гарантиялық талон) берілген болса, сатушы немесе өндіруші кепілдік мерзімі ішінде тауардың сапасына жауап береді. ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 30-бабының 1-тармағына сәйкес, егер сатып алынған тауарда ақау анықталса, тұтынушы: тауарды жаңа, сапалы тауарға айырбастауға; Ақауды тегін жөндетуге; Ақшасын қайтарып алуға құқылы.
Егер телефон несиеге (кредитке) сатып алынса, ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 24-бабына сәйкес, сатушы немесе өндіруші кепілдік мерзімінде жөндеу немесе айырбастау міндеттемелерін орындауға тиіс. Бұл жағдайда өндіруші зауытқа немесе сатушыға ресми шағым (претензия) жолдауы қажет. Егер олар жауап бермесе, сотқа жүгінуге болады, – дейді Гүлжан Берікполова.
Ал алаяқтық бойынша істерді қарайтын Абзал деген заңгер оқырманның бұл жағдайын алаяқтық деп тапты.
– Сіздің жағдайыңызда алаяқтық және тұтынушы құқықтарының бұзылу белгілері бар. Төмендегі заңды әрекеттерді орындауға кеңес беремін:
1. Банкке шағым түсіру (чарджбэк рәсімдеу):
Егер төлемді банк картасы немесе несие арқылы жасаған болсаңыз, банкіңізге "чарджбэк" рәсімдеуге өтініш жазыңыз.
Өтінішке тауардың сапасыздығы және сатушымен байланыс жоқ екенін көрсетіңіз.
Егер банк сіздің пайдаңызға шешім қабылдаса, төлемді қайтаруы мүмкін.
2. Полицияға арыз жазу:
ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тергеу басталуы үшін полицияға арыз түсіріңіз.
Дәлелдер жинаңыз: төлем чектері, телефондар жанып кеткен фотолар, сатушымен хат алмасу (егер бар болса).
Егер басқа да жәбірленушілер болса, бірігіп арыз жазу күшейтілген тергеуге ықпал етеді.
3. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағым
E-otinish.kz порталы арқылы онлайн шағым қалдырыңыз.
Егер бұл компания Қазақстанда тіркелген болса, тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті сатушыға шара қолдануы мүмкін.
4. АҚШ-тағы сатушыға шағым беру:
Егер төлем PayPal, Stripe, Visa/Mastercard арқылы жасалса, оларға ресми шағым түсіруге болады.
Amazon, eBay немесе басқа платформалар арқылы сатып алынған болса, олардың дауларды шешу қызметіне жүгініңіз.
5. Несиені уақытша тоқтату туралы банкке өтініш
Егер банкпен келіссөз жүргізіп, алаяқтық құрбаны болғаныңызды дәлелдесеңіз, несиені уақытша тоқтату немесе қайта қарау мүмкіндігі бар.
Банктің қауіпсіздік қызметіне алаяқтық жасалғаны туралы хабарлаңыз.
Қорытынды:
Сатушымен байланыс жоқ болғандықтан, заңды органдарға жүгіну – жалғыз тиімді жол.
Банктен төлемді қайтару мүмкіндігін қарастырыңыз.
Полицияға және тұтынушыларды қорғау органдарына шағым түсіріңіз.
Осыдан кейін іс орнынан қозғалады. Әрбір адам өз құқығын қорғай білуі керек, – деді ол.