«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ («ҰАТ» АҚ) қолдау көрсететін жобалардың цифрлық экожүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Техникалық жұмыстар 2025 жылғы 20 наурыз сағат 23:00-ден 21 наурыз сағат 08:00-ге дейін жүргізіледі. Уақыт аралығы пайдаланушылардың ең аз белсенділігі ескеріле отырып таңдалды, бұл мүмкін болатын қолайсыздықтарды барынша азайтуға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Осы кезеңде келесі мемлекеттік электрондық сервистердің жұмысы уақытша шектеледі:
* eGov.kz порталы мен eGov mobile мобильді қосымшасы («Цифрлық құжаттар» сервисін қоса алғанда);
* e-Otinish, E-license порталдары және Ашық үкімет жүйелері;
* Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы (ҰКО) сервистері;
* «ҰАТ» АҚ сүйемелдейтін өзге де жобалар;
* Электрондық үкімет шлюзі арқылы интеграцияланған екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларындағы және басқа жүйелердегі мемлекеттік қызмет көрсету сервистері.
Осыған байланысты, «ҰАТ» АҚ қызметтерді пайдаланушыларға барлық қажетті операцияларды алдын ала аяқтауды және техникалық жұмыстар кезінде құжаттарды ұсыну қажет болған жағдайда олардың түпнұсқаларын дайындауды ескертті.