Қазір өңірдегі оқыс жағдайға байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды.
"Бір баланың жағдайы ауыр": Жамбыл облысында балабақшада инфекция жұқтырған 10 бүлдіршін ауруханаға түсті
1,013
оқылды

Жамбыл облысында жекеменшік балабақшаның 10 тәрбиеленушісі ауруханаға түсті. Жедел жәрдеммен жеткізілген бүлдіршіндердің тоғызынан асқазан инфекциясы анықталған. Ал жансақтау бөлімінде жатқан бір баланың жағдайы ауыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап. 

Дәрігерлер баладан қауіпті энтеровирус белгісін тапқан. Бүгін тағы үш мектеп оқушысы осындай диагнозбен ауруханаға жатқызылды. Алайда қауіпті вирустың түрі мен тарау ошағы әзірге белгісіз.

Меркі ауданындағы мектепке дейінгі білім беру орталығының балалары 14 наурыздан бастап ауруханаға жеткізіле бастады. Басы айналып, дене қызуы көтерілген балалар бірінен кейін бірі жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер ішек инфекциясы табылған тоғыз баланың жағдайы тұрақталғанын айтады. Ал жансақтау бөлімінде жатқан бүлдіршін мен бүгін түскен үш мектеп оқушысына санавиация шақыртылған.

– Іші өтіп, құсып, дене қызуы көтерілген. Санавиация шақыртылды. Реаниматолог инфекционисі толық құрамда, – дейді Меркі ауданы ауруханасының бас дәрігер міндетін атқарушы Анеля Мұхаева. 

Қазір өңірдегі оқыс жағдайға байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар балалардың үйін аралап, инфекцияның таралу аумағын анықтауға кіріскен. Әкімдік мамандары балалар астан уланбаған деген болжам айтуда. Өйткені балалар бір мезетте емес, араға бірнеше күн салып ауруханаға түсті дейді.

– Астан уланатын болса, олар жаппай уланады ғой. Жаппай ауруханаға түседі. Ал мына жерде 14-і күні бір бала түскен. Келесі күні түседі. 17-сі күні төрт бала түседі. Одан кейін осы ауруханада жағдай тіркелді деп берді. Соған байланысты біз бар жұмысты жүргізіп жатырмыз, – деді Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков. 

Әзірге мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндерінің нақты неден уланғаны белгісіз. Ал сараптаманың алдын ала қорытындысы бірнеше күннен кейін белгілі болмақ.

Қазір балалар жаппай уланған білім беру орталығының есігі тарс жабылған. Мамандар мұнда дезинфекция жүргізілетінін айтады. Ал мұндағы қоғамдық тамақтануды осы орталықтың құрылтайшысы өзі жүргізгені белгілі болды. Қазір тазалық талабын сақтамағаны үшін қылмыстық іс қозғалып, тексеріс жүргізіліп жатыр.