19 наурыз – наурызнама бойынша Жаңару күні.
Жаңару күні: табиғатты түлету – болашақ үшін игі іс
Фото: istockphoto
774
оқылды

Көктемнің алғашқы күндерінде табиғат жасыл желекке оранып, жаңара бастайды. Осы орайда Қазақстанда 19 наурыз – Жаңару күні болып белгіленіп, бұл күні дәстүрлі түрде көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл бастама – экологияны қорғау, табиғатты қалпына келтіру және климаттық өзгерістерге бейімделу үшін маңызды қадамдардың бірі,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі енгізіліп, мерекенің жаңа логотипі бекітілді. Наурызнаманың әрбір күні қоғам өмірінің жекелеген аспектіне арналған.

Орман алқаптарын ұлғайту бастамасы

Бүгінде орман алқаптары ел аумағының небәрі 5%-ын құрайды. Ормандарды көбейту экологиялық тепе-теңдікті сақтаумен қатар, елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етеді. Мемлекет басшысы елде орман қорын ұлғайту барша халықты біріктіретін ұлттық идеяға айналуы тиіс екенін бұрыннан айтып келеді және осы бағытта нақты тапсырмалар да берді.

Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін ел аумағында 2 миллиард түп ағаш отырғызу туралы тапсырма берген болатын. Бұл жобаның мақсаты – Қазақстанның орман қорын кеңейтіп, табиғи экожүйені қалпына келтіру. Осыған байланысты еліміздің әр өңірінде жыл сайын ағаш отырғызу науқандары жиі ұйымдастырылады.

Сонымен қатар орман алқаптарын, ұлттық парктер мен қорықтарды заманауи өртке қарсы жүйелермен, арнайы техника және құрал-жабдықтармен жабдықтау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Былтыр орман шаруашылығы тарихында алғаш рет 1 384 бірлік өртке қарсы техника мен 921 бірлік тіркеме және аспалы жабдықтар сатып алуға 52 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек, 900 мың гектардан астам мемлекеттік орман қоры өртті ерте анықтау жүйесімен қамтылды.

Арал маңына сексеуіл егу жұмыстары

Арал теңізінің тартылуы аймақтың экологиялық ахуалын күрделендіре түсті. Құрғаған теңіз түбінен атмосфераға көтерілетін тұзды шаң Қазақстанмен қатар, көршілес елдерге де кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты Мемлекет басшысы 1,1 млн гектар алқапқа сексеуіл егу туралы тапсырма берді. Бүгінде Арал маңында сексеуіл егу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.

Сексеуіл – шөлді жерлерде өсетін, топырақты эрозиядан қорғайтын, құмды көшкіндерден сақтайтын өсімдік. Бір түп сексеуіл шамамен 4 тонна құмды ұстап тұра алады. Сондықтан бұл өсімдік құрғақшылыққа ұшыраған өңірлер үшін ерекше маңызға ие.

Жақында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Парламент комиссиясының отырысында Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл егу жұмыстары қалай жүріп жатқаны жөнінде мәлімет берді.

Министрдің айтуынша, 2021-2024 жылдар аралығында Қазақстанда Арал теңізінің 475 мың гектар алқабына ағаш отырғызылған. Орман мелиорациялық жұмыстардың аясында 2 083,4 тонна сексеуіл мен галофит өсімдіктерінің тұқымы себіліп, 45,2 миллион сексеуіл көшеті егілді. Сондай-ақ 197 мың гектар аумақта орманның табиғи жолмен қалпына келуіне ықпал жасау жұмыстары жүргізілді.

– Арал теңізінің құрғаған түбінің 2,8 млн гектары Қазақстанға тиесілі. Арал теңізінің экологиялық апатының кері әсерін азайтудың ең қолайлы жолы – құрғаған түбіне орман өсіру, сол арқылы борпылдақ тұздың бетін бекітіп, құмның жылжуына тосқауыл қойылады. Тәуелсіздік алғаннан бастап 2020 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбінде 195 мың гектар аумақта өсімдік отырғызу жұмыстары жүргізілді. Табиғи жолмен өскен ағаштарды қосқанда, жалпы орман алқабы 337 мың гектарды құрады. 2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 1,1 млн гектар алқапқа сексеуіл егу жұмыстарын бастадық, – деп нақтылады Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Еліміздегі орман алқаптарын кеңейту және сексеуіл егу жұмыстарының нәтижесінде экологиялық жағдай біртіндеп оңалып келеді. Қазақстанның әр өңірінде жасыл желектің көбеюі ауа сапасын жақсартып, климаттың өзгеруіне бейімделуге мүмкіндік береді. Ал Арал маңында жүргізілген орман мелиорациясы аймақтағы шаңды дауылдардың азаюына және жергілікті биоалуандықты қалпына келтіруге ықпал етеді деп жоспарланып отыр.

Экологтердің айтуынша, бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыру өте маңызды. Себебі жасыл желекті көбейту арқылы топырақ эрозиясын азайтуға, су балансын сақтауға және адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік бар.

19 наурыз – Жаңару күні табиғатқа деген қамқорлықтың белгісі ретінде еліміздің әр өңірінде ағаш отырғызу дәстүрін жалғастыруға тамаша мүмкіндік береді. Ал Қазақстандағы орман алқаптарын ұлғайту және Арал маңына сексеуіл егу жұмыстары экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды қадамдарының бірі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.