Наурыз мерекесі қарсаңында тұрғындар жаңа қонысқа көшті.
Шымкентте 35 отбасы үйлі болды
Фото: gov.kz
396
оқылды

Шымкентте 35 отбасы жаңа үйге көшті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала әкімінің тапсырмасымен өткен жылы Көксай шағынауданын жаңғырту тұжырымдамасын жүзеге асыру басталған. Іске қосылғалы 22 отбасына тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік берілді.

Тұжырымдаманың негізгі кезеңдерінің бірі – тұрғындарды тозығы жеткен үйлерден бөлме саны бірдей, әрленген жаңа қонысқа көшіру. 

Наурыз мерекесі қарсаңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Нұрлыбаев көшесі, 4, 9, 14 үйлерінде тұратын тағы 35 отбасына жаңа пәтер кілтін салтанатты түрде табыстады. Тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтап, заманауи жайлы баспанаға көшу азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Қаланың осынау тарихи бөлігін заманауи және абаттандырылған шағынауданға айналдыруға бағытталған тұжырымдама жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, мегаполистің келбетін жақсартуға мүмкіндік береді. Жақын арада осы ауданда тұратын тағы 159 отбасын көшіру жоспарлануда.

Жобада көпқабатты тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды, саябақтар мен скверлерді, аудан әкімдігінің ғимаратын, спорт кешенін кезең-кезеңімен салу жоспарланған. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған мектепті кеңейту және көпфункционалды сауда-логистикалық орталығын құру көзделген.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.