СІМ өкілдері визасыз режим еңбек қызметі, білім алу және тұрақты тұру үшін қолданылмайтынын ескертеді.
Қазақстандықтар үшін тағы бір елмен визасыз режим күшіне енді
Фото: СІМ баспасөз қзыметі
589
оқылды

2025 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Марокко Корольдігінің Үкіметі арасындағы Визалық талаптардан өзара босату туралы келісім өз күшіне енеді,  деп хабарлайды Aikyn.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келісім екі ел азаматтары – ұлттық паспорт иелері үшін визалық талаптардың күшін жоюды қарастырады. 

Бұл Қазақстан Үкіметі бекіткен екіжақты келісімнің арқасында мүмкін болды. Сонымен қатар  төлқұжаттардың жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін кемінде үш ай жарамды болуы керек. Құжат Қазақстан мен Марокко азаматтарына 180 күн ішінде елде болу мерзімі 30 күннен аспаса, визасыз әр елдің шекарасынан еркін өтуге мүмкіндік береді.

Бұл келісім туристік, іскерлік және мәдени байланыстардың дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады,  делінген ведомствоның мәліметінде.

Сонымен қатар Черногория билігі Қазақстан Республикасының азаматтары үшін визасыз режимді 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Бұған қоса, Оман Сұлтандығының Сыртқы істер министрлігі ұлттық паспорттары бар Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимнің ұзартылғанын жариялады. Енді ҚР азаматтары Оман аумағында 30 күнге дейін бола алады, ал бұрын бұл мерзім 14 күн болған еді.

Осы ретте СІМ өкілдері визасыз режим еңбек қызметі, білім алу және тұрақты тұру үшін қолданылмайтынын ескертеді.